astana-view

Маңғыстауда карантин кезінде 17 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкіліне жеңілдіктер берілді

2020 жылғы 26 Мамыр
- Маңғыстау облысы
3740 просмотров

Бұл жөнінде Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов айтып берді

Бүгінгі таңда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспары қабылданды.

С.Трұмовтың айтуынша, төтенше жағдай кезеңінде Үкімет тарапынан қабылданған қолдау шаралары Маңғыстау облысында әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауда өз нәтижесін беріп отыр. Барлық әлеуметтік көмек, еңбекақы, тиісті қолдаулар уақытылы жүргізілуде. Оның ішінде медицина саласының қызметкерлеріне де Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес төлемдер де дер кезінде берілуде.

- табыс көзін жоғалтқан 153 мыңнан астам адамға 42 500 теңгеден мемлекеттік қолдау төленді;

- «Біз біргеміз» партиялық қайырымдылық жобасы аясында 13 мыңнан астам жанұяға 50 мың теңгеден көмек берілді және бұл шара әрі қарай да жалғасатын болды;

-  аз қамтылған отбасылар үшін сәуір, мамар айларындағы коммуналдық қызметтерге төлемдерін өтеуге 2,2 млрд. теңге қаржы қарастырылды;

- жұмыспен қамту шараларына да Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» қабылданды. Бағдарлама аясында өңірде 144 жоба іске асырылып, 8 500 жұмыс орны құрылатын болады,-деді облыс әкімі.

Үкімет тарапынан кәсіпкерлік саласына да айтарлықтай қолдау шаралары көрсетілуде. Туризм, қоғамдық тамақтандыру және қонақ үй қызметтері саласындағы кәсіпкерлер мүлік салығынан босатылды. Микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін барлық салықтар бойынша төлемдер мерзімі ұзартылды.

Жалпы алғанда, облыс бойынша жыл соңына дейін 17 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдеріне салық алымына жеңілдіктер беріліп отыр.

Маңғыстау облысының экономикасы мұнай саласына тікелей тәуелді екені белгілі. Қазіргі таңда әлемдік нарықтағы мұнай бағасының тұрақсыздығы біздегі мұнай өндіруші ірі компаниялардың қызметіне де кері әсерін тигізуде. Сондықтан да мұнай шикізатына тәуелділікті азайту бағытында экономиканы әртараптандыру, шикізаттық емес салалардың дамуына тың серпін беретін негізгі бағыттар айқындалды. Олар: өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, сервистік экономика, оның ішінде туризм, сауда, көлік-логистикасы. Аталған салалардың негізгі даму бағыттары бойынша арнайы жоспар жасақталып, әр бағыт бойынша жыл соңына дейін қол жеткізілуі тиіс межелер белгіленді.

 «Аталған індет өршіген кезде біраз мәселе қоғам өкілдерінің белсене қатысуымен және ерен еңбектерінің арқасында шешімін тапты. Соның ішінде медицина мен құқық қорғау органдары және қорғаныс саласы қызметкерлерінің еңбектерін ерекше айтқым келеді. Сонымен бірге, волонтерларымыздың табандылығының, журналистеріміздің жігерінің және коммуналдық қызметкерлеріміздің адал жұмысының арқасында, ең бастысы халқымыздың бірлігі мен тәртібінің және бірлескен жұмысының арқасында қауіптің бетін қайтара білдік», - деді аймақ басшысы.

Сөз соңында С.Трұмов сақтық шараларының маңыздылығын айтып, облыс тұрғындарын карантин режимі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер