astana-view

«Атамекен» шет елдерде тұратын этникалық қазақтар мен отандастарды қолдау бағытында меморандумға қол қойды

2019 жылғы 22 Қараша
7125 просмотров

«Атамекен» ҰКП және «Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Келісімге «Отандастар» қорының президенті Нұртай Әбіқаев пен палатаның Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов қол қойды. 

Атап өтейік, «Отандастар» қоры - шет елдерде тұратын этникалық қазақтар мен отандастарды қолдау жұмысы бойынша мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдармен нақты бағыттарды айқындап, серіктестік танытып қызмет етіп келе жатқан ұйым.

Меморандум «Атамекен» ҰКП мен Қордың көптеген бағытта тығыз байланыста жұмыс атқаруы үшін құқықтық негіз бекітті. Мәселен, құрылымында call-орталық пен өңірлік қоғамдық қабылдауы бар ұйымның отандастарды ақпараттық қолдау орталығына «Атамекенде» жинақталған кәсіпкерлік туралы білім банкін пайдалану, бизнесті құру және дамыту, палата жүзеге асыратын бағдарламалар бойынша оқу, инвесторлар мен стартаптарды іздеу мүмкіндігі туды. 

Сонымен қатар ынтымақтастық аясында «Менің Атамекенім» және бизнес саласындағы шетелдік қазақтардың ұйымдарын әлем бойынша бір желіге біріктіретін «Атамекен» Іскерлік үйі» жобасын іске асыру мәселелері де қамтылды. Этникалық қазақтардың тарихи отанына жаппай көшуін ынталандыруды қарастыратын «Темір қазық» бағдарламасына дербес басымдық берілді. 

 «Отандастар» қоры мен «Атамекен» ҰКП бірлескен жұмысының алдағы бағыттары «ОТАНДАСТАР. БОЛАШАҚҚА БАҒДАР» халықаралық дөңгелек үстел аясында өтетін «Атамекен» Іскерлік үйінің» панельдік сессиясында кезінде нақтыланады.  Аталған шара биыл 28 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында өтеді, жиынға 20 елдегі қазақ диаспорасынан 150 делегат қатысады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер