astana-view

Қазақстандық Mimioriki бренді мен Disney балалар киімінің бірлескен желісін іске қосады

2020 жылғы 05 Наурыз
- Алматы қаласы
8066 просмотров

Отандық балалар киімінің Mimioriki бренді және Ресей мен ТМД елдеріндегі Disney компаниясы балаларға арналған киім-кешектің жаңа коллекциясының сатылымына мүмкіндік беретін лицензиялық келісімге қол қойды. Бұл Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі үшін ғана емес, біздің елдің тарихы үшін де айрықша жаңалық болып отыр.

Disney компаниясы ресейлік нарықтағы №1 лицензиар бола отырып, ірі халықаралық компаниялармен де, ресейлік өндірушілермен және дистрибьюторлармен белсенді түрде серіктесе жұмыс жүргізеді. Қазіргі таңда компанияның үш жүзге тарта серіктес-лицензиаты бар. Олардың қатарында нарықтың мойындалған көшбасшылары да, жаңадан өркендеп келе жатқан жас компаниялар да баршылық. Қазақстандық Mimioriki бренді – Ресей мен ТМД елдеріндегі Disney компаниясының ең алғашқы лицензиаты.

Келісімнің шартына сәйкес, қазақстандық бренд киім-кешек дизайнында «Мұзды өлке», «Арыстан патша», «Аңдар полисі» секілді Disney фильмдерінің көпшілік сүйетін кейіпкерлерінің, Disney-дің Микки Маус және Винни қонжық секілді классикалық кейіпкерлерінің, сонымен қатар MARVEL Киноәлеміндегі Өрмекші-адам, Темір адам, Халк мен Капитан Американың, «Жұлдызды Шайқастар» дастанындағы кейіпкерлердің суреттерін пайдалана алады. Mimioriki лицензиялық желісінде футболкалар, жемпірлер, свитшоттар, шалбарлар, көйлектер және тағы басқа көптеген заттар бар.

«Mimioriki секілді нарықтың ірі ойыншысымен серіктестік Қазақстанның тұтынушыларына жету жолында Ресей мен ТМД-дағы Disney компаниясы үшін маңызды кезең болып отыр. Ел ішінен орын тапқан бейілді аудиториясы мен толыққанды өзіндік өндірістік циклі бар айрықша бренд тұтынушылардың талап-тілегіне сай келері сөзсіз. Біз балалар мен олардың ата-аналарын қуантатын Mimioriki брендімен бірге жаңа коллекцияларды құру мүмкіндігінің пайда болғанына қуаныштымыз», - дейді Ресей мен ТМД-дағы Disney компаниясының лицензиялау және бөлшек саудамен жұмыс департаментінің директоры Сергей Пичугин.

Mimioriki компаниясы The Walt Disney Company арнайы әзірлеген халықаралық ILS еңбек стандартының сәйкестігі бойынша әлеуметтік аудиттен сәтті өтті. Бұл процедура келісімге қол қоюда міндетті болып саналады.

«Бұл – біз үшін зор мақтаныш әрі ауқымды сын болмақ! Бір жағынан Disney-дің жаһандық үлкен тарихында ізіміздің болатынына, сүйікті кейіпкерлер суреттелген және біздің аудиторияға қазақ және орыс тіліндегі ұрансөздер жазылған киім-кешекпен балаларға шаттық сыйлайтынымызға қуаныштымыз. Екінші жағынан бұл қадам біздің компанияның әр маманы үшін орасан зор өсім болары даусыз. Себебі Disney стандарттарының талабы тым жоғары», - деді Mimioriki компаниясының бас директоры Инна Апенко.

«Disney секілді алпауыт пен отандық компанияның арасында қол қойылған лицензиялық келісімді халықаралық деңгейдегі жетістік деп атауға болады. Бүгінгі таңда Қазақстан ТМД елдерінің ішінде де, әлемдік аренада да тоқыма саласында аса бәсекеге қабілетті елге айналды. Disney секілді танымал брендтің біздің елге келуі Қазақстанның абыройын асқақтата түсіп, өз деңгейін кезекті мәрте танытуға мүмкіндік беретініне сенімдіміз», - деді Индустриялық даму және өнеркәсіп комитетінің төрағасы Қанат Баитов.

Келісімге келе отырып Mimioriki балалар киім-кешегі өндірісін 30% арттырып, Disney кейіпкерлері суреттелген 100 мыңға тарта өнім шығаруды көздейді. Disney классикасындағы алғашқы коллекциялар – теңдессіз Микки мен Минни 2020 жылдың 1 сәуірінде сатылымға шығады. Бүкіл жаңа өнім Қазақстан аумағында сатылатын болады. Қазіргі таңда Mimioriki Қазақстанда франшиза бойынша 4 жеке және 11 ашық дүкенге ие. Әр маусымда 9-10 коллекция немесе 450 бірегей модель шығарады. Disney лицензиялық киімі Mimioriki брендінің барлық фирмалық дүкендерінде, брендтің серіктес дүкендерінде, мамандандырылған балалар бөлшек саудасы мен онлайн маркет-плейстарда саудаға қойылады.

MIMIORIKI ТУРАЛЫ АНЫҚТАМА:

Mimioriki – ел ішінде балалар киімінің толық циклін қамтыған тұңғыш қазақстандық бренд. Былтыр бренд 10 жасқа толды. Компания елдің ірі қалаларында көпбрендті дүкендер желісіне ие. Бұдан бөлек, өнімдерін Ресейге экспортқа шығарады. Көптеген сыйлыққа, оның ішінде өнімінің сапасы үшін «Алтын Сапа» президенттік сыйлығына, Қазақстандағы «Жыл Франшизасы» байқауында Бас жүлдеге және Ресей Модасында жеңіске ие болған.

Қазіргі таңда «MIMIORIKI» Қазақстан нарығында зор табысқа ие болып, мойындалып, белсенді түрде өсіп-өркендеу үстінде.

Бренд коллекция желісінде ұлттық нақыштағы Sport.kz спорттық киім-кешек желісіне жеке әрі маңызды әлеуметтік рөл беріліп отыр. Бренд осылайша балалар спортын дамытуға, салауатты өмір салтын нығайтып, патриотизмді ұштауға, өз еліне деген мақтанышты оятуға мүмкіндік алуда. Компания туралы толығырақ мәліметті www.mimioriki.kz сілтемесімен көруге болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер