astana-view

Жол бойындағы сервис дамуына назар аударылады

2019 жылғы 30 Шілде
6227 просмотров

Бүгінгі таңда ішкі және көшпелі туризмді тиімді дамыту жолында туристің елде болуына қолайлы жағдай жасауда қажеттілік бар

Жол бойындағы жайлы, жабдықталған және қолжетімді сервис объектісі, соның ішінде жабдықталған дәретхананың болуы – туристің демалыс орындарында болған кезінде жағымды әсер алуының маңызды факторларының бірі.

«Атамекен» алаңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы Туристік сала комитетінің төрағасы Павел Казанцевтің жетекшілігімен жол бойындағы сервисті дамыту мәселелеріне қатысты жиын өтті. Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Дархан Сақанов,  «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясының өкілдері және жол бойындағы сервис объектілерінің иелері қатысты.

 Нарық қатысушылары назарына Автомобиль жолдарынада жол бойындағы сервисті жүргізу ережелерінің жобасы және  қызмет көрсетудің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету бойынша бірлескен қызмет туралы Үлгі шарттың жобасы ұсынылды.

 Құжаттарды талқылау кезінде нарық қатысушылары жол бойындағы сервис объектілерін салуға бос жер телімдерінің болмауы, объектілерге жаңарту жұмыстары жүріп жатқан учаскілерде жол деңгейін 1-3 метрге көтерілуі, осыған байланысты объектіге қарай көлікпен түсу қауіпті болып отыр, сондай-ақ сервистік алаңдар бойынша ашық қолданыстағы ақпараттың болмауы сынды мәселелерді көтерді.  

 «Жол бойындағы сервиске арналған жер телімін рәсімдеу бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулық жоқ, жергілікті атқарушы орган және «Қазавтожолдың» өзара әрекеттесуі жолға қойылмаған, сонымен қатар бос жер телімдері бойынша мемлекеттік деректер базаларын біріктіру қажет», – деді «СК Профит» компаниясының өкілі А.Мұхамеджанов.

 Жиын қорытындысы бойынша жол бойындағы сервистің түрлі категориядағы объектілерін салуға арналған үлгілік бизнес-жоспарларды және жер телімдерін беру және рәсімдеу, сондай-ақ, жол бойындағы сервис объектілерін салуға дайын алаңдарды жалға беру немесе сенімгерлік басқаруға алу туралы кезең-кезеңді нұсқаулықты  бірлесіп әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Қазіргі таңда «Атамекен» ҚР ҰКП Туризм Департаменті мен «Қазавтожолә ұлттық компаниясы бірлесіп, жол бойындағы сервис объектілерін салуға арналған жер телімдерін беру процедурасын жүйелендіру бойынша жұмысты бастап кетті.

 Жиыналыс нәтижесін қорытындылай келе Павел Казанцев өңірлік деңгейде жол бойындағы қызметке қатысушылардың өзара әрекеттесуін жақсартуға шақырды:

«Жергілікті атқарушы органдар бос жер учаскілері туралы ақпаратты ашық қолданысқа беру керек.  Егер бос жерлер болмаса, онда жол бойындағы сервис объектілері арасындағы арақашықтыққа қатысты талаптар туралы айтудың мәні жоқ».

 Жол бойындағы сервис объектілеріндегі дәретханалар

«Атамекен» ҰКП алаңында санитарлы-гигиеналық тораптарды өндірушілерімен техникалық талаптар және тораптарды күту бойынша қызмет көрсетуге қатысты («Project Partners» ЖШС, «Пиллор-Эвак» ЖШС, «EUROMODUL KZ» ЖШС, «Kaztelematica» ЖШС, «BA Oilfiled Services» ЖШС,  «TazaLike» ЖШС, «Опенспорт.KZ» ЖШС және басқалар) кездесу өтті.  

 2019 жылы санитарлық-гигиеналық тораптарды орналастыру картасы

 Санитарлық-гигиеналық тораптарға техникалық талаптармен күту және пайдалану, инфрақұрылым және қызмет көрсету бойынша негізгі шарттар (вентиляция, сумен жабдықтау, электр энергиясымен жабдықтау мен кәріз жүйесі) белгіленді.

2020 жылға дейін республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойында 300-ге жуық  жаңа санитарлық тораптар орнатылып, жұмыс істеп тұрған дәретханалар үлгісіндегі санитарлық-гигиеналық тораптар жаңартылады  (2019 жылы 53 торап).

Санитарлық-гигиеналық тораптарды қондыру ережелері мен талаптарын талқылау барысында өндірушілер өңірлердің климаттық ерекшеліктерін назарға алуды және вакуумды жүйені қолдануды таңдауды жеткізушілер құзіретіне қалдыруды ұсынды. Егер тиісті ұңғыма болса, онда вакуум жүйесін қондыру қажет етілмейді. Сондай-ақ оңтүстік өңірлер үшін санитарлық торапқа климат-контроль жүйесін орнату ұсынылды.

 Осы ретте өндірушілер жобаның тәуекелдеріне алаңдаушылық білдірді, өйткені санитарлық-гигиеналық тораптың негізгі құрауыштары (унитаз, вакуум) импортталады.

 Санитарлық-гигиеналық тораптарды қондыру талаптарына қосымша ретінде «ЭнКом-Ст» компаниясы энергия үнемдеу жүйесімен жасыл технологияларды қолдануды ұсынды.

  Жол бойындағы сервис объектілері құрылысын қаржыландыру

 «Қазавтожол» ұлттық компаниясы және «Бәйтерек» басқарушы холдингі арасындағы Келісім шеңберінде жол бойындағы инфрақұрылымды салуға арналған қаржыландыру 5 екінші деңгейлі банкке бөлінді (Сбербанк, ForteBank, Банк Центр Кредит, Альфа Банк және ВТБ Банк). Несиелеудің негізгі шарты – жоба құны 1 млрд теңгеден аспауы тиіс, несиелеу мерзімі   10 жылдан артық емес, сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 8%.

Жобаға қызығушылық танытқандардың назарына, жол бойындағы сервис объектілерін салуға жер телімін жұмыс істеп тұрған демалыс аймақтары жанынан іздеу керек, аталған аймақтарды «Қазавтожол» компаниясы қауіпсіз қозғалыстың барлық ережелерін ескере отырып, ұйымдастырған. Демалыс алаңдары туралы ақпаратты мына сілтеме арқылы көруге болады: https://goo.gl/maps/9KRy5SVvuY7WzBTy8

Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Дәретханалар салу»

Қазіргі таңда инвентаризация жүргізілуде, яғни «дәретханалар салу картасы» қалыптастырылып, туристік объектілерде дәретханаларды қамтамасыз ету және қызмет көрсетуде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін әзірлеу жұмыстары басталды.

 «Атамекен» ҰКП Туризм департаменті туристік жайлылықты бағалауда қытайлық 5А жүйесі негізінде дәретхана паспортының нобайы жасалды, дәретхананың екі түрі (бөлек тұрған дәретхана және объект ішіндегі дәретхана),  бағалау критерийлері (жалпы түрі, дәретхана инфрақұрылымы, қызмет көрсету және басқару) анықталды, оларға сәйкес дәретханалар жағдайы: толыққанды, қанағаттандырарлық және мүшкіл деп 3 типке бөлінеді.

Бұл шаралар туристік нысандардағы  әр дәретхана жағдайын егжей-тегжейлі анықтауға, сондай-ақ дәретханалар орнатылуы керек жаңа орындарды белгілеуге мүмкіндік береді.

 «Атамекен» ҰКП Туризм департаменті мен Жамбыл облысы әкімдігі Туризм басқарамасымен бірлесіп, пилоттық режимде 33 туристік объектіде дәретханалар түгендеу жұмысын жүргізді:

  •  15 туристік объектіде дәретханалар жоқ;
  • 3 объектіде дәретхана жағдайы толыққанды, 5 объектіде – қанағаттандырарлық, және 10 объектіде дәретханалар жағдайы мүшкіл.

Осындай жұмыс басқа өңірлерде жалғасатын болады. Бұдан бөлек мәселені жүйелі шешу мақсатында «Бағдарламалы МЖӘ» механизмі әзірленуде.

 Ел ауқымында жол бойындағы сервистің қандай объектілері жұмыс істейді?

2014 жылы ҚР СТ 2476-2014 стандарты қабылданды, оған сәйкес объектілер 4 категорияға бөлінеді.

 «А» категориясы – Жанармай станциясы+ТЖО+күзетілетін автотұрақ+санитарлық тораптар+бөлшек сауда пункті+сауда–ойын-сауық аймағы;

«В» категориясы – Жанармай станциясы+мотель+ТЖО+күзетілетін автотұрақ+санитарлық торап+бөлшек сауда пункті;

«С» категориясы – автотұрақ+тамақтану пункті+санитарлық торап+бөлшек сауда пункті;

«D» категориясы – «Жанармай станциясы» +санитарлық торап+бөлшек сауда пункті.  

  Қазіргі таңда ұлттық стандартқа кемпингтер үшін қосымша «Е» категориясын енгізу жоспарлануда.

 Бүгінде республикалық маңызы бар авто жолдарда 1 819 жол бойындағы сервис объектісі жұмыс істейді, соның ішінде 2018 жылғы қортындыға сәйкес – 47%-ы (850 бірлік) стандарт талаптарына сәйкес келеді.

Қазіргі таңда Қазавтожол қолданыстағы жол бойындағы сервис объектілерін ұлттық стандарттар талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыс жүргізілуде (2018 жылы «KazWaу» модульді типтегі 12 павильон салынды, 2019 жылы 53 павильон салынбақ).

 Естеріңізге салсақ, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев Атырау-Ақтау жол бағытындағы жол бойындағы сервиске бағалау жүргізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер