astana-view

Тәлімгерлердің кәсіпорындардағы жұмысы бюджеттен төленеді

2019 жылғы 01 Ақпан
- Жетісу облысы
3631 просмотров

2019 жылдан бастап заңнама бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жан басына қаржыландыру енгізіліп,  кәсіпорын тәлімгерлерінің жұмысына ақша төленетін болады

Қаржыландыру Дуальді оқытудың жол картасына және Өңірлік кәсіпкерлер палатасының Тәлімгерлер тізіліміне енген кәсіпорындарға бөлінеді.

Жақында Талдықорған полиехникалық колледжінде облысымызда бірінші рет кәсіпорын тәлімгерлері үшін оқыту курсы ұйымдастырылды. Семинар барысында «Атамекен» ҰКП «Тәлімгерлік мектебі» жобасының мультипликатор-тренері Қарлығаш Оспанова Талдықорған қаласы және аудандардағы кәсіпорындардың 41 тәлімгеріне өндірісте оқытуды ұйымдастыру, бағдарламалар мен әдістемелер әзірлеуге үйретті.

 «Тәлімгерлер – кәсіпорындағы бөлім басшылары мен жұмысшылар. Әр кәсіпорындарда бірнеше тәлімгер болады. Олар үшін жұмыс орнында білім берудің педагогикалық негіздерін үйрені аса маңызды. Сондықтан оқыту технологиялары, методикалық тәсілдер мен оқушылармен жұмыс істеу алгоритмі кеңінен түсіндірілді», – дейді Қарлығаш Оспанова.

Сондай-ақ, тыңдаушыларға нұсқау жүргізу әдістері, техникалық қауіпсіздік, корпоративтік мәдениетті сақтау, ынталандыру, психология және өз бетімен оқыту тақырыбы түсіндірілді.

«ТАТЭК» АҚ бөлім басшысы Талғат Қашағановтың сөзінше, кадр дайындау саласындағы мемлекеттік қолдау тиісті нәтижелер беруде.

 «Жан басына қаржыландырудың енгізілуі кәсіпкерлерді ынталандырудың тиімді жолы. Біз оқу орындарымен белсенді түрде қарым-қатынас жасауымыз керек. Бірлескен жұмыс кәсіби мамандарды әзірлеп, оларды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді», – дейді «ТАТЭК» АҚ өкілі.

Курс соңында қатысушыларға Кәсіпкерлер палатасының атынан сертификат тапсырылды.

Жалпы Дуальді оқытудың жол картасында Алматы облысы бойынша мамандар дайындау жөнінде 24 колледж бен 231 кәсіпорын арасында 2,3 мыңнан астам келісім-шарт жасалған. Дуальді оқыту жүйесінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 2310 студенті 20 мамандық пен 10 сала бойынша білім алып келеді.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаеваның айтуынша, өңірде колледждердің 7%-ы ғана дуальді оқытумен қамтылған.

«Дуальді оқыту оқу орны мен кәсіпорын арасында мамандар әзірлеу саласы аясында тығыз байланыс орнатуы қажет. Сондықтан екі жақтап оқу бағдарламасы мен жоспарын құрып, бекітуі керек. Жалпы дуальді оқыту сұраныстағы мамандарды сапалы дайындауға мүмкіндік береді. Колледждер модульдік оқытудың енгізілгеніне назар аударып, дуальді білім беруге қызығушылық танытпайды. Бірақ модульдік оқыту дуальдік білім беру жүйесі аясында да әріптестік орнатуды қарастырады» – дейді Алмагүл Оңғарбаева.

Сонымен біге Өңірлік кәсіпкерлер палатасы колледждерге жалпы білім беру пәндерінің бағдарламасын студенттердің таңдаған мамандығымен интеграциялауға кеңес береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер