astana-view

Нариман Әбілшайықов: Алматыда «Бастау» бизнестің ең танымал бағыттарының қатары - тігін тігу, киім жөндеу және сұлулық бойынша қызметтер

2020 жылғы 13 Наурыз
- Алматы қаласы
4244 просмотров

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының айтуынша, грант алған «Бастау» түлектерінің 25% ателье, тігін шеберханалары мен былғары бұйымдарын жөндеуге арналған салондар ашты; ал 20% сұлулық салондарының қызметін ұсынуға шешім қабылдаған.

Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында Нариман Әбілшайықов мәлімдеді. Ол өз сөзінде «Бастау» жобасы бойынша тегін бизнес-курстар, жұмыссыздарға арналған қысқа мерзімді курстар, «Қазақстанның үздік тауары» сапалық байқауы, сонымен қатар, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңестің қызметі туралы айтты. Ал Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің жұмысы мен жоспарларын оның төрағасы Максим Барышев мәлімдеді.

«Өткен 2019 жылы Алматыда «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 2 650 жас жігіттер мен әйелдер оқуды аяқтады, «Бастау» жобасы бойынша 4250 адам оқытылды. Оның ішінде 154 - мүгедектер, 685 - аз қамтылған отбасылардың мүшелері, 1339 - Neet категориясындағы жастар, 830 көп балалы аналар, 1193 – жұмыссыздар болып табылады. Айта кету керек, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі мемлекеттік гранттар қайтарымсыз және ақысыз негізде кәсіпкерлік мақсаттар үшін өз бизнестерін ашуды жоспарлаған бағдарлама қатысушыларына берілді», - деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасының директоры.

Оның айтуынша, кәсіпкерлік негіздеріне оқуды аяқтағаннан кейін арнайы комиссия Neet санатындағы жас түлектерге (18 бен 29 жас аралығындағы) 894 млн. теңге сомасына  1 772 грант, еңбекке жарамды мүгедектерге, көп балалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне 527 млн. теңге сомасына 1045 грант мақұлданған.

Қазір сараптау комиссиясы бөлінген мемлекеттік гранттардың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мониторинг жұмыстарының деректері бойынша, қаражат кәсіпкерлік қызметтің келесі түрлері бойынша игерілген:

- киім тігу және жөндеу жұмыстарына - 704 кәсіпкер немесе 25% (ателье, тігін шеберханасы, былғары бұйымдарын жөндеу, перделерді тігу);

- сұлулық салондарының қызметтеріне - 563 кәсіпкер немесе 20% (шаштараздар, визажист, татуаж қызметі, тырнаққа қызмет көрсету және үй жайларына барып қызмет көрсету салондары);

- кондитерлік өнімдер - 423 кәсіпкер немесе 15% (тортты пісіру, нан- тоқаш өнімдері, аспаздық);

-басқа бағыттар - 1127 кәсіпкер немесе 40% (автомобильдерді жөндеу бойынша қызметтер, оқу орталықтары, бухгалтерлік қызмет, фотосалондар, туризм қызметтері, көшіру қызметтері және т. б.).

«Бастау» жобасын 2020 жылы жалғастыру жоспарлануда, жобаның басталуы осы жылдың наурыз айының соңында басталады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер