astana-view

Екі күн ішінде «Кәсіп алаңы» мотивациялық курсына 2300 алматылық қатысты

2019 жылғы 19 Қыркүйек
- Алматы қаласы
3049 просмотров

Бір ай ішінде семинарлар мен вебинарларда барлығы 80 мың қатысушы қатысады деп күтілуде

«Кәсіп алаңы» атты бір күндік мотивациялық семинарлар мен вебинарлар барысында танымал кәсіпкерлер, салалық сарапшылар, жетекші бизнес-тренерлер дұрыс бизнес құрып, нарықта өз орнын табу сияқты жеке ұсыныстармен бөліседі, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары туралы әңгімелейді. Өнімсіз жұмыспен қамтылған жастарға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен көп балалы аналарға арналған жоба «Атамекен» ҚР ҰКП қатысуымен қала әкімдігі әзірлеген «Almaty business-2025» бизнесті дамыту бойынша өңірлік бағдарлама аясында жүзеге асырылады. Бір күндік курстар мен вебинарлардың қорытындысы бойынша 80 мың адам қамтылу керек.

«Алматы қаласында қазан айынан бастап бизнесті дамытуға бағытталған «Almaty business-2025» жобасы басталады. Жоба бірнеше компонентті қамтитын болады – олардың қатарында оқыту, қаржыландыру, сүйемелдеу, шағын индустриялық аймақ құру және экспортты сүйемелдеу секілді бағыттардан тұрады. Бастаушы кәсіпкерлер салық және статистикалық есептілікті қалай тапсыру қажеттігін, бизнес-жоспарды дұрыс жазу жолдарын кәсібін бастамай тұрып түсініп алуы тиіс. Бұл жоба бойынша қаржыландыруға ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер, жұмыс істеп тұрған және стартап – жобалар қатыса алады», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов.

«Кәсіп алаңы» мотивациялық семинарлары мегаполистің барлық сегіз ауданында 11 қыркүйек пен 18 қазан аралығында жоғары оқу орындары, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар, қаланың әмбебап базарлары және аудандық әкімдіктер базасында өтеді.

Қатысушыларды тіркеу әкімдіктерде, «Атамекен» ҚР ҰКП, Халықты жұмыспен қамту орталығында, сондай-ақ онлайн тәртібі арқылы жүргізіледі. Ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап «Qoldaý.kz» сайтынан да вебинарлар беріле бастайды.

Семинарлар мен вебинарлардың негізгі тақырыптары – оңтүстік қаланың басым салалары: туризм, сауда, құрылыс, көлік, қонақ үй бизнесі, өндіріс, IT, қаржы, сақтандыру және басқа салалар.

Курстар мен семинарларда салалық сарапшылар жаңа бастаған кәсіпкерлерге бизнесті жүргізудің моделін құру, бизнесті жылжыту мен дамыту бойынша кеңестер береді және оқу жүйесі менеджмент, құқықтық қамтамасыз ету, бухгалтерлік есеп, маркетинг және басқа да бағыттарды қамтиды.

Қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың айтуынша, аталған семинарлар мен вебинарлар барысында курсқа қатысушыларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар етпек. Мәселен, «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығы өз қызметтерін таныстырады.

«Өткен аптада бастау алған жоба құрамында барлық жастағы жұмыссыз әрі өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер, көпбалалы аналар бар барлығы 2300-ден астам адамды қамтыды. Жоспар бойынша бір күндік семинарлар мен вебинарлар қаланың барлық аудандарын қамтымақ. Біздің «Кәсіп алаңы» бағдарламамыз кәсіби дағдыларды арттыруға арналған платформа іспеттес. Жаңа мамандықты игеріп, білім алуға, соның ішінде шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың тетіктері мен құралдары туралы білімін жетілдіретініне сенімдіміз», – деп атап өтті Сапарбек Тұяқбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер