astana-view

Абылай Мырзахметов пайызсыз несие беруді ұсынды

2020 жылғы 04 Маусым
7836 просмотров

Экономиканы дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиясы дайындалып жатыр

Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов төтенше жағдай режимі салдары микро және шағын бизнеске келтірген залалы туралы баяндады.

«Карантиндік шектеулер әсіресе қонақ үй мен мейрамхана иелеріне, бөлшек сауда нысандарына ауыр тигені анық. 735 мың адамды жұмыспен қамтып отырған саланың табысы карантин кезінде 44,7 пайызға түскен. Ал қонақүй, мейрамханалардың иелері бұл кезеңде 52,6 пайыз табыс жоғалтқан. Бұдан бөлек көлік, тұрмыстық қызмет көрсету, жылжымайтын мүлікке қатысты операциялар, ойын-сауық орындары да 10-36 пайыз көлемінде табысынан айырылды.  Сонда қазіргі таңда 1,3 млн адамды жұмыспен қамтып отырған 838 мың микро және шағын бизнес нысаны банкроттың алдындағы қиындықтармен күрсеуде деп айтуға болады», – деді ҰҚП Басқарма Төрағасы.

Айта кетелік, бизнестің жағдайын саралау мақсатында Ұлттық палата 20 мамырдан бастап негізінен зардап шеккен салалардағы кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға 16 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі қатысты. Респонденттер карантиндік кезеңде табыстары 30%-ға дейін түсіп кеткенін, осыған байланысты кәсіпоорындар жұмыскерлер санын қысқартуға мәжбүр екенін айтқан.

ҰКП Басқарма Төрағасы Ресейде 1 маусымнан зардап шеккен салалардағы бизнесті еңбекақы төлеуге 2%-бен несие беруді бастағанын айтты.  Осы ретте егер 90%-ға жұмыс орындары сақталса Ресей мемлекеті несиені кешіруге дайын. Спикер отандық бизнесті қолдауда да пайызсыз несие беруді ұсынды.

«Әрине мұның да өз тәуекелі бар. Бөлінген қаржы тиімді игерілмеуі мүмкін. Әкімшілік қиындықтар туындауы да ғажап емес. Бірақ 800 мыңнан астам бизнес нысанын қолдаусыз қалдыра алмаймыз», – деді Абылай Мырзахметов.

«Атамекен» ҰКП Үкіметке жұмыспен қамту шараларына мониторинг жүргізетін бірыңғай ахуалдық орталық құруды ұсынып отыр. Абылай Мырзахметов мұндай орталық барлық өңірлер мен министрліктерден, кәсіпорындардан түсетін ақпараттарды бір арнада тоғыстырып, нақты жағдайды бағамдауға мүмкіндік береді дегенді айтты.

Өз кезегінде Палата орталықтың тиімді жұмыс істеуі үшін өзінің барлық сауалнамалары нәтижелерін, ресурстарын қосып, даму институттарымен күш біріктіруге дайын.

«Біз бұл тұрғыда жекеменшік ресурстар мен мемлекеттік ресурстардың бірлесіп жұмыс істейтін кезі келді деп ойлаймыз. Еnbek.kz, HeadHunter, Naimi.kz сияқты ақпарат алаңдары бар. Солардағы бос орындар мен жұмыс іздеушілерді, уақытша жұмыссыз қалғандарды тоғыстырып, жұмыссыздық мәселесін шешуге болады», – деді спикер.

Басқарма Төрағасы кәсіпкерлердің банк алдындағы міндеттемелерін шегеруді ұзарта тұру қажеттігін айтты. Өйткені кәсіпкерлердің көбі жұмыстарын бастағандарына екі-ақ апта болды.

«15 маусымда несие төлемін шегеру мерзімі бітеді. Ал оларға айлық төлеп, салық аудару, несие өтеу дәл қазір өте ауыр. Бизнес несие төлемін шегеру мерзімін соза тұру мәселесін көтеріп отыр», – деді Абылай Мырзахметов

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер