astana-view

Дәстүрді дәріптеген арулар

2019 жылғы 06 Наурыз
- Маңғыстау облысы
5814 просмотров

Маңғыстау облысының Жыңғылды ауылында өткен шара «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларының халық ішінде жүзеге асқанының жарқын көрінісі болды

Көктем мерекелерінің қарсаңындағы өткен рухани кешке 300-ден астам қыз-келіншек қатысты. Іс-шараны ауылдың ақбұрым аналары, қыз-келіндері ұйымдастырды, қаражатты да өздері жинады.

 Ұйымдастырушылардың бірі – Жанна Телбаева:

«Бұл идеяның туындауына менің отбасымдағы жетпесімді жеткізгім келген ой себеп болды. Ауыл халқынан сондай жылулық күттім, сол орындалды. Ене мен келіннің, абысын мен келіннің, жеңге мен қайын сіңлінің арасындағы татулықты одан сайын нығайтуға сәл де болса септігіміз тиеді деген сеніммен бастадық. Қыз баланың шыр етіп дүние есігін ашқаннан балиғат жасы, қыз ғұмыры, келіндік өмірін көрініс ретінде көрсетіп, жеткізе білдік деген ойдамыз».

Шара келіндердің сәлем етуімен басталды. Ардақты аналарға алғыс хаттар табысталып, одан әрі ұршық иіру, ши тоқу, жүн түту, құрақ көрпе тігу, талдырма басу сияқты қазақилығымызды көрсететін композициялармен жалғасты. Облыс орталығы мен Маңғыстау ауданынан арнайы қонақтар келді.

Сондай-ақ, осы кешке қонақ ретінде Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова былай баға берді:

«Жыңғылды ауылы әйелдерінің шақыруымен «Мен - Әйелмін, Әлемнің Анасымын» деген руxани, салт-дәстүрімізді дәрептейтін аналардың, қыз-келіндердің мәдени салтанатты кешіне барып, Өңірлік Іскер әйелдер кеңесінен Роза Маxамбетова, Гүлсара Жүнісова үшеуміз  таңданып келдік. Жыңғылдыда өткен шараны көрген де арманда, көрмеген де арманда! Келген әжелердің, аналардың, қыз-келіндердің саны 300-ден асты. Осы кештен алған әсерім мол! Жоғары деңгейде өткізіп, ұйымдастыру алқасы орасан зор жұмыс жасағандары көрінді. Сахналық қойылым көрсетіліп, қыз баланың дүниеге келгеннен бастап бойжеткен, ұзату, келін, ана, ене болған бейнелері сомдалды. Келіншектер өздері актриса болып, бәрімізді күлдіріп, өлең оқып, ән айтып, сәлем етіп, алғыстарымызды алды. Ұлттық руxани код сақталған, қаймағы бұзылмаған асыл ауыл!»

Жыңғылды ауылының қыз-келіншектері Ақтауда өңірлік деңгейде өтетін Іскер әйелдер кеңесінің жобасын бірлесе ұйымдастыруға атсалысуға шақырту алды.

Тіл-көзіміз – тасқа! Осындай аяулы аналарымыз, ардақты жеңгелеріміз бен инабатты келіндеріміз өздерінен кейінгілерге, бүкіл елге үлгі-өнегелерін көрсетіп жүре бергей!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер