13 желтоқсанда ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздарын және «Қазақстанның үздік тауары» байқауының дипломанттарын марапаттау рәсімі өтеді
2019 жылғы 13 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында «ЭКСПО» конгресс-орталығында Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаз-лауреаттарын және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесінің дипломанттарын марапаттау рәсімі өтеді.
ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын иемдену үшін байқау мен «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі ҚР Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы № 194 «Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығын алуға арналған конкурс туралы» Жарлығымен жеке өндірісті дамыту және тауарлар мен қызметтердің сапасын үздіксіз жақсарту мақсатында құрылды.
Байқау төрт номинация бойынша өткізіледі: «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын»; «Халыққа арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын»; «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын»; «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын».
Әр номинацияда шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері санаттары бойынша үш сыйлықтан беріледі. Жыл сайын еліміздің 200-ден астам кәсіпорны «Алтын сапаның» үміткері болады.
«Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесі үш номинация бойынша өткізіледі: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»; «Халыққа арналған үздік тауарлар»; «Үздік азық-түлік тауарлары».
Байқаулардың лауреаттары мен дипломанттары төрт жыл бойы байқау эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығын алады. Олар туралы ақпаратты тек марапаттау рәсімінде білуге болады. Іс-шара ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың және еліміздің басқа да жоғары лауазымды тұлғаларының қатысуымен өтеді.
Өтетін орны мен уақыты: 13 желтоқсан, уақыты 09.00 (07.00 мен 08.00 арасында ғимаратқа кіріп үлгеру қажет), Нұр-Сұлтан қ., «ЭКСПО» конгресс-орталығы, Сауран к-сі 44.
Журналистер үшін аккредитация 9 желтоқсанға дейін https://is.gd/w83pUI сілтемесі бойынша жүреді.
Сұрақтар бойынша: 8 (7172) 919-367, pr@atameken.kz
Пікір қалдыру:
Пікірлер: