astana-view

Таңбалау – бизнес жұмысына кедергі болмауы керек

2019 жылғы 04 Сәуір
5659 просмотров

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер үшін аяқ киімді таңбалауды енгізу мәселесі Қазақстанның бизнес-қоғамдастығымен  бірнеше рет көтерілген болатын

Оның үстіне, Ресей Федерациясы 2019 жыл 1 шілдеден бастап аяқ киімді міндетті таңбалауды енгізіп жатыр. Аталған жаңашылдық қазақстандық нарықта қалай енгізіледі, бастысы – бұл процедура не үшін енгізіледі, кімге керектігі жайында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Евгений Больгерт Аtameken.kz-ге сұхбат берді.

–Басынан бастасақ, таңбалау дегеніміз не және ол не үшін қажет?

–Бүгінде еуразиялық интеграциялау шеңберінде түрлі өнімдерді таңбалау тақырыбы ауқымды қозғалысқа айналды. Таңбалау өзінің мәні бойынша бірден екі міндеттемені шешеді: біріншіден, ортақ территорияда және нарықта тауардың тіршілік ету циклының бақылануы. Екінші міндеттеме – контрафактімен күрес.

Қазіргі таңда бізде аяқ киімді таңбалау бойынша мәселе қаралымда жатыр. Бұл тақырып айтарлықтай маңызды әрі сезімтал. Оған себеп, 1 шілдеден бастап Ресей Федерациясы аяқ киімді міндетті таңбалауды енгізгелі жатыр. Қазақстанға келер болсақ, одақтасымыз Беларусь Республикасы секілді біз де жуық арада таңбалау бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруға кірісеміз. Демек, бұл Ресейдегідей толыққанды механизм болмайды. Ресей бұл жобаны бір жыл ішінде саралап үлгеріп, енгізуді бастады. Бізде таңбалауды дәл қазір осы жерде бастау үшін  тиісті инфрақұрылым жоқ. Бірақ біз бұл мәселені бизнеспен бірнеше рет талқылап: «үдеріске немқұрайды қарамай, оған дайын болу керек» деген ортақ шешімге келдік. Негізгі мақсат – таңбалау  адал бәсекелестікті дамытуда тиімді механизм болуы керек.

–Сандар туралы айтсақ, Қазақстан жыл сайын ЕАЭО нарығына қанша жұп аяқ киім жеткізеді?

–Мүше-мемлекеттердің бірінші вице-министрлері деңгейінде өтетін Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің жуырдағы отырысында аяқ киім таңбалау мәселесі егжей-тегжейлі талқыланды. Қолдағы деректерге сәйкес, біздің кәсіпкерлер ресейлік нарыққа жылына 5,5 млн жұп аяқ киім жеткізеді. Сондықтан біз осы тақырыпқа баса назар аударып отырмыз. Ресей Федерациясында бір жақты міндетті таңбалау енгізілген сәттен бастап, бұл шара қазақстандық аяқ киімге Ресей нарығына өтуге кедергі жасалады деген алаңдаушылық пайда болды. Біздің позициямыз: уақыттың аталған кезеңінде міндетті таңбалауды барлық елдерде енгізу – мезгілсіз шара. Біз Еуразиялық экономикалық комиссия және Ресей Федерациясындағы әріптестерімізге бізде пилоттық деп танылған уақыт аралығында ресейлік нарыққа қазақстандық аяқ киімнің жеткізілімдерін шектемеуді сұрадық.

 Мақсатымыз – барлық кезеңдерді өтіп, тауарға таңба басудың барлық тәуекелдері мен механизмдерін анықтап, сонымен қатар бұл процедура кәсіпкерлерге үшін қанша шығын әкелетінін түсіну. Бүгін пилотқа қатысуға бірнеше өндіруші мен ритейлер ынта танытты. Өндірушіден бастап тұтынушыға дейін тауардың қалай қозғалатынын түсінуде біз үшін бұл жақсы бастама. Осы механизмді түсініп алсақ, сол уақытта тауар топтарының басқа түрлерін таңбалау туралы ойланатын боламыз.

–Осы мәселені шешуде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  бизнес пен билік арасында дәстүрлі тиімді диалог алаңын ұйымдастырудан бөлек қандай функцияларды өзіне алады? Сонымен қатар Қазақстанда аяқ киім өнімдерін таңбалау механизмін сынау процесі қандай алгоритм бойынша өткізілетін болады?

 – Палата Еуразиялық экономикалық комиссиямен және үкіметпен  жұмыс істеуде қазақстандық бизнестің бірыңғай өкілі. Біз жоба қалай жетіліп жұмыс істеуін қадалауға, проблемалар немесе сәттіліктер туралы хабарлап отыруға дайынбыз. Алгоритмге келетін болсақ, бұл жұмысқа қандай механизм таңдалатынына байланысты. Таңбалау тауардың өзіне басыла ма, жоқ қаптама сыртына басылы ма? Тауарды айналымға салу үшін тауар өндіруші немесе импорттаушыға қандай жабдық қажет? Ары қарай тізбекте көтерме сауда тұр, оған  тауарларды агрегациялау үшін сканер қолдану тиімді болуы мүмкін, сонымен қатар сатушыда бақылау-кассалық аппараты мен сканері болуы керек. Бұл құрылғылар арқылы тауар айналымнан шығарылып отырады.

  Жоба авторларының ойластыруы бойынша сіз бен бізде, яғни сатып алушыларда таңбалауды сканерлеу арқылы тауар, тауарды өндіруші турлы базалық ақпарат бере алатын қосымша болуы мүмкін. Бұл шара аяқ киімнің осы ел территориясында заңды сатылып жатқанын білу үшін қажет. Бұл істе асығыстықтың қажеті жоқ, деп баса айтқым келеді. Біз бұл жолды толық дайындықпен, артықшылықтар мен кемшіліктерді екшеп, 2019 жыл ішінде жолай қателіктерді реттеп өткергіміз келеді. Сонымен қатар пилоттық жобаны енгізе отырып, кейін «экспериментке екі ғана кәсіпорын қатысқан» деп айтпас үшін неғұрлым көбірек ойыншыларды жұмылдырғымыз келеді. Сондықтан кәсіпкерлерге дұрыс ақпарат жеткізу – біздің бүгінгі міндетіміз.   

 –Аяқ киімды таңбалау бойынша пилоттық жоба мерзімі туралы айтсақ, Қазақстанда пилоттық жоба қандай уақыт аралығында жүзеге аспақ?

–Ресейлік пилоттық жоба бір жылға созылғаны жайында айтқанмын. Бұл барлық олқылықтар мен тәуекелдерді түсінуге болатындай, жеткілікті мерзім. Біз Қазақстанда пилоттық жобаны ең көп дегенде 2019 жылдың аяғына дейін енгізу туралы айтып отырмыз. Бұл шара революциялық түрде болмауы керек. Белгілі бір кезеңге дейін кәсіпкерлерде ақпараттық тапшылық болған. Сондықтан кәсіпкерлер бұл бастамаға байыппен қарады. Қазіргі таңда біз шынайы сектормен тығыз жұмыс істей бастаймыз, пилоттық жобаны жүзеге асыру бойынша жол картасы болуы керек. Осы ретте Үкімет тарапынан болған қолдауды, атап айтқанда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының таңбалау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобын құру бойынша бастамасы қолдау тауып, ҚР Премьер-Министрі бірінші орынбасары деңгейінде құрылғаны үшін Әлихан Смайыловқа және бейінді ведомствоға алғыс білдіргім келеді. Демек, мемлекетіміз осы мәселеге баса назар аударып отыр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Үкімет алаңында осы жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін алгоритмді құрамыз деген ойдамын.

   –Жоғарыда айтылған ақпаратты қорытындылай келе, кем дегенде пилоттық жоба кезеңінде ұстану қажет нақты алгоритмді белгілеп көрейікші..

 – Біріншіден, қолданылатын платформаны анықтап алу қажет. Өзгелердің тәжірибесін қолданамыз ба, әлде жеке механизмді ойлап табамыз ба, шешіп алған жөн. Инфрақұрылымды, яғни Қазақстандағы таңбалау механизмінің өзі неге негізделеді, анықтау керек. Екіншіден, барлық түйткілдерді анықтап алу мақсатында Ұлттық палата алаңында өндірушілер және ипорттаушылармен кездесуелр өткізу қажет. Үшіншіден, пилоттық жобаға қатысатын компанияларды таңдау, келесі шара – осы компанияларға барлық кезеңдер және барлық мәселелер бойынша толық сүйемелдеу көрсету қажет. Осы ретте бөлшек сауданың (шағын бизнес) қамтылуы және жұмылдыруға баса назар аударылуы тиіс. Бесінші меже – нәтижені қорытындылау, пилоттық жоба кезінде алынған ақпаратты талдау, сонымен қатар аталған механизмнің тиімділігін арттыру бойынша ұсынымдарды әзірлеу болмақ.

  Өз тарапынан «Атамекен» қазақстандық делегацияның таңбалау жүзеге асып жатқан ресейлік зауыт-фабрикаларына бару мәселесін шешуге атсалыса алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер