astana-view

Қызылордада ауыл шаруашылығы саласының тауарөндірушілеріне етті бағыттағы ірі қара малды өсіріп, көбейту жолдары түсіндірілді

2019 жылғы 31 Қазан
- Қызылорда облысы
1943 просмотров

Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданындағы «Заман Ата» шаруа қожалығының базасында Кәсіпкерлер палатасы мен «Біліктілік орталығы» ЖШС-і ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арнайы семинар өткізді.

Шарада етті бағыттағы ірі қара малдарды азықтандыру, өсіру және көбейтудің әдіс-тәсілдері жөнінде айтылып, саладағы жаңалықтар талқыланды.

«Қызылорда облысында мал өсірудегі өте маңызды мәселелердің бірі – ет бағытындағы шаруашылықтарды дамытып, сиыр етін ішкі және сыртқы нарыққа шығару. «Атамекеннің» ұйымдастырған семинарында қараған мәселеміз де осы. Өңір шөл және шөлейтті аймақта орналасқандықтан мұндай жерлерді пайдаланудың тиімді жолы етті ірі қара мал санатына жататын қалмақ сиырын өсіру болып табылады. Семинарда мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға сиырдың осы түрін бағу, селекциялық мәселесі, оны әрі қарай дамыту жолдарымен таныстырдық», - дейді Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Нұридин Әлібаев.

Етті ірі қараның ішінде «қалмақ сиыры» деп аталатын тұқымы елімізде 2000 жылдан бері өсіріліп жатыр екен. Мамандардың айтуынша, ірі қара малының бұл түрі өте шыдамды, өсіруге тиімді. Оның негізгі ерекшеліктерінің бірі – қатаң климатқа төзімді, терісінің қалыңдығына орай құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейге шыдамдылығында.

Семинарда мамандар қалмақ сиырының аналығының салмағы 600 кг-ға дейін, аталықтары 1000-1200 кг-ға дейін жететіндігін, бұл тұқымның жайылымдық жерді жақсы пайдаланып, оған шығын аз жұмсалатындығын да айтып өтті. Соның арқасында елімізде мал шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкерлер бүгінде ірі қараның осы тұқымын өсіруге басымдық беріп жатыр екен.

Шарада мұнан өзге ветеринариялық шараларды жүргізу, мал басы туралы барлық мәліметтерді жинақтайтын арнайы чиптер, мал тұқымын асылдандыру, қолдан ұрықтандырудың пайдасы және өзге де мәселелер қаралды.

Айта кету керек, «Атамекен» ҰКП жанынан құрылған «Біліктілік орталығы» ЖШС Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасымен бірге ауылшаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің кәсіби біліктілігін көтеруге арналған шаралар өткізуде. Бүгінгі күнге дейін мал және өсімдік шаруашылығы бағыттары бойынша облыс көлемінде 5 тегін семинар өткізілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер