astana-view

Алматыда «Бастау» түлегі алған гранты мен жеңілдетілген несиеге балабақша ашты

2020 жылғы 28 Қаңтар
- Алматы қаласы
5486 просмотров

Қандасымыз Биғұлсын Келіскен кәсіпкерлік негіздерін оқып, Алатау ауданындағы өз үйінен 80 орындық балабақша ашты.

47 жастағы Биғұлсын Келіскен осыдан төрт жыл бұрын Қытай елінен Қазақстанға көшіп келген.

«Мен Қазақстанға көшіп келмей тұрған уақытымда 21 жыл бойы медбике болып жұмыс істедім. Ал жолдасым болса 23 жыл бойы қытай тілінен қазақ және ұйғыр балаларына сабақ берді. Осыдан төрт жыл бұрын ғана біз Қазақстанға көшіп келдік. Алғашында бұл жаққа келгенде ісімізді неден бастарымызды білмедік. Содан өткен жылы «Атамекен» ҰКП-ның «Бастау» бизнес жобасына қатысып, 505 мың теңге көлеміндегі грантты жеңіп алдық. Сондай-ақ, бизнес-тренеріміздің сүйемелдеуімен біз 6% жеңілдікпен несиені иелендік. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында бүгін өз балабақшамызды ашып отырмыз. Алғашында бұл үйді өзіміз тұрамыз деп соққан болтынбыз, кейін грантты алып, бизнес жоспарымызды әзірлегеннен кейін осы жерден балабақша ашуды жөн көрдік. Балабақшаның нақты жұмыс бастағанына бір апта ғана уақыт болды, алайда қазіргі таңда бұл жерде 10 бала  тәрбиеленуде. Алдағы уақытта бұл жер тек бала тәрбиелейтін ғана емес, сонымен қатар, қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерін үйрететін тілдерді дамыту орталығына айналады», - деп мәлімдеді жоба тыңдаушысы Биғұлсын Келіскен.

Алатау ауданының бизнес-тренері Ербол Сүйінбаевтың айтуынша, «Бастау» жобасының түлегі оқуды бастаған күннен бастап, үйренуден еш жалықпаған білгір тыңдаушы әрі, барлық тақырыптарды толық меңгеруге тырысуда.

«Биғұлсын  жобаның алғашқы легінде білім алды. Ол өз жобасын өткен жылдың қараша айында қорғап, 505 мың теңге көлемінде грант алды. Жалпы балабақша 80-ге жуық баланы тәрбиелеуге арналған орталық. Айналасында жаңадан соғылған үйлердің барлығына адамдар қоныстанғаннан кейін балабақшаның жұмысы 100% дейін орындалатын болады», - деп атап өтті ол.

Айта кету керек, бүгінде Neet санатындағы 2 650 жастар «Жас Кәсіпкер» компоненті бойынша, ал «Бастау» жобасы бойынша 4 250 адам білім алды. Оның ішінде 153 - мүгедектер, 685 - аз қамтылған отбасылардың мүшелері, 1339 - жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар, 830 - көп балалы отбасылардың мүшелері және 1393 - жұмыссыздар. Кәсіпкерлік негіздері бойынша курс аяқталғаннан кейін «Жас Кәсіпкер» жобасының 1771 тыңдаушысына және «Бастау» жобасының 1046 тыңдаушысы гранттарды иеленді, сондай-ақ, «Бастау» жобасының қатысушыларына  осы жылы қосымша  700-ден астам грант комиссия мүшелерімен мақұлданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер