Эпидемиялық мәні бар объектілерді кенеттен тексеруді енгізу мәселелері талқыланады
Тауар және қызмет көрсетудің сапасы және қауіпсіздігін бақылау комитетін құру бойынша Жол картасының жобасы шеңберінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасына бірқатар өзгертулер енгізілді. «Атамекен» осыған байланысты Ұлттық палата алаңында бизнес және мемлекеттік органдардың қатысуымен эпидемиялық маңызы бар объектілерді кенеттен тексеруді енгізуге қатысты талқылау өтетінін хабарлайды.
Атап айтқанда, эпидемиялық мәні бар объектілерді тексеру, өнімді іріктеу мен бақылаулық сатып алу процедуралары тексерілетін субъектіге ескерту жасалмай жүзеге асырылады деп болжануда. Уақыт шығынын қысқарту мақсатында прокуратура органдарында тексеруді тіркеуді объектіге жүргізілетін тексеру басталғанға дейін хабарландырумен алмастыру ұсынылуда.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, кенеттен тексерулер эпидемиялық мәні жоғары объектілерге қатысты жүргізу жоспарланған. Бұл мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, мектептер, ауруханалар және қарттар үйінде қоғамдық тамақтану қызметін көрсететін объектілер, сондай-ақ кейтеринг (көшпелі мейрамхана қызметі) қызметін көрсетуші объектілер.
Осы ретте тексерулер саны артпайды, ал тексерулер жылына екі рет жүргізіледі.
Қазіргі таңда санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары жүргізетін азық-түлік өнімдері қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу үшін тексерілетін субъектіге бір тәулік ішінде хабарлама жіберу талап етіледі. Осы ретте 2018 жылға дейін (профилактикалық бақылауды енгізуге дейін) аталған мониторинг алдын ала хабарландырусыз жүргізілді, өйткені бұл процедура бақылаудың басқа формасына жататын.
Үкімет ұсынысын Елбасы 2018 жылдың 28 желтоқсанында мақұлдады. Денсаулық сақтау министрлігінің пікірінше, бұл принципті енгізу аталған субъектілер атқаратын қоғамдық тамақтанудағы қызмет сапасын жақсартады.
Қазіргі таңда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі енгізілмек жаңашылдық кәсіпкерлерге қалай әсер ететінін түсіну мақсатында реттеушілік әсерді талдауды әзірлеуге кірісті. Оның нәтижесі мен ұсыныстар бизнес-қоғамдастық, «Атамекен» ҚР ҰКП және бейінді қауымдастықтар өкілдерімен өтетін талқылауға жіберіледі. Талқылау Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында өтеді.
Талқылаудың нәтижесі ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары–Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өтетін Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияда қаралатын болады.
Сұрақтар бойынша мына телефон арқылы хабарласуға болады: 8 7172 91 93 49
Анықтама үшін: ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 82,83-баптарына сәйкес кәсіпкерлерге қатысты кез келген қатаңдату уәкілетті мемлекеттік органның мемлекет, халық және бизнес үшін енгізілген ережелерден күтілетін пайдасы мен шығындарын есептеуімен Реттеушілік әсер талдауын жүргізу нәтижесі бойынша ғана қабылдануы мүмкін. Реттеудің жаңа түрі егер пайдасы күтілетін шығындардан асқан жағдайда енгізіледі. Реттеушілік әсерді талдауды жүргізуде мемлекеттік орган мүдделі тараптардың қатысуымен қоғамдық талқылауды өткізуге міндетті. «Атамекен» ҰКП өзінің баламалы реттеушілік әсерді талдауын жүргізуге құқылы.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: