Атырауда балық шаруашылықтарына СТ-1 сертификатын беру жеңілдейді
Енді Құрманғазы ауданындағы балық өндіруші кәсіпорындарына өнімді экспорттауда талап етілетін СТ-1 сертификатын рәсімдеу үшін облыс орталығына барудың қажеті жоқ
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасымен балық саласы кәсіпорындарының өнімді ЕАЭО елдеріне экспорттауға қатысты мәселелерін талқылау мақсатында балықшылар және мемлекеттік органдардың қатысуымен бірқатар кездесулер ұйымдастырылды. Кездесулерде балықшылар өнімді экспорттауға қажетті құжаттарды рәсімдеу көп уақыт алатынын, мұндай жайт тез бұзылатын өнім үшін болмайтынын айтты. Рәсімделетін құжаттар ішінде – ӨКП беретін СТ-1 сертификаты бар.
«Өнімді ЕАЭО елдеріне экспорттайтын балық саласындағы кәсіпорындар үшін қажетті жағдай жасау мақсатында СТ-1 сертификатын жергілікті жерде беру туралы шешім қабылдадық. Енді маманымыз, балық аулау науқаны кезінде Құрманғазы ауданына ісспармен баратын болады, бұл елдімекен негізгі шекаралық пункт болып саналады. Құрманғазы ауданындағы балық өндіру кәсіпорындары науқан кезінде СТ-1 сертификатын ӨКП-ның Құрманғазы аудандық филиалынан ала алады, мекенжайы: Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылы, Абай көшесі 6. Облыс орталығында тіркелген қожалықтар бұрынғыша сертификатты облыс орталығынан алады», – деді Атырау облысы ӨКП директоры Абдолла Идресов.
Кездесулер барысында балық саласы өкілдері сондай-ақ ветеринарлық анықтаманы беру мерзімін қысқарту туралы ұсыныс білдірді. Балықшылар мемлекеттік кірістер органдарына шот-фактураларды сәйкестендіру қажеттілігіне де шағымданды. Мұны электронды шот-фактураны шығару мезетінен бастап бір күні ішінде орындау қажет. Осы шарттардың барлығы балық өнімі экспорттауды тежейді, – деп шағымданды балықшылар. ӨКП балықшылардың мәселелерін Мәселелер тізіліміне енгізу мақсатында «Атамекен» ҰКП орталығына жіберді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: