astana-view

Ақтөбелік кәсіпкерлерге Салық заңнамаларындағы өзгерістер туралы түсіндірілді

2019 жылғы 30 Қаңтар
- Ақтөбе облысы
4512 просмотров

Ақтөбелік кәсіпкерлерге салық заңнамаларындағы жаңа өзгерістер туралы ақпарат берілді. «Салық туралы қарапайым түсінік: Салық -2019» конференциясын Республикалық кәсіпкерлерге көмек орталығы «Атамекен» ҚР ҰКП қолдауымен ұйымдастырылды. Жиынға 600-ге жуық кәсіпкер қатысты

«Бүгінгі күні Ақтөбе облысында жұмыс істеп тұрған 54 000 ШОБ субъектісінің 36 мыңға жуығы – жеке кәсіпкерлер. Осы санаттағы кәсіпкерлердің көбінде арнайы есепші мамандар жоқ және олар Салық кодексін біле бермейді. Сондықтан, кәсіпкерлерді қолдау және қателіктердің алдын алу мақсатында салық туралы қарапайым тілмен түсіндіруді жөн көрдік», – дейді Ақтөбе облысы Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов.

2018 жылы Қазақстан Республикасының Салық заңы үшінші рет жаңартылды. Бірқатар өзгертулер жүзеге асты, қалған бөлігі 2019-2020 жылдары іске асырылады. Осы өзгерістер және интернет саудасы, ҚҚС, ЭШФ, ЕАЭО, салық салу мен еңбек тәртібі туралы мәселелерге Республикалық кәсіпкерлерге көмек орталығының басшысы Дмитрий Казанцев талдау жүргізді.

«Салық заңнамаларына енгізілген өзгерістерді мемлекеттің бизнеске қарай тағы бір қадамы деп есептеймін. Жаңалықтар сөз жоқ бизнеске оң әсерін тигізеді. Көптеген бизнес өкілдерінің «көлеңеден» шығуына барлық жағдай бар. Айталық, биылғы жыл басынан бастап, еш жерде тіркелмеген, бірақ тұрақты табысы бар жандарға бірыңғай жиынтық төлем төлеу қарастырылған. Бұл төлем арқылы бейресми жұмыспен қамтылғандарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға, зейнетақыға жинақ жасауға, жүктілікке және бала күтіміне байланысты төлемдер алуына мүмкіндік беріледі»,-дейді Республикалық кәсіпкерлерге көмек орталығының басшысы Дмитрий Казанцев.

Сонымен, заң жобасының жаңа новелласында кәсіпкерлердің қызметіне қатысты бірнеше өзгерістер бар дедік. Солардың біразын таныстырып кетсек. Патент төлеуде әлеуметтік салық алынып тасталды. Сауда қызметін қоспағанда мөлшерлеме 1% төмендетілді. Қолма-қол ақшамен төлеуге -2%, ақшасыз төлемге 1% салық салынады. Патентпен жұмыс істейтін кәсіпкерлер табыстың салықтық тізілімін жүргізуі керек, онда олар қолма – қол ақшамен/ақшасыз төлем көрсетілген барлық кірістерін енгізуі тиіс. 2020 жылға дейін патентпен кассалық аппаратты пайдаланбай жұмыс істей беруге болады, содан кейін оларды орнату – міндетті.

Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлер үшін жоғары айналымның арта түскенін білу - маңызды. Бұған дейін жеке кәсіпкерлер үшін 1400 АЕК, заңды тұлғалар үшін 2800 АЕК болған болса, биылдан бастап, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға - 2044 АЕК құрайды. Енді кәсіпкерлер қызметкерлері үшін салықты өткен жылдардағыдай жарты жыл сайын емес, ай сайын төлеуі тиіс.

«Тіркелген шегерім» жаңа салық режимі жүзеге асырылмақ: кәсіпкер өзінің табысының 30% -ын растаушы құжаттарсыз ала алады, сондай-ақ тауарларды сатып алуға, іссапарларға және жалақыға кететін шығындарды алып тастай алады. Шегерім жалпы табыстың 70% -нан аспауы тиіс. Ал салық ЖК – 10%, ЖШС үшін – 20% құрайды.

Кассалық аппараттарға келетін болсақ, кәсіпкерлер көне кассалық аппараттарды деректерді онлайн жіберуге болатын жаңасына ауыстырулары керек. 2015 жылдан бастап, арнайы қызмет түрлерінің тізіміне онлайн кассалық аппараттар орнату біртіндеп жүзеге асырылды. Осыған орай, «Қазақстанның әрбір кәсіпкеріне арналған абонеттік төлемсіз POS-терминал» жобасы іске асырылады. Бұл онлайн кассалық аппарат кез-келген мобильді қосымшада жұмыс істейді.

Тағы бір маңызды жаңалық: 2020 жылға дейін жеке кәсіпкер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (МӘСҚ) жарна төлеуден босатылады, ол тек өз қызметкерлерінің еңбекақыларынан 1,5% МӘСҚ төлем жасауы тиіс. Әлеуметтік аударым мөлшерлемесі 5% дан 3,5% төмендетілді; жалпы бекітілген тәртіпте жұмыс істейтін заңды тұлғаларға әлеуметтік салық  9,5% дейін азайды.

БЖТ төлеушілер үшін республикалық маңызы бар қалалар, астана және облыстық маңызы бар қалалар үшін табыс салығы мен әлеуметтік төлемдер бойынша ең төменгі мөлшерлеме 1 АЕК (2,525 теңге) және басқа елді мекендердің тұрғындары үшін АЕК-нің жартысы (1 263 теңге) анықталды. БЖТ  бірқатар шарттарды ескере отыра, табыс әкелетін қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаларға қолданылады. Азаматтардың басқа санаттары үшін салық пен әлеуметтік төлемдерді төлеудің ағымдағы тәртібі сақталады.

Салық кодексінде интернетте  электрондық сауда жасаумен айналысатын салық төлеушілер үшін келесідей жеңілдіктер көзделген: белгілі бір шарттарға сай корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығынан босату т.б.

Сонымен қатар, семинар барысында кәсіпкерлерге «Атамекен» ҰКП Сауда департаментінің сарапшысы Ғалымжан Дуамбеков «Атамекен сервисес» порталымен жұмыс істеудің артықшылықтары туралы айтып берді. Мобильді қосымша банктен несие алу үшін тапсырыс беруден бастап, қашықтықтан оқытуға дейінгі 60-тан аса қызмет түрін онлайн алуға мүмкіндік береді.

Атап өтсек, Республикалық кәсіпкерлерге көмек орталығы «Атамекен» ҚР ҰКП қолдауымен жаңа өзгерістер туралы Қазақстанның өзге қалаларында да ақпарат беретін болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер