astana-view

Планетарий шары балалар танымын арттырады

2019 жылғы 29 Наурыз
- Маңғыстау облысы
6647 просмотров

Бек Сабыров 1993 жылы Қарағандыда туған. 3 жасында анасы із-түзсіз жоғалып кетеді, ал әкесінен 13 жасында айрылып тұл жетімге айналған.  Содан бері тағдырдың ащысы мен тұщысын өзі жалғыз көтеріп келеді. 15 жасында Қостанай гуманитарлық техникалық колледжін де аяқтай алмай, жұмыс істеуге кіріседі. Бек «кәсіпкер болсам» деген бала арманына қиындықпен қол жеткізді.

Маңдай терімен тапқан қаражатын жинап, бозбала Ресейден «Планетарий шарын», яғни үрмелі ғаламшар сатып алады. Соңғы 3 жылда Маңғыстауда тұрады.

«Көшпелі үрмелі ғаламшарды кез-келген жерге апаруға қолайлы. Сонысымен жер-жерді аралап жүр. Бұл кәсіп әзірге өңірде ешкімде жоқ. Ақтөбе мен ЭКСПО-да ғана көргенім бар,– дейді жас кәсіпкер.

Бұл құрал ауамен толтырылғанда биіктігі – 3,5 м, диаметрі – 5 м болады. Ішіне 50 адам сияды. 3D, көзілдірікпен 7D форматта ғаламшар мен оның серіктері туралы фильм көрсетіледі. Бұл туындылар жоғары сапалы, көшіріп көрсетуге келмейтін дүниелер. Әр фильмді 200-800 мың тг сатып алатындықтан, оған көрермен жинап, шығынды ақтап шығу қиынның қиыны. 20-40 мин фильмдер көрермендердің жас ерекшелігіне қарай қойылады екен. Аспан әлемі, жұлдыздар құпиясынан кеңінен мағлұмат алады. Ересектерге күрделі туындылар көрсетіледі. Біз барғанда  2-сынып оқушыларына арналған туынды көрсетіліп жатыр екен.

Ақтау қаласындағы №29 мектептің оқушысы Айару Тағат:

«Маған өте қатты ұнады.  Әртүрлі планета, Жер серіктері туралы айтылды. Бұрын мұндайды көрген жоқпын. Маған Юпитер ұнады. Оның 50-ден астам серігі бар екен. Кітаптан оқығандай емес, ішінде жүргендей әсерде тұрмын».

Ал, Әлихан Боташ есімді оқушының айтуынша, Сатурн ғаламшары қатты ұнаған. Бұрын теледидардан, ғаламтордан, кітаптан көретін. Енді шын ғаламшардың ішінде бірге жүргендей әсер алған.

Оқушыларды таң-тамаша туындыға әкелген ұстаз Әсем Мединаева:

«Жаратылыстану сабағының 3-тоқсанында ғаламшарлар мен олардың серіктерінің орналасуы туралы өттік. Қазір соны көзімізбен көргендей әсерде тұрмыз. Оқушыларға өте көп мағлұмат, дерек берілді. Үрілген шардың ішінде Галактикада жүргендей ерекше әсермен тамашалады. Бұл біздің мектепке алғаш рет келіп тұр. Сабақты ауызша айтқаннан гөрі, осылайша видеомен 3D форматта қатысушы ретінде өткізілген әлдеқайда оқушылар есінде ұзақ счақталады деп сенемін».

«Адамзат алғаш рет ғарышқа қазақ жерінен Байқоңырдан ұшқаны қуантады. Бала кезден ғарыш әлеміне тәнті болдым. Мен сияқты қиялы жүйрік балалар қазір де көп. Ғарышкер болғысы келетін, инженер мен ІТ технологияны игеруді жоспарлаған жастарға менің кәсібімнің тигізер септігі мол», – дейді Бек.

Бек Сабыров Жастар жылында жас кәсіпкерге қолдау болса екен деген өтінішін де жеткізді.Мектептер мен оқу ордаларында арнайы тендер өткізіліп, ғарыш әлемі жайында қосымша, танымдық сабақ жүргізілгенін қалайды. Себебі өз күшімен әр мектептің есігін қағып, рұқсат алу үлкен қиындық  тудыруда. Дамыған мемлекеттерде мектеп оқушыларының танымын кеңейту үшін барынша жағдай жасалғанын айтады.

«ХІХ ғасырдың жаңа техникалық мүмкіндігін білмейтін қаншама балаға, қиыр шеттегі білім ошақтарына да баруға дайын екенін жасырмады. Қазір технологияның дамыған заманында ауыл балаларына да ден қойылса,– деп аяқтады ол сөзін.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер