astana-view

Карантин кезінде кәсіпкерлікпен айналысудың бірыңғай жүйесін құру мәселесі талқыланды

2020 жылғы 11 Маусым
1587 просмотров

Елімізде 13 маусымға дейін Алакөл демалыс аймағына кіруге тыйым салынғаны белгілі. Енді жергілікті аймақтық санитар туристік орынға тек COVID-19 сертификатымен ғана кіруге болады деген шешім шығарған. Ал маусымдық дайындық үшін кәсіпкерлердің қалтасынан кеткен қыруар шығын бұл талап күшінде қалса өтелмей қалады деген қауіп бар. Сол үшін карантин жағдайында жұмыс алгоритімін әзірлеу аймақтық санитарлық дәрігердің емес, мемлекеттік деңгейде реттелуі керек. Әр облыстың бас санитары алдын-алу шараларының сақталуын ғана қадағалауы тиіс. Яғни, елде кәсіпкерлікпен айналысудың бірыңғай жүйесі болуы керек. Бұл мәселе бүгін ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің қатысуымен өткен селекторлық кеңесте көтерілді.

«Үнемі өзгеретін карантин ережелері қиын жағдайға әкеледі. Бұған дейін бұл ережелер болмаған. Әрине, билеттер сатылды, қаражат маусымға дайындыққа жұмсалды. Кейбір туристер ақшаларын кері қайтаруды талап етеді, бірақ кәсіпкерлердің шығындары ескерілмейді», - деді «Шығыс Қазақстанның туристік ассоциациясы» ЗТБ атқарушы директоры Серік Жүнісов.

Оның сөзінше, бұл бір ғана туризм саласында ғана емес, тамақтану, сауда, көлік қызметтерін көрсетуде де кездеседі.

Түйткілді мәселені шешу үшін мемлекеттік бюджеттен карантин кезеңінде жұмыстың жүргізілуіне байланысты қызметтерді, тауарларды ұсыну құнын ұлғайту керек. Айталық, балалар лагерьлерінде өндірістік қуаттылықтың тек 50%-ын қолдануға рұқсат етілсе, онда бюджетті жоспарлау кезінде қызмет құнын тиісінше арттыру қажет. Сонымен қатар, тендер карантинге дейін немесе осы мерзім ішінде өткізілсе және талаптар кейінірек енгізілген жағдайда шығындар толық өтелуі тиіс.

Алайда бұл ұсынысты Үкімет мүшелері мақұлдамады. Бұған індеттің таралу деңгейі мен COVID-19 жұқтырғандардың күн санап артуы себеп.

«Бірыңғай алгоритм құру негізсіз ұсыныс. Себебі, әрбір жергілікті санитарлық дәрігер өз аймағындағы пандемияның таралып кету қаупін алдын-алу шаралары үшін жауап береді. Қазіргі таңда ауруды жұқтырушылардың санының артуы байқалады. Соңғы бір аптаның ішінде өсу 1,7 есе артса, соңғы үш күнде 2 есеге көтерілген. Бұл ШҚО-да да байқалады. Әрбір аймақтық санитарлық дәрігер жауапты болғандықтан белгілі бір талаптарды қоюға толық құқығы бар», - деп пікірін білдірді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Л.Бюрабекова.

Сонымен бірге, кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу саласындағы бірқатар мәселелерді қарастыруды ұсынды. Мүгедектерге арналған протез аяқ киім жасаумен айналысатын Павлодардағы «Ортопрод» ЖШС директоры Айгүл Хамиева кәсібін жүргізу үшін кейбір материалдарды алыс-жақын шетелдерден алдыратындығын айтып, пандемия салдарынан жеткізудің кешеуілдеп жатқанын алға тартты. Бұл келісім-шарт талаптарының бұзылып, тапсырысты көрсетілген мерзім ішінде орындауға кедергі болады. Мұндай мәселе тапсырыс беруші мен орындаушы арасында өзара реттеледі дегеннің өзінде бекітілген норма қажет екені айтылды.

«Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізілгеннен кейін кәсіпорын қызметкерлері демалысқа жіберілді, сонымен қатар республиканың аумағында және басқа елдерде, атап айтқанда, кәсіпорын материалдарын сатып алатын Ресей Федерациясының аумағында қозғалысқа шектеулер болды. Бүгінгі таңда қабылданатын карантиндік шараларға байланысты негізгі проблемалардың бірі мемлекеттік сатып алу шеңберіндегі шарттық міндеттемелерді уақытында орындау проблемасы болып табылады. Сол себепті, мемлекеттік сатып алу туралы шарттары бойынша міндеттемелерді орындау мерзімдерін қайта қарау керек», - деп сөзін түйіндеді ол.

Жиын барысында кәсіпкерлік саласындағы күйіп тұрған мәселелер қаралып, негізгі проблемалар жан-жақты талданады деді Премьер-министр.

«Бүгінгі таңда кәсіпкерліктің алдында тұрған проблемалық мәселелерді шешу жолдарын іздеу - Үкімет пен әкімдердің ортақ міндеті. Ешқандай ыңғайсыздық болмауы керек, керісінше, бизнестің экономикалық белсенділігін тезірек қалпына келтіруге мүмкіндік беретін шешімдерді табуда бірлесе жұмыс жасау керек», - деп қорытындылады Асқар Мамин.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер