astana-view

Қызылорда: Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінде учаскелік полицейдің мәселесі қаралды

2019 жылғы 29 Сәуір
- Қызылорда облысы
2322 просмотров

Қызылордада Кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің кезекті отырысында Қармақшы ауданы, ІІІ Интернационал ауылының учаскелік полицейі Қайрат Байменовтің әрекетіне қатысты ұжымдық арыз қаралды.

ІІІ Интернационал ауылының тұрғындары мен «Достық–Жер МК» ЖШС басшысының арызы Кәсіпкерлер палатасына 22 сәуірде түскен болатын.

Кеңес отырысында кәсіпкер Миляр Арифов учаскелік полицей  Қайрат Байменовтің ауыл тұрғындарының, оның ішінде кәсіпкерлердің қызметін  жеке мақсатта пайдаланатындығын жеткізді.

Кәсіпкердің айтуынша, учаскелік полицей Қармақшы ауданы, Шошқакөл ауылында тұратын анасының үйіне шөп апарып беруді,  апармаған жағдайда Серіктестіктің техникаларының жүруіне тыйым салынатын айтқан. Кәсіпкер 8 рейс престелген шөп түсіріп берген.

Қайрат Байменов кәсіпкерден одан бөлек сабан шөп жеткізіп беруді талап еткен. Кәсіпкер аталған қызмет көрсетуден бас тартқанда учаскелік полицей кәсіпкердің қызметіне заңсыз араласып, техникаларын тоқтатып, жұмысына кедергі келтірген. Мұны кеңес отырысына қатысқан ІІІ Интернационал ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлау Мұхтаров та айтты.

«Науқанның кезінде техникаларды тоқтатып қойғандығын айтып Миляр Арифов хабарласты. Мен сол жерге барып, өтініш айтқаннан кейін учаскелік полицей техникаларды әрең дегенде жүргізді. Бұлай болмайды ғой», - дейді ақсақал Сайлау Мұхтаров.

Кеңес мүшелері отырыста: «Құқық қорғау қызметінің басты міндеті - адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерiнiң сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ету болып табылады. Қолдау көрсетудің орнына мұндай қадам жасауын қалай түсінуге болады?», - десті.

Отырыста қозғалған мәселеге қатысты облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Алтынбек Ахметов: «ІІІ Интернационал ауылы тұрғындары мен кәсіпкерлерден түскен ұжымдық арызға сәйкес учаскелік полицей Қайрат Байменовтің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қазір Департаменттегі Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен тексеру амалдары жүргізілуде. Нәтижесі бойынша тиісті шара қабылданатын болады», - деді.   

Кеңес отырысының қорытындысымен аталмыш мәселені облыстық полиция департаментіне учаскелік полицей Қайрат Байменовке қатысты жүргізіліп жатқан тергеу амалдары мен нәтижесі бойынша қабылданған процессуалдық шешімді Кәсіпкерлер палатасына жолдау ұсынылды. Отырысқа қатысқан облыстық прокуратура өкілі де прокуратура тарапынан бұл мәселе бақылауға алынатындығын жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер