astana-view

Қазақстанда жұмыссыздардың басым бөлігі еңбекке қабілетті

2020 жылғы 05 Ақпан
2738 просмотров

Елімізде жұмыссыздардың көпшілігін еңбекке жарамды адамдар құрайды. Олар 25-46 жас шамасындағы азаматтар екен. Бұл жөнінде бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев мәлімдеді

Оның айтуынша, 62,7 мың адамнан алынған сауалнама нәтижесінде жұмыссыздардың 59,2%-і жоғары және кәсіби-техникалық білімі бар азаматтар болып шыққан. Сондай-ақ, ол респонденттер арасында жұмыссыз жастардың үлесі 13% (18455 адам), оның ішінде жоғары білімді – 31,3%, орта білімді – 47% екенін атап өтті.

«Осылайша, жұмыссыз әйелдердің 37%-і және ерлердің 39,3%-і, оның ішінде жұмыссыз жастардың 21,8%-і ғана мектепте білім алған», – деді өз сөзінде О.Ордабаев.

Брифинг барысында жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары екені айтылды. Қазір бұндай салаларда мамандар жетіспеушілігі 70%-ға жеткен.

«Қызметкерлерге деген қажеттіліктің 70%-і жұмыс біліктілігімен байланысты. Әрдайым тракторшы, дәнекерлеуші, жүргізуші, даяшы, сатушы және электрик сияқты мамандар қоғамға өте қажет. Сонымен бірге, солтүстік аймақтардағы аудандық мектептердегі дәрігерлер, мұғалімдер, кеңсе менеджерлерінің, әртүрлі ұйымдардағы әкімшілердің белгілі бір жетіспеушілігі бар», – деді ол.

Айта кетейік, жиын кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, өткен жылы 424 мың жаңа жұмыс орны құрылғаны белгілі болды. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 14%-ке жоғары. Соның ішінде тұрақты жұмыс орындарының саны 280 мың немесе 66%-ті құрайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер