astana-view

Ақтөбе облысында Кәсіпкерлік қызметті қолдаудың жол картасы бекітілді

2019 жылғы 03 Қазан
- Ақтөбе облысы
6923 просмотров

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов өңірге жұмыс сапары аясында облыс әкімі Оңдасын Оразалин және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Бизнес саласындағы мәселелер талқыланды, кездесу нәтижесінде Кәсіпкерлік қызметті қолдаудың жол картасы бекітілді

Кездесу барысында бизнес-омбудсмен кәсіпкердің жиі кездесетін мәселелері туралы егжей-тегжейлі айтты. Оның айтуынша, 2016 жылдан бастап 2018 жылға дейін омбудсмен мен оның аппаратына бизнесті қорғау туралы 17 мыңнан астам өтініш келіп түскен, олардың 46%-ы толық немесе ішінара шешімін тапқан. Кәсіпкерлердің қорғалған мүліктік құқықтарының сомасы 110,8 млрд теңгені құрады. Бұл күші жойылған айыппұлдар, өсімақылар, кәсіпкерге қайтарылған немесе сақталған мүлік. Ең көп өтініштер жер құқықтық қатынастары, салық қатынастары, сатып алу мәселелері бойынша және құқық қорғау органдарына шағымдар ретінде келіп түскен.

2018 жылы Ақтөбе облысының кәсіпкерлерінен бизнесті қорғау мәселелері бойынша 283 өтініш түсті. Оның 164-і оң шешімін тапты.

Болат Палымбетов атап өткендей, жыл сайын ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірге кәсіпкерлік ортаны жақсарту бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Нәтижесінде мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі түбегейлі қайта қаралды. Егер 2011 жылы лицензиялар мен рұқсаттардың 1115 түрі болса, қазір олардың саны 315-ті құрайды. 800-ден астам немесе 72% рұқсаттар мен лицензиялар қысқартылды. Барлық рұқсаттар «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңда реттелген. Мұндай оңтайландырудың әсері – бизнес үшін қаржылық шығындарды 1,5 млрд теңгеге жыл сайын төмендету.

Сондай-ақ, ол бизнесмендерге қатысты қылмыстық және әкімшілік заңнаманы ізгілендіру жұмыстары туралы айтты. 2019 жылдан бастап экономикалық құқық бұзушылықтар бойынша қылмыстық істер саны бес есеге қысқарды. Ал қазақстандық кәсіпкерлерді қорғау аумағы бүгін ЕАЭО елдерін де жаулап алуда.

Айта кету керек, бизнестің барлық жүйелік мәселелері бірыңғай тізілімде жинақталған, оған 619 сұрақ кіреді. Қазіргі уақытта 489 мәселе шешілді, 28-сы шешу кезеңінде, 102-і мемлекеттік органдармен талқылануда.

Жүйелік мәселелерді шешу әр түрлі бағыттарда жүзеге асырылады, олардың бірқатары Бас прокуратурамен, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен қол қойылған «жол картасы» аясында жүзеге асырылады.

Кездесу соңында жиналысқа қатысушылар Ақтөбе облысында кәсіпкерлік қызметті қолдауға арналған тағы бір «Жол картаны» бекітті және оған қол қойды.

Жол картасында 11 пункт бар. Бірінші кезекте жер учаскелері туралы ақпаратқа онлайн қол жеткізуді қамтамасыз ету және инженерлік - коммуникациялық желілерге қосу; жеке меншік балабақшаларды жан басына қаржыландыруға бөлінетін қаражатты арттыру; жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын Ақтөбе облысының сүт-тауар фермаларын дамытудың өңірлік бағдарламасын әзірлеу; асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына 50 бастан бастап сүт-тауар фермалары үшін мал азығын дайындауды субсидиялауды көздейтін өзгерістер енгізу; ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін субсидиямен қамтуға және олардың тиімділігіне талдау жүргізу және т. б. өзекті мәселелер көрініс тапты.

Болат Палымбетов, мемлекет басшысы нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін дамудың басым бағыттарын айқындай отырып, әрбір облыстың өңірлік ерекшелігін ескеруді тапсырғанын атап өтті. Осы картаны орындау аясында әрбір кәсіпкерді толғандыратын мәселелер шешімін табатынына сенім білдірді.

«Жалпы, барлық өңірлерде проблемалардың 90%-ы жергілікті деңгейде шешіледі. Бүгін бекітілген «Жол картаны» жүзеге асыру бойынша Кәсіпкерлер палатасының облыс әкімдігімен бірлескен жұмысы, аймақ бизнесінің дамуына айтарлықтай серпін беретініне сенімдімін. Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасының шекаралық ынтымақтастықты дамытудағы белсенді жұмысын ерекше атап өткім келеді. 2017 жылы Ресейдің Бизнес-омбудсменімен қол қойылған келісімнің арқасында олар Ресей мен Қазақстан өңірлерінің бизнес-қауымдастықтары, кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі құрылымдары, билік органдары арасындағы шекаралық ынтымақтастықты орнатады», – деді ҚР бизнес-омбудсмені Болат Палымбетов.

Бүгінгі күні Ақтөбе облысында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерліктің 58 388 субъектісі тіркелген.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер