astana-view

Тимур Құлыбаев: Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына нақты қолдау қажет

2019 жылғы 26 Сәуір
3013 просмотров

Өңдеу өнеркәсібінде импортты алмастыру мәселелері «Атамекен» ҰКП Төралқасы комитеттерінің есеп беруі аясында талқыланды

 Тимур Құлыбаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметіндегі маңызды басымдық импортты алмастыруға бағытталғанын айтты. Оны сатып алуларға қатысу, өндірістерді орналастыру және модернизациялау арқылы қамтамасыз етуге болады. Қазір бизнесте айналым қаражатының жетіспеушілігі, өнімді өткізу және шикізатты жеткізуге қатысты үш негізгі проблема бар.

Қаражаттың жетіпеушілігі мәселесін шешу мақсатында Елбасының тапсырмасымен «қарапайым заттар экономикасы» тауарларын шығаратын отандық кәіпорындарды несиелеуге 600 млрд. теңге бөлініп, бағдарлама  бекітілді. Кәсіпкерлер дайын өнімге қажет шикізатты тауарлары мен жартылай дайын өнімдер өндірісін (маталар, фурнитура, плиталы материал, полиэтилен және т.б.) дамытуға екінші деңгейлі банктер арқылы жылдық мөлшерлемесі 8%-бен несие ала алады.

Машина жасау және металл өңдеу комитетінің төрағасы Мейрам Пшембаев жеңілдікпен несиелеу бағдарламасына қосымша Жол карталары бекітіліп жатқанын айтты. Жол карталары – кездесетін мәселелерді кешенді шешу, сондай-ақ салаларды дамытудың қадамдық сценарийі.  

«Басымдық берілген жобаларды мониторингілеу және сүйемелдеу мақсатында «Атамекен» жанынан мемлекеттік органдар, даму институттары және Қаржыгерлер қауымдастығының қатысуымен «қарапайым заттар экономикасы» саласын дамытудың жобалық кеңсесі құрылды. Оның жұмысы өңдеу өнеркәсібінің, АӨК-тің, туризмнің, сонымен қатар шикізат базасын дамытудың жүйелі де кешенді мәселелерін шешуге, «сұр» импортпен күреске, өнімді өткізуді қамтамасыз етуге бағытталған», – деді Тимур Құлыбаев.

«Атамекен» оффтейк-келісімшарттары арқылы отандық өндірушілердің өнімдерін ілгерілетуге көмектесу мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, жұмыс органын құрды.

Өңдеу өнеркәсібі комитетінің басшысы Владимир Бобров тараптардың кейінге қалдырылған міндеттерді өзара қабылдауы негізінде ұзақмерзімді келісімшарттарды жасаудың тиімді механизміне сеніммен қарайды: жеткізуші өзі өндірген тауарды жеткізуге міндеттенеді, ал тапсырыс беруші әкелінген тауарды қабылдап, сатып алуға міндеттенеді. Қазіргі таңда осындай шарттарды жасау мүмкіндігі «Самұрық-Қазына» қорында ғана қарастырылған, былтыр Қордағы сатып алулардың көлемі 4,4 трлн. теңгеге жетті.

    Шағын ішкі нарықты ескере отырып, сұранысқа ие өнімдердің тізбесін анықтап алған жөн. Осы тізбе арқылы әр өңірде жекелеген кәсіпорындар бойынша шоғырландыру деңгейін ұлғайтудың экономикалық мақсаттылығы айқындалады.

2019 жылы «Атамекен» ҰКП Қазақстанның барлық облыстарында скрининг өткізді. Алынған деректер негізінде Өңірлік даму карталары әзірленеді.

 «Қолданыстағы қолдау шаралары есебінен мемлекет отандық кәсіпорындарға көмектесуге дайын. Әр өңірдегі әр кәсіпорын бойынша модернизациялау мен өнім шығару жөніндегі мастер-жоспар құру қажет. Кәсіпорындарды нақты қолдау арқылы өңдеу өнеркәсібін дамытуымыз қажет», – деді Тимур Құлыбаев.

 Өңдеу өнеркәсібінің барлық салаларына арналған мамандарды дайындау, оқу орындарына тәлімгерлік жасау арқылы дуальды білім беруге кәсіпорындарды тартуға экономикалық ынталандыру құралдарын әзірлеу өзекті мәселе болып отыр. Бұған қоса өндірістік оқуды ұйымдастыру бойынша жұмыс берушілердің шығындарын мемлекеттік тапсырыс есебінен өтеу – дұрыс шешім, өйткені бұл үдеріс өндірісте жұмыс мамандықтарына қысқа мерзімді оқыту арқылы жүргізіледі.  

 Жиын соңында «Атамекен» ҰКП басшысы Тимур Құлыбаев комитеттерге бизнеспен бірлесіп, салаларды анағұрлым белсенді дамытуға арналған ұсыныстарды талқылау және Қазақстан Республикасы Үкіметінің деңгейінде таныстыруға болатын шоғырландырылған ұстанымды шығаруды тапсырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер