astana-view

Ақтөбеде кәсіпкерлерге арналған квест-сессия нәтижелі өтті

2019 жылғы 06 Наурыз
- Ақтөбе облысы
3393 просмотров

Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында жаңа үлгідегі квест-сессия өтті

 Кәсіпкерлер бейресми жағдайда мемлекеттік, қадағалаушы және құқық қорғау органдарының басшыларына өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Бизнес өкілдерінің мәселелерінің дені шаруа қожалықтарына, сауда орындарына жер бөлу, жеке балабақшаларға бөлінетін қаржының аздығы және лауазымды тұлғалардың қызметінде жіберілетін заңсыз әрекеттер жөнінде болды. Айталық, «Орынбасар» шаруа қожалығының басшысы Владимир Поляков Хромтау ауданынан мал өсіруге жер алғанын, ол үшін 50 млн теңге көлемінде несие рәсімдегенін, бүгінгі күні 150 бас малының барын, алайда аудан әкімдігі жерді қайтаруды талап етіп отырғанын айтып, шағымданды. Шараға келген Хромтау ауданының әкімі Аманғали Бердалин жер соттың шешімімен қайтарылып отырғанын, оны қайта беру үшін аукцион өткізілуі керектігін алға тартты. Бұған кәсіпкердің және оның мүддесін қорғаушы Өңірлік кәсіпкерлер палтасының мамандарының айтар өз уәжі бар. Мәселе одан әрі бақылауда болып, кәсіпкердің құқын қорғау үшін заң шеңберіндегі барлық шаралар жасалынатын болды.

Айтылған мәселелерге жедел әрі толыққанды жауап берілуін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов және облыстық прокуратура басшысының орынбасары қадағалап отырды. Квест-сессияда бұрыннан шешілмей келе жатқан түйінді мәселелер де көтерілді. Мысалы, бір топ кәсіпкер арақ-шарап өнімдерін сату үшін берілетін лицензияның жұмыс істеу мерзімінің тоқтағанын уақытылы хабарламағандықтан миллиондаған айыппұл арқалап, бүгінде сот залының есігін тоздырып жүргенін айтты. Квест-сессияда Мемлекеттік кіріс департаментінің басшысы әрбір кәсіпкермен жеке кездесуге уәде берді.

Квест –сессияда сөз алғандардыі бірі- Ақжар-1 елді мекенінің тұрғыны 36 жасар көпбалалы ана Айгүл Аймағамбетова.  Ол 2014 жылы бизнеспен айналысуды мақсат етіп  жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Алайда, осы уақытқа дейін оның кәсіппен айналысуға мүмкіндігі болмапты. Бірақ, оған 63 630 теңге көлемінде айыппұл салынады. Айгүл Аймағамбетова жолдасының ауыратынын және 6 баланы өсірудің қиындығын, сондықтан айыппұлды төлеу мүмкін еместігін айтты. Бүгінгі күні оның төлем шоттары бұғатталып, шетелге шығуға тыйым салынған.  Мемлекеттік кіріс департаментіне бірнеше рет барған Айгүлдің шаруасы оңайлықпен шешілер емес. Сол себепті ол өзіне тағылған негізсіз айыппұлды жою туралы сұрағын квест-сессияда қоюды жөн санапты. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов  құзырлы органдарға бұл  мәселенің оң шешілуіне ықпал етуді тапсырды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова Айгүл Аймағамбетованы кәсіпкерлік негіздерін үйретуге арналған «Бизнес кеңесші» курсынан өтуге шақырды. ӨКП Іскер әйелдер кеңесінің басшысы Жанар Елеусізова кеңес мүшелерімен бірге көп балалы ананың салық қарыздарын өтеуге және болашақта өз кәсібін ашуға көмек көрсететінін жеткізді.

Квест-сессия форматы атқарушы билік өкілдерінің де, кәсіпкерлердің де көңілінен шықты. Бірнеше кабинетті аралап, арыз жазып, жауабын айлап күткеннен гөрі, кәсіпкердің мәселесінің жедел шешілуі екі жаққа да пайдалы. Жиында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов бизнесті дамыту арқылы ғана өңір экономикасының өсіміне қол жеткізілетінін атап өтті.

«Квест-сессия талабы бойынша, мұнда арнайы баяндамалар оқылмайды, қойылған сұраққа құзырлы органдар жедел әрі нақты жауап береді. Бүгінгі кездесу- өз мақсатын толық орындады. Бірқатар мәселелер шешімін тапты. Сондықтан, алдағы уақытта квест-сессияны өткізуді жалғастыратын боламыз», – дейді Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Күйшінов.

Жаңа форматта өткізілген шараның басты мақсаты – бизнес субъектілерінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру барысында кездесетін әкімшілік кедергілерді анықтау, бизнеске құқықтық және ақпараттық сүйемелдеу жасау болыпты. Квест-сессияны өткізу үрдісі көрші Орынбор облысының тәжірибесінен алыныпты. Бұған дейін шекаралас Ақтөбе-Орынбор облыстарының мемлекеттік органдарының қызметкерлері  мен кәсіпкерлерінің қатысуымен осыған ұқсас кездесу ұйымдастырылған болатын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер