astana-view

Жер дауы 300 кәсіпкердің пайдасына шешіле ме?

2019 жылғы 25 Сәуір
854 просмотров

Маңғыстау облысының Кәсіпкерлер палатасына жергілікті атқарушы орган мамандарының жіберген қателіктері кесірінен шаруашылық мақсатында пайдалануға берілген жер учаскелерінде туындаған дауға қатысты арыздар толастар емес

Мәселе мынада: Әкімдіктің жауапты қызметкерлері жерге аукцион мен байқау жариялағаны туралы мәліметті жергілікті БАҚ-қа ғана басып, ал интернет ресурстарына шығаруды ескермеген. Осылайша заң талаптары бұзылғаны анықталды.

Байқау аяқталғаннан соң жер кәсіпкерлерге бөлініп берілді. Қазір оның басым көпшілігіне ғимараттар салынып, мал шаруашылығы қолға алынған. Іскерлер бірнеше адамды жұмыспен қамтып, мемлекетке тиісті салығын төлеп отыр. Ал, прокурорлардың тексеруі мен ұсынысы негізінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша Маңғыстау облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы сотқа талап-арыз берді. Қазірдің өзінде облыс бойынша 300-ге жуық жер учаскесінің тағдыры сот құзыретінде.  Мәселен, 2015-2017 жылдары Түпқараған ауданында – 202, Маңғыстау – 38, Жаңаөзенде – 42, Мұнайлы ауданында – 12 жер телімі заңсыз берілгені белгілі. Соңғы сот отырыстарының шешімімен Маңғыстау ауданының 38 жер телімінің 25-і кәсіпкерлер пайдасына шешілді. Қалғаны әлі сот қарауында. Кейбірінің жер учаскесін кері қайтып алу туралы шешім шыққан. Мұндай шараларға кәсіпкерлер алаңдаулы.

Қожантай Мәди, Мұнайлы ауданының тұрғыны:

«41 жыл өндірісте жұмыс істеп өткен жылы мал шаруашылығына ауыстым. 2017 жылы байқауға қатысып, 300 гектар жерімді алдым. Барлық құжатын рәсімдедім. Малдарымды сатып алып, шаруашылық жүргізіп отырмын. Осы дау шыққан соң құрылыс жағын тоқтатып отырмын. Бұл жағдайда халықтың кінәсі жоқ. Соңғы 2 айда әбден әбігерге түстік. Тез арада оң шешімін тапса дейміз. Әкімдік пен қателік жіберген қызметкерлерді сотқа тарту керек. Біздің тарапымыздан құжаттардан ешқандай кінәрат жоқ. Бізді неге сотқа сүйрейді? Халықтың жағдайын ойлап, ендігі істерді сотқа жеткізбей шешіп, кәсібімізді дамытуға мүмкіндік берсеңіздер. Біздің тілегіміз де, ұсынысымыз да осы. Медиация жолымен шешіп берсеңіздер деймін».

Ақсақалдың сөзін басқа да кәсіпкерлер қолдады. Сәуірбек Мазанның айтуынша, Мұнайлы ауданының Баянды ауылынан 2017 жылы байқауға қатысып, 5 гектар жер алды. Енді түйе бағып отыр. Ұлтарақтай жерді заңсыз деп сотқа тартып отырғаны жанына батады екен. «Жерімізді өзімізге қалдырсын. Үкімет кәсіпкерлікті қолдаңдар дейді. Оған мына мәселе қайшы сияқты. Малды қайда бағамыз сонда? Су, жарық қосып бер деп отырғанымыз жоқ. Тек шаруашылығымызбен айналысуға кедергі болмаса екен», – дейді кәсіпкер.

Басқосуға қатысқан іскерлер бір ауыздан прокурорлардың уәжін тыңдауды жөн деп тапты.  МО прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры Файзулла Жаңабаев:

«Қоғамда резонанс тудырған мәселе Кәсіпкерлер палатасы алаңында көтеріліп, үлкен шара өткізілгені үшін алғаыс білдіремін. Көп жағдайда кәсіпкерлер мен мемлекеттік орган арасындағы көпір іспетті қызмет атқарып келесіздер. 2017 жылы прокуратура органдарының тексерісі азайған еді. Сол кезде заңбұзушылықтар көбейіп кетті. 2018 жылы Елбасының тапсырмасы бойынша прокурорлар жер қатынастарындағы қадағалауды күшейткен болатын. Әсіресе, Түпқараған ауданында жер телімдері аукционсыз жаппай берілген. Қазір тергеу жүріп, істер сотта қаралуда. Қылмыстық істер де қозғалды. Кәсіпкерлердің барлық жағдайын пышақпен кескендей айта алмаймын. Әрқайсысын жеке қарау қажет.  Аудан прокурорларының айтуынша, көп жағдайда игерілмеген жерлер ғана көрсетілген. Тергеу көрсеткендей, кейбір байқау бір күн бұрын ғана жарияланып, келесі күні берілген. Яғни, белгілі бір адамның мүддесі үшін жасалған. Мұның астарында сыбайлас жемқорлықпен байланысты шаралар болуы мүмкін деп санаймыз. Қарапайым халық хабарламаны көріп үлгермейді ғой. Заң бойынша бір ай бұрын өткізілуі тиіс. Қазір Түпқараған мен Мұнайлы аудандары бойынша қылмыстық істер басталды. Бұдан әрі әр жағдай бойынша қарастыра бастаймыз», – деді.

Ал, Маңіыстау облысының Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әмірғали Жанаев былай дейді: «Мынау алғашқы қадам. «Атамекен» ҚР ҰКП және ҚР кәсіпкерлер құқығын қорғайтын Президент уәкілі атынан Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоқжановтың атына хат жолданды. Онда осы мәселе толық түсіндірілген».  

 Дәл осындай хатты Өңірлік кәсіпкерлер палатасы дайындап, облыс әкіміне, облыс прокуроры, облыстық сот төрағасы мен облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшыларына жіберілді.  Хатта Батыс Қазақстан облысының тәжірибесіне сүйеніп, мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс тобын құрып,әрбір учаскеге шығып, жерді үш топқа бөлу керек делінген. Олар: толық меңгерілген жерлер, құрылысы жүргізіліп жатқан аумақтар мен бос жатқан учаскелер. 1-ші және 2-санатты жерлерді сотқа жібермей, кәсіппен айналысуына, тек 3-санатты жерлерді сотқа жіберу туралы ұсыныс берілді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер