astana-view

Мәжіліс депутаты «фейктің» мәнін түсіндірді

2019 жылғы 23 Қазан
3855 просмотров

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов «Бастау Бизнес» жобасын фейк деп атағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz

Естеріңізге салсақ, әлеуметтік желілерде фракция мүшесі Берік Дүйсембинов Мәжілістің пленарлық отырысы барысында «Бастау Бизнес» жобасын фейк деп атағаны туралы ақпарат тарап кетті. Бұл туралы блогер Кирилл Павлов мәлімдеген болатын. Осы ретте депутаттың өзі аталған сөздерден бас тартты. Дүйсенбинов басқа нәрсені меңзегенін алға тартуда.

«Өкінішке қарай, кейбір азаматтар менің сөздерімді дұрыс түсінбеген. Жалған жұмыс орындары туралы айта отырып, мен олармен әкімдіктер жанындағы жұмыспен қамту орталықтары айналысатынын айтқан болатынмын. Орталықтар оларға бір-екі айдан кейін қайтып келетін адамдарды жұмыспен қамтып отыр. Осы ретте мен экономиканың нақты секторында  шынайы жұмыс орындарын бизнесмендер құра алады деп айттым да «Атамекен» Ұлттық палатасының «Бастау Бизнес» жобасын мысалға келтірдім», – деп түсіндірді депутат.

 Оның пікірінше, блогерлер сөздерді контекстен жұлып алып, нәтижесінде депутат сөзінің мәні өзгеріп кеткен.

 «Сол күні біз лотерея саласына ҚҚС-ты салу қажет пе, соны талқыладық. Мен сол кезде егер мемлекет жалпы лотерея қорынан ҚҚС ретінде 12%-ды алып отырса, онда бұл сала бір жылдан кейін жойылады деген пікір айтқанмын. Лотерея жөніндегі бірыңғай оператордың ақпараты бойынша бүгінде салада үш мың жұмыс орны құрылған. Мен сол күні, егер осы жұмыс орындарын жоғалтсақ, атаулы әлеуметтік көмекке ғана жұмыс істейтін боламыз ба? Әкімдіктердің жұмыспен қамту орталықтары арқылы фейкті жұмыс орындарын құрғанша, құрылған осы үш мың жұмыс орнын сақтап қалу абзалырақ деп айттым. «Бастау Бизнес» арқылы жұмыс орындарын өсіру керек, өйткені мұнымен кәсіби түрде айналысу керек», – деді депутат Дүйсембинов.

Мәжіліс депутаты лотерея бизнесіне ҚҚС салу дұрыс емес деп санайды, өйткені салада қосылған құн жоқ.

 «Егер елімізде өркениетті әрі ашық лотерея болғанын қаласақ, онда біз осы бастамадан бас тартуымыз керек. Өйтпеген жағдайда түсініксіз салаға ұрынып, билеттердің әлеуметтік желілер арқылы сатылуына тап боламыз. Біз бұл түзетуді жұмыс топта енгіздік», – деп қорытындылады депутат.

«Бастау Бизнес» бағдарламасы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2017 жылдан бері іске асырып келеді.  Бағдарлама шеңберінде 88 мыңнан астам адам оқытылды. Соның ішінде 27%-ы жеке кәсіп ашып, 31,5 мың жұмыс орнын құрды. Бағдарлама қатысушылары 35,0 млрд теңгеге жобаларды жүзеге асырды, шығарылған өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 50,0 млрд теңгені құрады. 620 млн теңге – «Бастау» түлектерінің 2017 жылдан бастап 2019 жылдың 1 тоқсаны аралығында мемлекеттік бюджетке аударған салық төлемдері.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер