astana-view

«Атамекен» жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытуға қатысты маңызды жетістіктер мен мәселелерді атады

2019 жылғы 29 Қазан
3339 просмотров

Бүгін ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің басшылығымен кезекті Үкімет отырысы өтті.

Жұмыс жиналысының күн тәртібіндегі қос басты мәселенің бірі - нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасын іске асырудағы прогресс туралы болды.

Отырыс барысында сөз сөйлеген «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев бағдарламаның бағыттары бойынша маңызды мәселелер мен нәтижелерді баяндады.

Спикердің айтуынша, бірінші бағыт – қысқа мерзімді оқыту бойынша жалпы саны 63,2 мың адам оқудан өтіп, оның ішінде орташа жұмысқа тұру көрсеткіші 68,3%-ды көрсетіп отыр екен.

Қазіргі уақытта тізілім бойынша 815 оқу орталығы жұмыс істейді, яғни кәсіпорындар базасындағы оқу орталықтарының саны 3,8 есе өскен. 2019 жылғы оқу жоспары 60 000 адамды құрап отыр.

Эльдар Жұмағазиевтің дерегінше, сауалнамаға қатысқандардың 97%-ы оқыту нәтижелеріне қанағаттанғандарын айтқан. Спикер осы бағыт бойынша бірқатар проблемаларды да атап өтті. Біріншісі -  оқудан өтушілер стипендия мөлшерін көбейту мәселесіне көңіл бөлген, екінші мәселе -  оқу мерзімін, практикалық сабақтардың уақытын көбейту (колледждерде және тәуелсіз оқу орталықтарында) болып отыр.

«Атамекен» сондай-ақ 2019-2021 жылдарға кадр қажеттілігінің талдауын жүргізген. 34 мыңға жуық компанияның жартысынан көбінде бос жұмыс орындары бар көрінеді, әрі олар алдағы 3 жылда жыл сайын шамамен 30 мыңнан вакансия болатынын атап өткен. Эльдар Жұмағазиев мамандықтарға қажеттілік скринингінің нәтижесі бойынша нақты керекті мамандарды оқыту - еңбек нарығының теңгерімсіздігін болдырмау үшін аса қажет екенін баса айтты.

Мемлекеттік бағдарламаның тағы бір бағыты – «Бастау» бағдарламасы бойынша «Атамекен» 2 жыл 9 айдың ішінде 88 мыңнан астам адам оқытқан. Спикердің мәліметінше, 24 мыңға жуық қатысушы қаржыландыру сатысына дейін жетіп,  өндіріс көлемі және қызметтер сомасы 72,8 млрд теңгені құраған, 65,0 млрд теңгеге жобалар іске асырылған. Бұл әр салынған 1 теңгеге 1,8 теңге қайтарым болып отыр деген сөз.

Үкімет отырысында «Бастау» жобасының салалық бөлінісі де көрнекі түрде таныстырылды. Қатысушылардың 71%-ы ауыл шаруашылығына, 29%-ы қызмет көрсетуге бейім, ал «Жас кәсіпкер» жобасында керісінше бөлініс байқалады.

Спикер сондай-ақ қысқа мерзімді оқыту және «Бастау» жобасына қатысты мәселелерді атап өтті. Соның ішінде қысқа мерзімді оқыту құнын анықтау әдістемесін әзірлеу, қысқа мерзімді оқуға қатысатын адамдарды тіркеу қажеттілігін алып тастау, мемлекеттік білім беру тапсырысын жұмыс берушінің деректері бойынша тарату, студенттердің сабаққа қатысуын онлайн түрде тіркеу механизмдерін айрықша белгілеп көрсетті.

«Бастау» жобасы бойынша «Атамекен» өкілі ШҚО-да Жол картасы бойынша Ұлттық қордан бөлінген қаражатқа қол жеткізу және Қаржылық қолдау қорының несиесіне ие болу мүмкіндігі, «жұмыссыз» статусын тіркеу және анықтама алу мәселесі, грант алу критерийлері - жергілікті жердегі комиссиялардағы жемқорлық тәуекелдерінің ұлғаюы, электрондық кезек енгізу т.б. проблемалар мен ұсыныстарды атап өтті.

Вице-премьер Бердібек Сапарбаев та өңірлердегі оқыту және жұмысқа орналасу мәселесіне қатысты пікірін айтып, осы бағыттар бойынша бірлескен жұмыстарды жалғастыратынын мәлімдеді. Өз кезегінде Премьер-министр Асқар Мамин өкілетті органдарға осы жобаларды жүзеге асыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер