astana-view

Кәсіпкерлерге жүргізілген сауалнама бизнесті жалған қорғаушылар барын анықтады

2019 жылғы 13 Наурыз
- Шымкент қаласы
11396 просмотров

Кәсіпкер палатасы жеке кәсіпкерлердің құқықтық сауатсыздығын пайдаланып, ақша тауып жүрген алаяқтар бары туралы ескертеді

 Шымкент қаласында кәсіпкерлерге сауалнама жүргізу уақытында сауалнама алушылар ерекше сипаттағы шағымдарға тап болды. Бірқатар кәсіпкерлер оларды ақылы негізде келісімшарт жасасуға мәжбүр еткен – белгісіз тұлғалардың іс-әрекеттерінің заңдылығын түсіндіруді сұрады. Қоғамдық ұйымдар немесе жеке фирмалар атынан әрекет ете отырып, олар кәсіпкерлерге құқық қорғау және мемлекеттік органдармен мәселені оң шешуді кепілдендіреді-мыс. Кәсіпкерлер мұндай келісімнен бас тартқан жағдайда айлакерлер кәсіпкерлерге салық органдары, санитариялық-эпидемиология және басқа да фискалды қызметтер тарапынан шексіз тексерулерді ұйымдастыратынын айтып, сес көрсеткен. Кейбір жасқаншақ кәсіпкерлер  25 мыңнан бастап 50 мың теңгеге дейін аралықта лезде қаражат төлеп, келісімшарттарды жасаған.

Палата қызметкерлері осы келісімшарттармен танысып, олар жалған құжат екенін анықтады. Аталған қоғамдық бірлестіктен кәсіпкерлер нақты көмек алмаған. Осы келісімдер бойынша шағын бизнес белгісіз біреулерге не үшін екені белгісіз ақша төлеген.

«Жүз пайыз сеніммен бұл алаяқтар деп айта аламын. Айлакерлер шағын дүкен, кішкентай дүңгіршек, салондар иелерін, бір сөзбен айтқанда шағын бизнесті алдаған. Бұған қоса, алаяқтар қала шетінде, оқшау тұрған кәсіпкерлік субъектілерін таңдаған. Олар жеке кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығының төмен деңгейін өз айларына пайдаланған», – деді Шымкент қаласы ӨКП директорының орынбасары Данияр Дәрмен.

Палата бұл мәселеге орай ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есептер жөніндегі комитетінің басқармасына және облыс прокуратурасына қоғамдық бірлестіктердің іс-әрекеттерінің заңдылығына баға беру және прокурорлық әрекет ету шараларын қабылдау туралы өтінішпен жүгінбек.

 Кәсіпкерлер палатасы азаматтарды сақ болуға және осындай «қоғамдық-бақылаушылар» туралы дер кезде прокуратураға хабарлауды сұрайды.   

 Айта кетелік, жыл басынан Қазақстанның барлық өңірінде кәсіпкерлерге сауалнама жүргізу науқаны басталған. Бұл ауқымды іс-шараны «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жергілікті бизнестің мәселелерін анықтау және оларды нақты шешу мақсатында ұйымдастырды. Ресми бейдждері бар сауалнамашылар кәсіпкерлерге сауалнама толтыруды сұрайды. Бұл сауалнамада кәсіпкер қандай бизнеспен айналысады, не өндіреді, не сатады, сатып алады, өткізу нарығы жақсы ма, қандай мәселелер бар, қандай қолдау қажет бойынша сұрақтар қамтылған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер