astana-view

Атырауда мердігерлік ұйымдар құрылыс кезінде отандық материалдарды қолдану талабын жиі бұзады

2020 жылғы 05 Маусым
- Атырау облысы
7574 просмотров

Бұл мәселе Атырау облысы әкімінің орынбасары Ержан Абылхановтың жетекшілігімен өткен отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі жұмыс комиссиясының кезекті отырысында көтерілді

 ӨКП құны 100 млн теңгеден асатын құрылыс-монтаждау жұмыстарын сатып алулар көлеміне мониторинг жүргізді. Айта кетелік, бұл ақпаратты жергілікті атқарушы органдар береді. Алайда қазіргі таңда ақпарат толық көлемде берілмейді, сондықтан Палата сарапшылары деректерді мемлекеттік сатып алулар порталынан жинауға мәжбүр. Порталдарда да келісімшарттардың орындалуы нақты көрсетілмейді.

 «2019 жылы жалпы сомасы 125,3 млрд теңгеге 106 сатып алуға тексеру жүргізілді, келісімшарттар 117,4 млрд теңгеге жасалған. Ағымдағы жылдың 1 маусымына сәйкес 16,9 млрд теңге сомасына 30 құрылыс-монтаж жұмыстарын сатып алу бойынша мониторинг жүргізілді, оның ішінде 13 келісімшарт жасалды, қалғаны не қайта жарияланды немесе қаралуда. Карантин уақытында көп кәсіпорын қызметін тоқтатты, оның салдары бизнестің жұмыс көлемін азайтты. Осыған байланысты қазіргі кезде мемлекеттік сатып алуларда жергілікті қамту үлесі аса маңызды», – деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идресов. 

Өңірлік палата басшысының айтуынша, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеудегі басты талап – отандық өндірілген құрылыс материалдарын пайдалану болса да,  бірақ іс жүзінде мердігерлер бұл нормативті жиі орындамайды.

«Байқауға қатысқан кезде мердігерлер бұл талаппен келіседі, алайда келісімшарт жасалған соң олар отандық тауар өндірушілерден құрылыс материалдарын сатып алуды орындай бермейді. ӨКП алаңында отандық өндірушілер және тапсырыс берушілермен жиі кездесулер өтеді, онда түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, дегенмен мында бірлесіп жұмыс істеу қажет», – деді Абдолла Идресов.   

Жиынға қатысушылар талқылаудан соң жергілікті атқарушы органдарға тауар сатып алу кезінде СТ-КЗ сертификатын талап етуді, мердігерлерге құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде отандық құрылыс материалдарын пайдалану қажеттілігі туралы белсенді түрде ақпарат беріп отыруды тапсырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер