astana-view

Қызылордада қала, аудандағы мемлекеттік кірістер басқармасының басшылары апта сайын кәсіпкерлермен кездесетін болды

2019 жылғы 23 Шілде
- Қызылорда облысы
4650 просмотров

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен кәсіпкерлерге салық, кеден заңдылықтарын түсіндіру бойынша кездесуде Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов айтты.

Сала басшысы осы жылдан бері қолданысқа енген кәсіпкерлер үшін тәуекел санаты, электронды  шот-фактура ақпараттық жүйесі, салықтық рақымшылық туралы айта келе, кеден саласын оңтайландыру бағытындағы шараларға тоқталып өтті.

Ғалымжан Орынов биылғы жылдың жаңа міндеттерінің бірі – кәсіпкер-салық төлеушілерді төмен, орташа немесе жоғары тәуекел санатына жатқызу жұмыстары екендігін, әрбір салық төлеуші тұлға өзінің қызметінің бірнеше өлшемшарттары бойынша жүргізілген талдау нәтижесі бойынша белгілі бір санатқа ие болатындығын және салықтық әкімшілендіру шаралары сол санат бойынша саралап қолданылатындығын жеткізді.

Осындай көрсеткіштер бойынша жүргізілетін талдау қорытындысымен  салық төлеушінің қандай тәуекел дәрежесіне жатқызылғандығы туралы ақпарат жылына екі рет анықталып, әр кәсіпкерлік тұлғасына «Салық төлеушінің кабинетіне» жіберіліп отырады екен.

Аймақтың бас салықшысы кездесуде 2014 жылдың 1 шілдесінен бастап Салық кодексінің ережелеріне сәйкес шот-фактураларды электронды түрде жазу кезең-кезеңімен міндеттеліп келсе, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап-барлық қосымша құн салығын төлеушілер, қосымша құн салығын төлеушілер болып табылмайтын комиссионерлер мен экспедиторлар, сондай-ақ импортталған тауарларды сатқан жағдайда да міндеттелгендігін де айтып өтті.

Ал кәсіпкерлерге арналған салықтық рахымшылыққа қатысты Кірістер департаментінің басшысы: «Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылдың 21 қаңтардағы №39 бұйрығымен  «Бересіні төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұл сомасын есептен шығару қағидалары» бекітілді. Осыған сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, шағын және орта бизнес субъектілеріне 2018 жылдың 1 қазанындағы негізгі қарызын 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұлды есептен шығаруды көздейтін  салықтық рақымшылық жүргізілуде. Салықтық рақымшылық не үшін жасалады? Шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің қордаланған қарызының елеулі бөлігін өсімақы және айыппұлдар құрайды. Негізгі салықтан қарызын өтеген соң кәсіпкердің кәсібін жалғастыруға, жаңа кәсіп түріне ауысуға, жаңа идеялары мен бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндігі пайда болады», - деді.

Кездесу барысында бизнес өкілдері тарапынан көтерілген мәселелерді ескере келе Кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов бұдан былай аптаның әр бейсенбісі, сағат 15.00-18.00 аралығында аудандық және қалалық Кірістер басқармасының басшылары мен облыстық Кірістер департаментінің басшысы кәсікерлерді жеке мәселелерімен қабылдайтындығын жеткізді. Бұл қадам салық саласына қатысты туындайтын сауалдар мен түсініспеушіліктердің алдын алады деп күтілуде.

Кездесудің қорытындысымен Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов пен Қызылорда облысының Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер