astana-view

Дінмұхамед Әбсаттаров: «Атыраудың әлеуеті тек қана «Қара алтында» емес»

2019 жылғы 25 Қаңтар
4786 просмотров

Бүгін сіздерге күн нұры көк теңізге шағылған Атырау аймағын барынша ашуға тырысайын.  Бұл аймақта «қара алтын» бұрғылап, өз істерін дөңгелетіп отырған ірі кәсіпорындар мыналар:

«Теңізшевройл» ЖШС 

 «ЕмбіМұнайГаз» АҚ өндірістік филиалы

 «ҚазМұнайГаз»Барлау.Өндіру АҚ

NCOC Атырау мұнайөңдеу зауыты

Айтпақшы, «Теңізшевройлды» ұлғайту жобасы Қазақстандағы соңғы 10 жылдағы ең ауқымды жоба. Бұл жобаға 40 млрд доллар бөлінген. Сондай-ақ, Қарашығанақ та 4,5 млрд доллар көлеміндегі қаржыға кеңейтілген болатын.  2015 жылмен салыстырар болсақ, мұнай саласы 2017 жылы бір трлн теңгеге артып, 2,3 трлн теңгені құраған.

Бұның барлығы міндетті жарна ретінде бюджетке түсетін экономикалық пайда деспек те болады. «Talap» аналитикалық орталығының ақпаратына сүйенсек, салыққа түсетін 90% салымды шикі мұнай және ілеспе газ саласындағы 10% кәсіпорын береді екен. LS Analyticsтің мәліметтеріне жүгініп көрелік. Тізім басындағы 100 салықтөлеуші кәсіпорындардың алғашқы 12 еліміздің алпауыт донорлары екен!

«Ал, осындай жүйелердегі жергілікті қамту үлесі (ЖҚҮ) қанша?» деп сұрар болсаңыздар мен сіздерге өте қызықты сандардан тұратын мәлімет берейін. Арғы жағын өздеріңіз пайымдап аларсыздар.

«Теңізшевройлдың» тауарларды сатып алу, жұмыс және қызметтерінде ЖҚҮ төмендегені байқалады. Мәселен, 2015 жылы ЖҚҮ  47,3% болса, 2017 жылы 28,7% құрап отыр. Ал, Қарашығанақ  Петролиум Оперейтинг пен NCOC керісінше ЖҚҮ жоғарылаған. Біріншісі 45,1%  дан 54,1%, екіншісі, 27,7% дан 32% құрап отыр.

Егер, атқарылатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге бөліп қарар болсақ ЖҚҮ ұңғыма қазу және салу(6-7%), геологиялық және геофизикалық қызметтер (10-12%), жобалау және инженерлік салаларында да байқалады(ТШО өзінде ғана бұл көрсеткіш 53,9%).

Атырау облысында мұнай саласынан бөлек машинақұрастыру саласының қарқыны өсуде. 2017 жылы машинақұрастыру компаниялары өнімдерінің көлемі 32,2 млрд теңгені құрап отыр.  2016 жылға қарағанда төмен (43,5 млрд) дегенімізбен ауыз толтырып айтуға ьұрарлық сандар. Бұл саланың Ресей, Жапония, Қытай және Оңт.Корея елдерінен келетін импорттарға тікелей тәуелді екенін ұмытпаған жөн.

Айналып келгенде бұның барлығы білікті мамандардың жетіспеушілігінен туындап отыр. Ал, мемлекеттің дамуының басты көрсеткіші адамдар екені бесенеден белгілі.

Алайда, өмірде оқиғалар кейде мүлдем басқаша өрбиді. Мұнай және газбен айналысатын компаниялар жұмыс күшін сырттан тартып, күрделі жұмыстарды аутсорс арқылы соларға жүктеп жүр.

Мысалы, ливан компаниясы ТШО 3GP зауытын салуға 1,5 млрд долларға келісім жасасқан. Тұрік компаниясы 400 млн долларға шоқтық ұңғымасын орнатуға келісім, италияндықтар 450 млн долларға, «Веллострой» Ресей компаниясы 3GI зауытын салу үшін 300 млн долларлық келісім жасаған.

Көпке топырақ шаша алмаймыз. Бізде де шетелдік компаниялардың талаптарын қысқа мерзімде сапалы орындай алатын компаниялар бар. Сондай компаниялардың бірі атырау қаласында орналасқан  ақтөбелік «Каспий плюс» ЖШС. Қазіргі таңда бұл компания ондаған миллион долларлық қосымша құрылғылардың 500 астам түрін импорттап отыр. Бұл ұңғы қашаулары, бекітпе материалдары, иілгіш сымдар, құрылыс анкерлері, жез талшықтар секілді материалдар. «Каспий плюс» ЖШС ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін ондаған сұраныстар түсуде. Сондай-ақ, басқа мемлекеттерде қызмет көрсететін Schlumbergerден ұсыныс түсуде. Бұл - ойланатын мәселе!

Ал, енді демдеріңізді ішке алып, мына бір сәтке мұқият дайын болсаңыздар екен.

Аймақта 2017 жылдың өзінде ЕАЭО елдерінен кіретін 13 түрлі тауардың жалпы құны 14,3 млнды құрап отыр! Бір қызығы, сырттан келетін бұл тауарлар өз елімізде де өндіріледі және көлемі де жеткілікті.

Сырттан бізде жоқ ештеңе кірмеген. Ет, құс еті, сүт өнімдері, сыр, ірімшік, ұн, өсімдік майы секілді тауарлар, тіпті, жұмыртқа да бар.

Сырттан келген тауарды аймақтық кәсіпкерлер де ұсына алатын болғандығымен санасып жатқан ешкім жоқ. Сонда Ресейден келетін жұмыртқа өз еліміздің жұмыртқасынан арзан ба әлде, дәмінде өзгешелік бар ма? Белорустердің қойытылған сүті сүт екен де, біздің қойытылған сүтіміз қойыртпақ па?   Бұл бір қызық іс болып тұр.

 

Деректер мен дәйектерден құралған мына ақпаратты да ұсына кетейін.  Бекіре балығын өсіруде Атырау облысының алда екені бәрімізге белгілі. Елімізде өндіріс үшін де бекіре балығын аулауға тиым салынған.  Бұл бекіре өсірушілерге тиімді. Ресей мен ҚХР бекіре импорттаудың көлемі 17%. Еліміз бойынша  балық өнімін пайдалану 195 мың тонна екен.

Оның үстіне сыртқы нарықтың да сұранысы күн санап артуда. РФ, Украина, Әзірбайжан, Өзбекстан, Армения,  Тәжікстан, Грузия және ЕО елдерінен Германия, Польша, Франция, Латвия сынды елдер балық саудасы бойынша жылына жүздеген миллион доллар табуда. Осы елдердің арасынан Қазақстан да ойып тұрып орын ала алады. 

Бірақ, іс жүзінде бәрі бақаша. 2017 жыл қорытындысы бойынша 11 мың тонна өндірген. Ал, жоспар бойынша 14,4 мың тонна өндірілуі керек еді.

Бұның барлығына осы саладағы көлеңкелі бизнес кінәлі. Атырау облысының Исатай және Құрманғазы аудандарында бұл бизнес қарыштап тұр! 2017 жылыЖамбай ауылының өзінде ғана 292 тонна частик балық пен бекіре ауланған. Оған 48 тонна қара уылдырықты қосыңыз. Бұл құқық қорғау органдарының берген мәліметі ғана. Көлеңкелі бизнестің айналым көлемі шаммен 8,7 млрд теңге.

Ал, сіз консалтингтік қызметтер каналы арқылы ондаған миллион долларлардың сыртқа кетіп жатқанын білесіз бе? Себебі неде? Салғырттықтан. Кәсіби аудармашылардың, компьютерлік қызметтерді көрсететін білікті мамандардың, бухгалтерлік есеп және салық салу істерін жетік білетін маманнның болмауынан.

Ал, осы ақшаларды елімізде заңдастыруға болатын еді ғой. «Big four» секілді сервистерді сатып алуға жұмсайтын қаржыны азайтар едік.

Эксперттердің анализдерінің қорытындысына қарап, мына бағыттарда жұмыс жасауға болады:

Балық қалдықтарын қайта өңдейтін цех (РФ кәсіпкерлері балық қалдықтарының 1 келісін 10 теңгеден алуда.Қайта өңделіп, «Балық ұны» болып сатылатын бұл өнімнің 1 келісі біздің елде 500-600 теңге)

Өңірде жылыжай комплекстерін көбейту керек. (Облыста небары 29 жылыжай бар. Барлығының көлемі 7,7 га, бұның көбі қарапайым фермерлік жылыжайлар).

Аймақаралық сауда-саттықты дамыту керек. «Атырау-Ақтау», «Атырау-Орал», «Атырау-Ақтөбе» бағыттарының жұмысын бір ізділікке қою керек.

Мұнайгаз саласына бағытталған бизнес қызметтері мамандықтарын дамытуды қолға алған дұрыс.

Ауылдық жер тұрғындарына бағытталған қаржылық қолдау механизмін жетілдіру керекпіз. Микроқаржыландыру ұйымдарын тиімді пайдалануымыз керек.

ЖОО балық шаруашылығына оқытатын факультеттер ашылса(өңірде білікті мамандар жоғы көзге ұрып тұр).

Бұл мақаланы терең талдаулар мен зерттеулерге сүйеніп жазып отырмын. Ондағы мақсат -  кәсіпкерліктің дамуына, өңірлердің дамуына үлес қосу. Мақаламыз тым ұзақ болғанына қарамай соңына дейін оқығандарыңызға алғысым шексіз!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер