astana-view

Кеше – медбике, бүгін – бизнес-ханым

2019 жылғы 13 Мамыр
- Жетісу облысы
3429 просмотров

Кәсіпкер Алматы облысының Ескелді ауданында тігін цехын ашты

Қарабұлақ ауылының тұрғыны Зібила Рахымжан киім-кешек тігетін цех ашты. Нысанда төрт адам жұмыс істейді. Онда күнделікті киімдермен қатар, түрлі мерекелік костюмдер, мамандандырылған және ұлттық киімдер тігіледі. Кәсіпкердің жеке іс ашуына мемлекеттік қолдау себеп болды. Зібила ханым «Бастау» оқыту жобасы арқылы бизнес жүргізуге машықтанып, 6 млн теңге көлеміндегі жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.

 «Бұл сомаға автоматтандырылған білдек пен бірнеше тігін машинкаларын, маталарды сатып алдым. Кішігірім орынды жалға алып отырмыз. Қазіргі таңда тұрақты клиенттеріміз бар. Жекеменшік компаниялар мен мемлекеттік ұйымдар тарапынан ірі тапсырыстар түсе бастады», – дейді кәсіпкер.

Зібиланың цехы бір жылдан астам жұмыс істеп тұрғанына қарамастан аз уақыт ішінде танымал болды. Бүгінде  ел аузында. Осының барлығы сапалы орындалған жұмыс пен бірегей бағаға байланысты, дейді кәсіпкер.

Цех ашылғаннан бері жұмысшылар 1000 астам тапсырысты орындап үлгерген. Бұл 16 мыңға жуық тұрғыны бар Қарабұлақ ауылы үшін айтулы көрсеткіш болып табылады.

Зібила Рахымжан осыған дейін медбике болып жұмыс істеген. Тігіншілік өнеріне кішкентайынан қолөнерші анасы баулыған.

Бүгінгі жетістіктеріне қарамастан, кәсіпкердің мақсат-жоспары көп. Ендігі таңда ол жергілікті жұмыссыз әйелдерді тігу ісіне үйретіп, кейін цех қызметіне орналастыруды ойлап отыр.

«Біздегі жұмыстың көлемі үлғайып келеді. Осыған байланысты өндірісті кеңейтіп, жұмысқа тағы да 20 адамды қабылдағым келеді. Тағы бір арманым – аяқ киім цехын ашу. Көпшілік арасында отандық өндірішілердің аяқ киімін сатып алуға сұранысы жоғары», – деп атап өтті Зібила Рахымжан.

Жалпы өткен жылы Ескелді ауданында «Бастау» жобасы бойынша 162 жұмыссыз және өзін-өзі қамтыған азамат оқып шықты. Олардың ішінде 47 азамат жеңілдетілген несиеге және 100 АЕК көлеміндегі грантқа ие болды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер