astana-view

Маңғыстау импорт алмастыру бойынша алдыңғы қатарда тұр

2020 жылғы 28 Ақпан
- Маңғыстау облысы
4493 просмотров

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша бағыттарды, импорт алмастыруды, экспортты дамыту жайында кеңейтілген кездесу өтті

Оған облыс әкімнің орынбасары Ә. Қыраубаев пен МО кәсіпкерлер палатасының директоры Н. Қарасаев қатысты. Бұдан бөлек мемлекеттік қызметкерлер, қаржы институттары мамандары мен кәсіпкерлер келді.
Шарада Жобалық алқа аясында ақпан айында берілген жеңілдетілген несие есебі айтылды. Сонан соң мемлекеттік сатып алуларда жергілікті қамту жағдайы талқыланды. Сонымен қатар
«2020-2025 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы түсіндіріледі. Маңғыстау облысы импорт алмастыру жағынан алдыңғы қатарда екені атап өтілді.

          «Бізде өткен жылмен салыстырғанда КРІ білім мен денсаулық салаларында 20% өсті. Бұл көрсеткішті мұннан әрі көтеретіндей мүмкіндік бар. Соны қолға алуымыз керек. Мектептер мен балабақшаларда балаларды тамақтандыру барысында сүт өнімдері толықтай жергілікті өніммен қамтамасыз етілетінін білеміз. Соның бәрі есепке қосылмай отыр.  Осындай жағдайларды ескеруді ұсынамын»,- дейді ӨКП директоры Нұрбек Қарасаев.   

 Облыста «Қарапайым заттар экономикасы» аясында жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 88 млрд теңгеге жуық қаражатқа 71 жоба жүзеге асырылды. Олар толық іске қосылған жағдайда 1 095 жұмыс орны құрылатын болады. Мәселен, Жаңаөзен қаласында 2025 ж дейін іске қосылуы тиіс қант пен набат өнімдерін шығаратын «Орда өндірістік базасы» ЖШС-і 50 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтып, жылына 890 тн жергілікті өнім шығаруды жоспарлап отыр. Ал, «Оймаша» ЖШС болса, техникалық тұз өндірісін қолға алмақшы. Жоба құны 100 млн тг құрайды. Жылына 100 мың тн техникалық тұз шығару арқылы өңірде толықтай импортты алмастыра алады. Сондай-ақ, экспортқа шығару үлесі артады. 

 Екінші деңгейлі банктер мен Агро несиелеу корпорациясы (АНК) жалпы сомасы 57 млрд. теңгеге 38 жобаны мақұлдады. Банктер мен АНК қарауында сомасы 1 230 млн. теңгеге тағы 7 жоба бар.

          «Қарапайым заттар экономикасының» негізгі мақсаты- мемлекеттің қолдауымен кәсіпкерлікті дамыту. Мемлекеттік сатып алуларда қазақстандық өнімді, жергілікті шикізатты алуға мұрындық болу. Сол арқылы отандық кәсіпкерлерді бәсекеге қабілетті қылып, нарықта жойылып кетпеуіне жағдай жасау. «Қызметтер» саласында «Өнімдер мен тауарлар» тізімін кеңейту, атап айтқанда, объектілерді салуға (қайта жаңартуға) бағытталған жобалар шеңберінде негізгі құрал-жабдықтарды сатып алу сұралды. Нәтижесінде денсаулық сақтау және білім беру салаларында 775 млн. теңгеге 4 жоба қабылданды», – дейді Маңңыстау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Гүлмира Қалмұратова.

 Басқосу соңында мемлекеттік мекемелерге «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 2020 жылы атқарылатын жұмыстар есебін наурыз айының 2-не дейін өңірлік кәсіпкерлер палатасына тапсыруға тапсырма берілді.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер