astana-view

Шағын шаруа қожалықтарына жеңілдікпен қаржыландыру қажет

2020 жылғы 10 Маусым
1845 просмотров

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен селектор режимінде кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөнінде жиын өтті

Жиында агроөнеркәсіп саласының жетекші өңірлері - Павлодар, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарындағы ахуал қаралды. Іс-шараға мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП басшылығы, өңір әкімдері мен  бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде экономиканы тұрақтандыру мәселесі көтерілді, өңірдегі бизнестің мұң-мұқтажы тыңдалды. Мәселе өте көп, пандемия салдарынан шикізатсыз қалған өңдеу өнеркәсібі, тұрып қалған сауда саласы, күнделікті жоспарды орындай алмаған жолаушылар тасымалы қызметі, дағдарысқа ұшыраған туризм саласының шығындары – барлық проблема қаралды.

Агро сектордың жетекші өңірі – Ақмола облысындағы ахуалды «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов атап өтті.

Ақмола аграрлық-индустриялық өңір. Жалпы өңірлік өнімнің 40%-дан астамын қызмет көрсету саласы құрайды, атап айтқанда 26%-ы – қызмет көрсету, 9%-ы – көлік, 12%-ы – сауда.  

«Ақмола облысындағы субъектілер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі респонденттердің 5,5 пайызы жұмыспен қамтуды оңтайландыруды жоспарлап отырғанын көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың 30%-ы кірістері ең кемі 30%-ға қысқаратынын айтқан, 7%-ы жұмыскерлерін мерзімсіз демалысқа жіберуге мәжбүр болған, 2%-ы штатты оңтайландырған, 28%-ы жекізушілермен қиындықтар туындағанын белгілеген», – деді Абылай Мырзахметов.

Ақмола облысында пандемия салдарынан енгізілген төтенше жағдайға байланысты зардап шеккен бизнестің бірі – «Гормолзавод» ЖШС сүт өңдеумен айналысады. Кәсіпорын директоры Әсен Жақсылықовтың айтуынша, кәсіпорында 164 жұмыскер еңбек етеді. Тамақ өнеркәсібі болғандықтан, ТЖ кезеңінде кәсіпорын қызметі тоқтамады, жұмыс орындары қысқармаған. Алайда кәсіпорын бүкіл отандық өңдеу саласы үшін ең өзекті мәселе – өндіріс қуаттылығын толық көлемде жүктеу алмай отыр.

«Бұл жайт шикі сүттің тапшылығымен байланысты. Өңірдің сүтті индустриясында сүттің 70%-ы жеке үй шаруашылықтарында өндіріледі. Шаруа қожалықтарын кооперациялау – зауыттарды шикізат базасымен қамтамасыз ете алатын қызмет етудің ең үздік формасы болар еді», – дейді ЖШС директоры Әсен Жақсылықов.

Спикердің пікрінше, жеке шаруашылықтар мен шағын шаруа қожалықтарында жеңілдікпен несие алуда тұрақты кепілзаттары жоқ, осылайша сауын ірі қара басын көбейтуге мүмкіндік болмай тұр. Сондай-ақ өңірде жем-шөп тапшылығы да өзекті мәселе. Ал жер жыртып, арпа, жоңышқа егіп, ору үшін ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу да қолжетімсіз.

«Бір ғана сапалы комбайн сатып алу үшін 30 мың АҚШ доллары қажет. Осы ретте ұсыныс ретінде АӨК-ті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаға шағын шаруашылықтарды «ҚазАгро» қаржы институты арқылы жылдың 2,5 пайызбен несиелеуді енгізуді сұраймыз», – деді Әсен Жақсылықов.

Кәсіпкер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «егістіктен – дүкен сөресіне дейін» пилоттық жоба нәтижесі бойынша шағын шаруа қожалықтар мен жеке шаруашылықтарға жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын іске қосуды ұсынды, мұндай икемді кепілзат саясаты ескерлуі қажеттігін айтты.

«Гормолзавод» ЖШС бастаған сүт өңдеушілер өңірдегі екінші өзекті мәселе ретінде – субсидиялау ережелерін қайта қарауды, соның ішінде жем-шөп дайындайтын техниканы 50% жеңілідкпен алу, сондай-ақ күрделі қорек түрлері сенаж немесе силосты субсидиялау мүмкіндігін қарастыруды сұрайды.

Кәсіпкер осы ретте «Qoldau» субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің абоненттік төлемінің артқанын айтты. 1 маусымнан бастап «Qoldau» субсидиялаудың ақпараттық жүйесін қолдану үшін абоненттік төлем шаруалар, Ауыл шауашылығы министрлігі және ҰКП-мен мақұлданбай біржақты тәртіпте 3,7 есе өскен.

Бастапқыда «Ақпараттық-есеп орталығы» АҚ мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну процестерін автоматтауда субсидиялау ретінде қызметтерді тегін негізде көрсетіп келген.

«Субсидиялау – тегін көрсетілуі тиіс мемлекеттік қызмет. Қазіргі таңда орын алған жайтқа шағын шаруа қожалықтары наразылық білдіруде», – деді спикер.

 Өңір шаруалары атынан  Әсен Жақсылықов «Ақпараттық-есеп орталығы» АҚ қызметтерін шағын шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы өндірушілер үшін тегін қалдыруды немесе бұл қызметке басқа ақпараттық платформаларды, атап айтқанда мемлекеттік қызметтерді көрсететін  Egov  платформасын пайдалануды ұсынды.

«Қиын кезеңдерге қарамастан кәсіпкерлік сектордың дамығаны қажет. Біз бизнестің төтенше жағдай режиміне дейінгі қалпына келуі үшін күш салатын боламыз. Үкіметтің міндеті – бизнесті жүргізуге барлық қажетті жағдайды жасау. Қиын кезеңді өткеріп, мықтырақ бола түсетінімізге сенімдімін, бірақ ол үшін тиянақты жұмыс істеліп, барлық министрліктер, ведомстволар, даму институттарының қолдауы қажет», – деп қорытындылады Асқар Мамин.

11 маусымда жиынның екінші және үшінші отырысы өтеді, онда қалған өңірлердің, сондай-ақ Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының мәселелері тыңдалады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер