astana-view

Қызылордалық Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы «Qobyz» сауда белгісімен өнімдер шығармақ

2019 жылғы 18 Қыркүйек
- Қызылорда облысы
4181 просмотров

Бұл туралы өңірдегі Жеңіл өнеркәсіп Қауымдастығының төрағасы Ділмұхамед Абызов айтты.

Бұға дейін Кәсіпкерлер палатасының алаңында тігін цехтарының иелері мен қолөнершілер, дизайнерлер жиналып, өңірлік Жеңіл өнеркәсіп Қауымдастығын құрған болатын. Аталмыш ұйым бірлесе отырып жергілікті мектеп оқушыларына арнап мектеп формасын тікті.

«Бүгінде жергілікті нарықтың 80 пайызын импорт тауарлар қамтып отыр. Киім-кешектердің басым бөлігі Түркия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстаннан тасымалданады. Отандық жеңіл өнеркәсіптің қадамына кедергі болып тұрған да осы шетелдік тауарларға тәуелділік. Сондықтан жергілікті жеңіл өнеркәсіптің әлеуетін арттыру керек», - дейді Ділмұхамед Мнуарбекұлы.

«Халық тұтынатын тауарлардан кейінгі екінші орында тұрған сала – жеңіл өнеркәсіп. Бқл сектордың әр мемлекет үшін маңыздылығы зор деп ойлаймын. Рас, бұл саладан көп салық түсе қоймауы мүмкін. Алайда саланың артықшылығы көп жұмыс қолын талап етуі. Ал бұл дегеніміз өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашудың таптырмас жолы. Бұл – жұмыссыздықпен күресетін жақсы құралдардың бірі» , - дейді кәсіпкер.

Бұған дейін «Dalatex» компаниясын құрған кәсіпкер Ділмұхамед Абызов ең алдымен ашық бәсекелестікте және нарықта жұмыс жасауды мақсат тұтқанын айтады. Кәсіпкер құрылғанына 3 жыл болған «Dalatex»-ті Қытай, Түркия, Өзбекстан тауарөндірушілерімен «ашық шайқаста» жүрген кәсіпорын деп санайды.

«Себебі «» базарда жүрген әр кәсіпкермен байланыс орнатып, шет елдік тауарөндірушілердің тауарының  деңгейінен кем болмайтындай өнім ұсыну қажет болды, ұсынып та келеді», - дейді «Dalatex»-тің негізін қалаушы.

 Ал «Бастауыш сынып оқушыларына арналған мектеп формалары» жобасының өмірге келуіне аталмыш саланың жергілікті тауарөндірушілермен игерілмеуі себеп болған.

«Өңірімізде бастауышта елу-алпыс мың бала оқиды. Бұл оқушыларға оқу формасын алу ең төменгі есеппен есептегеннің өзінде жобамен 500 млн.теңгені құрайды. Осыншама қаржы сыртқа, нақтырақ айтқанда Өзбекстан мен Қырғызстанға және өзге де елдерге кетіп жатыр. Біз осы өңірде тұрғандықтан аталмыш қаржының ең болмағанда 30 пайызы өз облысымызда қалса, экономикамызға пайдасы тисе, әлеуметтік жағдайды жақсартуға жұмыс жасаса деген мақсатты қойдық алдымызға», -  дейді облыстағы Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының төрағасы Ділмұхамед Абызов.

Қызылорда облысы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының халықтық Қауымдастығы биылғы жылы қолға алған «Бастауыш сыныптарға арналған бірыңғай мектеп формасы» әлеуметтік жобасына қаладан әзірге 33 мектеп қатысты. Алғашқы пилоттық жылда мектеп формасы бірінші класс оқушыларына арналып тігілді. Қауымдастықтың аясында жобаға «Dalatex»-тен өзге 20-ға жуық тігін шеберханасы қатысып, 100-ден астам адам жұмыспен қамтылды.

«Жобаны бірінші рет жүзеге асырғандықтан жеткізуде, тапсырысты дер кезінде орындауда кемшіліктеріміз де болды. Дегенмен алған міндеттемемізді толықтай орындап шықтық. Жобаның ең үлкен жетістігі шағын 20-ға жуық тігін шеберханасын тапсырыспен қамтамасыз ете алғанымыз. Келесі бір артықшылығы жобаның әлеуметтік жоба болғандығында. Яғни тігілетін киімді 10-12 мың теңгеден асырған жоқпыз», - дейді Ділмұхамед Абызов.

Жеңіл өнеркәсіп Қауымдастығы алғашқы өнімдерін «Qobyz» сауда белгісімен шығарып бастады. Қауымдастық бұл жобамен тоқтап қалмай, әрі қарай жалғастыруды көздеп отыр. Ол үшін өнімдерді «Qobyz» сауда белгісімен шығарып көрші өңірлерге, тіпті өзге елдерге де шығаруды жоспарлауда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер