astana-view

Ақтауда жас кәсіпкерлер «BASTA» алаңында жиналды

2019 жылғы 27 Тамыз
- Маңғыстау облысы
5048 просмотров

Ақтау қаласында алғаш рет «Жас кәсіпкер» жобасының тыңдаушылары «BASTA» алаңында білікті кәсіпкерлермен кездесті

Жоба аты айтып тұрғандай, жастарды өз кәсібін бастауға шақыратын шара. «Баста» форумының мақсаты- жас кәсіпкерлерге пікір алмасуға, алдыңғы буын аға кәсіпкерлердің тәжірибесінен үлгі алатын тұрақты алаң жасау. Осындай шара облыстың барлық аудандарында апта сайын өтетін болады. Форумның басты ерекшелігі – табысты адамдарды шақыру.

Үлкен форматтағы кездесуде спикерлер жетістікке жету құпияларымен ашып, өмірлік тәжірибелерімен бөліседі. Ірі кәсіпкерлер қазіргі даңғыл жолына оңай жетпеген. Мың құлап, жүз сүрініп, тәжірибе жинаудың арқасында жеткенін жасырмайды. Сондай спикердің бірі- «Domino home & horeca» дүкендер желісінің иесі Жалғас Дәулетов. Оның айтуынша, үлкен алаңдарды жалға алып, дүкеншілер санын арттырып, ал сатылым төмен болған кезді еске алды. Шығын көлемі пайдадан бірнеше есе артып кетіп, тығырықтан жол тапқан әдістерін айтып өтті.  

«Біз кәсіп бастағанда бизнес-тренерлердің дәрісі болмаған. Ақылын беретін тұлғалар да табылмайтын. Өз қателіктерімізден сабақ алып, құлдырап барып, қайта көтерілу жолдарын өздеріміз зерттеп тапқанбыз. Енді кәсібін бастағандардың  ісі оңға басып кету үшін көмектесуді жөн көрдім. Кәсіпкер аяқтан тез тұрса, елдің дамуына да септігін тигізеді», – деп ойын түйіндеді  Жалғас Дәулетов.  

«Жас кәсіпкер» жобасы – жастарды оқытудың жаңа бағдарламасы. Қатысушылар өз кәсібін толықтай бастап кетуі үшін, оларға бір ай ішінде бизнестің барлық жолдары тегін оқытылады. Осы жоба аясында еліміз бойынша 200 оқу сыныптары ашылды. Еліміздің түпкір-түпкірінде жастар мен көп балалы отбасылар бизнес негіздеріне оқып жатыр. Осындай деректерді келтірген форум модераторы Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұрлыбек Жарылғапов.

«Жас кәсіпкер»  жобасы аясында жастарды оқыту, қаржыландыру және сүйемелдеу сынды барлық қолдау тетіктері ескерілді. Биыл елімізде кемінде 20 мың адам оқып,  жоқ дегенде 5 мыңы кәсібін ашып, әрі қарай аяққа тұруына барлық жағдай жасалады. Микрокредит, гранттар қарастырылады. Маңғыстау облысынының өзінде 600 жас кәсіпкерлік білімдерін шыңдайды.  Сонымен қатар «Бастау» жобасы бойынша жыл басынан 525 жұмыссыз білім алып, соның ішінен 68-і өз ісін ашып, жұмыстарын дөңгелетіп отыр. 2017-2019 жылдары біздің облыста «Бастау» бойынша 2437 адам оқыды. Осы жобалардың заңды жалғасы ретінде «Баста» форумын бастадық», – дейді Нұрлыбек Жарылғапов.

Жастарға табыс жолын айту, тың идеяларымен серпілту, бизнес-бастаманы және бизнес амбицияларды дамытуға серпін беретін шара «Баста» алаңында 3 бизнесмен спикер болды. Олар кәсіптерін ешбір тәжірибесіз бастаған. Кездесуге келген жастар табысты бизнесмендерге толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын тыңдады. Форумның тиімділігін алға тартқан олар осынша мотивация алып, жаңа идеялармен сусындағанын айтып ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер