astana-view

Алғашқы бесжылдық. Нұр-Сұлтанда «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің мерейтойлы конгресі өтті

2019 жылғы 28 Тамыз
4685 просмотров

Отандық бизнес ханымдар «Атамекен» ҚР ҰКП іскер әйелдердің мерейтойлық конгресі барысында алғашқы бесжылдықтың қорытындысын жасады. Бүкіл ел ауқымында Іскер әйелдер кеңесінің құрамы бүгінде кәсібін табысты жүргізіп отырған 1730 адамды құрайды.

Әлемдік және жергілікті экономикалық көрсеткіштердегі әйелдердің рөлі туралы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова айтты.

 «Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша әйелдердің әлеуетін толық деңгейде жүзеге асырылмауы салдарынан әлем жылына 30 трлн АҚШ долларына дейін жоғалтады екен. Сондықтан қай континентте болмасын, програссивті қоғам әйелдердің саясатта, экономикада және әлеуметтік салада қомақты рөл атқаруына қызығушылық танытып отыр. Әйелдердің мүмкіндік аясын кеңейту үшін Президент жарлығымен Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

 Ұлттық комиссия төрайымының айтуынша, бүгінде әйелдер «Рухани жаңғыру», «Цифрлық Қазақстан» бағдарламаларының жүзеге асырылуына, 4-ші өнеркәсіптік революция элементтерінің енгізілуіне белсенді атсалысуда. Жеке кәсіпкерлердің 52%-ы сонымен қатар шағын және орта бизнес басшыларының 43%-дан астамы – қыз-келіншектер. Олар 1 млн-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

Іскер әйелдердің жетістіктерін «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов атап өтіп, ер азаматтар іскер қыз-келіншектерден нені үйренулері керек екенін айтты.

«Қызмет етудің 5 жыл ішінде сіздер ұйымдастырушылық және жеке іске жауаппен қараудың жоғары үлгісін көрсеттіңіздер. Бізге, ерлерге мұны сіздерден үйрену керек. Осы мерзім ішінде көп меже өткеріліп, жобалар жүзеге асты. Әсіресе өңірлерде атқарылған жұмыс қуантады», – деді Абылай Мырзахметов.

 Атқарылған жұмыс нәтижесі туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова баяндады.

«Белсенді әлеуметтік жұмыстың жылдары ішінде   Кеңес мүшелері әйелдердің іскерлік қоғамдастығын қолдау бойынша 1500 іс-шара өткізді, бұл жұмыстарға 10 000-нан астам әйел қатысты. Былтыр Іскер әйелдер кеңесінің IV Конгресі шеңберінде Өңірлік кеңестердің жетекшілері Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қорын құрды. Қорды құру барлық кәсіпкерлерге ортақ мәселені – микроқаржы механизмі арқылы қаржыландыру мәселесін шешеді. «Қазақстан халық банкі» АҚ-пен тиісті меморандумға қол қойылды және кәсіпкер әйелдерді жеңілдікпен несиелеудің алғашқы бағдарламасы іске қосылды. Қазақстанда алғашқы «ALTYN OIMAQ» киім дизайнерлерінің ұлттық байқауы және елордада жуырда өтетін Жеңіл өнеркәсібінің алғашқы форумын ұйымдастыру  – ұйымның сәтті тәжірибесі деп айтуға болады», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова.

Ауылдық жерлерде әйелдерді оқытуы мәселесі маңызды. «Атамекен» биыл Азия даму банкімен бірлесіп Қазақстанның 8 өңірінде тренингтер өткізді.

«Әйелдерді үйреншікті ортадан, күнделікті күйбең тірліктен, бір сарынды әрекеттерден жұлып алып, анағұрлым қолайлы жағдайларға ауыстыруда. Бұл жайт бұрын сен ешқашан көрмеген және айналыспаған нәрсені  істеп көруге, мықты бизнес-тренермен жаттығуға мүмкіндік береді. Мұның бәрі тиісті нәтиже беруде. Әйелдер – қайырымды орта, ал ауыл әйелдеріне ақпараттық және қаржылық тұрғыдан кішкене ғана қолдау керек. Бастапқыда мұндай көмек оқу ақысын өтеу ретінде болсын», – деді Айгүл Ақшалова.

 Өз кезегінде Кайсери қаласы (Түркия Республикасы) кәсіпкерлік одақтың төрайымы Илжу Тугбахан бауырлас ел – Түркияда әйелдерге жаңа технологияларды игеру сонымен қатар экономикалық сауаттылыққа қалай көмектесетіні туралы айтты. Қазіргі таңда одақ 7 мың түрік әйелін – өз саласының үздіктері, кәсіпкерлік саласындағы ғалымдар, азаматтық қоғам мүшелерін біріктірген.

 «Одағымыз кәсіпкер-әйелдердің елімізде сапа әрі сан жағынан өсуін қамтамасыз ету және оларға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында саясатты әзірлеу бойынша миссияны қолға алды. Біз экономикалық саяси және әлеуметтік мәселелерімен жұмыс істейміз. Серіктестерімізбен әзірлеп жатқан «Менің әпкем» жобасы шеңберінде  9 300 әйелді цифрлық сауаттылық, ақапараттық қауіпсіздік, қаржы сауаттылығы және қолдаңбалы қаржы бойынша оқыттық. Белгілі болғандай, 2018 жылы ұйымымыз, «Атамекен» ҰКП және Түркияның іскер әйелдер кеңесі кездесу ұйымдастырып, бірлескен экономикалық мүдделерді ілгерілету жөнінде келісімге қол қойды», – деді Илжу Тугбахан.

 Қыз-келіншектерге тілектестігін БАӘ Іскер әйелдер кеңесінің президенті Фарида аль-Ауади да білдірді. Оның айтуынша, араб әйелдері даму жоланда  көптеген қиындықтарға тап болады.

 «Біз араб әйелімен, ол қай жерде болмасын, мақтанамыз. Барлық қиындықтарға қарамастан, ол барлық кедергілерді өткеріп, өзіне жол таба білді. Араб әйелі ол шешім қабылдауға мүмкіндігі болған кезде табысты бола алады. Әйелдеріміздің 200-ден астамы әлемде айтулы жетістікке жеткендердің тізіміне кіруі бізді қатты қуантады», – деді БАӘ Іскер әйелдер кеңесінің президенті Фарида аль-Ауади.

 Естеріңізге салсақ, Қазақстан астанасында бүгін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің конгресі өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер