astana-view

«Atameken Stars» жобасының жеңімпаздары анықталды

2020 жылғы 05 Мамыр
2338 просмотров

Бір жарым айға созылған «Atameken Stars» республикалық стартаптар байқауы өз мәресіне жетті. Мектеп оқушылары арасында өткізілген жоба кәсіпкерлікке баулу, сондай-ақ тың идеяларға қолдау білдіру мақсатында ұйымдастырылған. Сайыс қатысушылары кәсіпкерлік негіздері бойынша интерактивті бейнелер курсынан өтіп, өз бизнес идеяларын таныстыруға мүмкіндік алды. 

«Atameken Academy қауымдастығы ұйымдастырған байқау 15 наурызда басталып, еліміздің барлық мектептеріне хабарланды. Соның нәтижесінде, 6 апта ішінде байқауға қатысуға ниеттілер 2005 оқушыға жетсе, солардың 797-сі кәсіпкерлік негіздері курсын аяқтаған. Алайда осынша баланың 481-і ғана өз жобасын жүктеді. Дегенмен, бұл да үлкен нәтиже. Бұл еліміз бойынша 500-ге жуық баланың кәсіпкерлікке ынтасы бар дегенді білдіреді», - дейді ұйымдастырушылар. 

Көп ішінен үздік шыққан оқушылар кәсіпкерлік негіздері бойынша курсты көріп, тесттен сәтті өткендер ғана өз идеясын жүктеу кезеңінде бақ сынаған. Қазылар алқасының бағалауы бойынша қарағандылық Айдана Жүнісова мен Роза Айтбаеваның «Мектеп ауласындағы жылыжай» жобасы үздік деп танылған. Теміртау қаласында орналасқан №9 лицей оқушыла-рының бұл идеясы көпшілікті таңғалдырды. Ал екінші орын Нұр-Сұлтан қаласындағы № 82 «Дарын» мамандандырылған лицейі мен №73 физика-техникалық лицейі, №3 мектеп-гимназиясының шәкірттері Нұрбахыт Байшурин, Бексұлтан Тілеутаев, Рамазан Ақтанға бұйырды. Озат оқушылар Rebellion Streetwear бренд жастар киімі жобасын ұсынып, биіктен көрінді. Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласы, №6 лицейдің 9 сынып оқушысы Азамат Балбердиновтың «Tiramisu еуропалық стильдегі үй кондитерлік өнімдері» жобасы 3 орынға лайық деп танылды. 

«Сайыс қатысушыларын және тың идеяларды қолдау мақсатында арнайы жүлде қоры тігілген болатын. Айта кетер болсақ, 1 орын - 150 000 теңге, ал 2 орын - 100 000 теңге, 3 орын - 50 000 теңге. Жеңімпаздардан бөлек, байқауға ұсынылған ТОП-20 жоба анықталды, оқушылармен ары қарай тығыз жұмыстар жалғасатын болады»,- деді А.Даримов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер