astana-view

Павлодарда 700-ден астам адам «Бастау» жобасы бойынша оқуды бастады

2020 жылғы 25 Маусым
- Павлодар облысы
3924 просмотров

Биыл карантиндік шараларға байланысты оқыту «Atameken Academy» платформасында онлайн өтеді

«Бағдарлама жақсы нәтиже беруде, ұзақ мерзімді перспективада ел экономикасына мультипликативті әсер беруге мүмкіндік зор. Оқу шеңберінде атқарып жатқан жұмысымыз ұзақ уақыт және тұрақты негізде жүргізілуі керек, сонда ғана күтілетін нәтиже болады. Биыл пандемия салдарынан бірақ қиындықтар болады. Павлодар облысында барлығы 1300-ден астам тыңдаушыны оқыту жоспарланған», – деді «Бастау» бизнес-тренері Райхангүл Абраева.

 Бизнес-тренердің айтуынша, оқыту жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының бірі – халықты жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау және жаппай кәсіпкерлікті дамыту.

Оқудың бірінші легіне Павлодар облысының 724 тұрғыны қатысып жатыр. Оқу мерзімі 21 күн. Нәтижесі бойынша сертификат беріледі.  

 «Оқудан бөлек, «Атамекен» ҰКП іске асқан жобаларға тұрақты мониторинг жүргізеді. Бұл жұмыс іске қосылған жобалар бойынша ағымдағы жағдайды талдауға және «Бастау» бағдарламасын уақытылы өзгертуге және жаңартуға мүмкіндік береді. Биыл жоба біраз өзгерді. Оқу онлайн режимде жүргізіледі, оқыту салалық бағыттарға бағдарланған. Атап айтқанда, ауылшаруашылық жануарларын ұстаудың технологиялық процесі, дайын өнімді қайта өңдеу және дайындау, кепілдендірілген сатуды қалыптастыру, электронды коммерция дағдыларына үйрету және іске асырылатын бизнес-жобаларға біліктілікті қалыптастыру бойынша білімді нығайту», – деді Райхангүл Абраева.

Оқыту 12 модульден тұрады. Оқу басында тыңдаушыларға тестілеу жүргізіледі. Бұдан бөлек, оқу барысында аралық тестілеу қарастырылған, бұл сынақ арқылы тақырыптарды игеру деңгейі бағаланады. Тыңдаушы тестіні үш рет тапсыра алады. Егер тест бойынша қажетті балдың 60%-ын жинаса, онда нәтиже оң болып есептеледі. Оқу аяғында тыңдаушыға бизнес-жоспар конструкторы беріледі, сол арқылы ол жеке бизнес-жоспар дайындайды. Жоба қорғалған соң, тиісті сертификат беріледі. Айта кетелік, бизнес-тренер «Atameken Academy» платформасы арқылы тыңдаушыларға күнделікті кеңес беріп, бағыт-бағдар береді.

«Қазіргі таңда пандемия салдарынан бизнес жүргізуде қиындықтар көп, тұтынушылық сұраныс төмендеп кетті, ұйымдардың кірісі азайды. Осыған байланысты біз тыңдаушыларымызға сапалы дағдыларды беруге тырысамыз. Атап айтқанда сату, коммуникациялар, білім, нарық қажеттілігі бойынша дағдылар. Біз адамдарға балық емес, балық аулаға қажетті «қармақты» беруіміз керек. «Бастау» шеңберінде табысты әрі тиімді кәсіпкерді қалыптастыруға бағыт алдық», – деп атап өтті бизнес-тренер.   

 «Бастау» жобасы туралы толық ақпарат алу үшін Өңірлік кәсіпкерлер палатасы және аудандық филиалдарға хабарласуды сұраймыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер