astana-view

«Жақсылық жаршысы»: Қызылорда облысының құрылысшылары ауруханаларды 32 оттегі концентратымен қамтамасыз етеді

2020 жылғы 17 Шілде
- Қызылорда облысы
1927 просмотров

Бұл туралы қоғам қайраткері, құрылысшы Қожахмет Баймаханов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Облыстағы 16 құрылыс компаниясы мен Сыр бойынан шыққан азаматтың аударған қаржысынан барлығы 16 млн.теңгеден астам қаржы жиналып, 32 оттегі концентраты алынатын болып шешім қабылданыпты.

Сонымен бірге, елімізде қалыптасқан эпидемиологиялық ахуал барысында азаматтар бір-біріне көмек қолын созып, жұмыла қайырымдылық шараларын жүргізуде. Қызылордалықтардың жасап жатқан қайырымдылық шаралары туралы қызылордалық кәсіпкер, белсенді еріктілердің бірі София Абдуразаковадан сұраған болатынбыз.

«Қазір бізде барлығы ауруханаларға қажетті аппараттармен көмек көрсетуде. Оттегі балондарын толтырып беріп, редукторлар, ылғалдандырғыш құралдарын алып беріп жатыр. Біз көрсетіліп жатқан көмектің есебін жасап үлгермей жатырмыз. Әзірге қолда бар ақпарат бойынша мынаны айта аламын. Кәсіпкерлер, жалпы қайырымды азаматтар 2000 оттегі балондарын толтырып берді. Одан өзге Қызылорда қаласындағы мейрамхана иелері «Рахмет, дәрігер» қорын ұйымдастырып, провизорлық стационарларда жұмыс жасайтын медицина қызметкерлерін тегін аспен қамтамасыз етуде. Атап айтқанда, 12 шілдеден бері мыңға жуық медицина қызметкерлеріне түскі және кешкі ас ұйымдастырды», - дейді София Абдуразакова.

Қоғам белсендісінің айтуынша, қайырымдылық шараларында кәсіпкерлер өздерінің аттары аталғанын қаламайды екен. Дегенмен, кейбір кәсіп иелерін атап өтті. Мәселен, «Уралогия және андрология орталығы» 400 мың теңге қаржы берген. Аталмыш ақшаның үстіне қаржы қосып оттегі конценраторы алынған. Одан өзге өздерінің аты аталғанын қаламаған меценаттар 3 оттегі аппаратын алып берген.

«Мұнан өзге, кәсіпкерлердің, өзге де қаржысын ұсынған азаматтардың арқасында тағы да 3 оттегі аппаратын алдық. Сонымен барлығы 12 оттегі аппараты алынды. Тағы да тапсырыс беріп қойдық.  Сонымен бірге, облыс кәсіпкерлері 3 провизорлық стационарды өздері шығаратын «Ағжан су», «Safia», «Аквалайн» ауыз суларымен тегін қамтамасыз етуде», - дейді кәсіпкер София Теңізбаева.

Қызылордалық кәсіп иелері облыс орталығындағы ауруханалармен бірге ауылдық елді мекендердегі емханаларды да тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде. Мәселен, «Абай-Дәулет» ЖШС-і Қармақшы ауданындағы ІІІ Интернационал ауылындағы, Сырдария ауданындағы Бесарық және А. Тоқмағамбетов ауылдарындағы емханаларды дәрі-дәрмекпен, медициналық қамтамасыз етуге, Қызылорда қаласындағы ауруханаларды оттегі балондарымен толтырып беруге барлығы 3 млн.теңгеден астам қаржы бөлді. Мұнан өзге, ағайынды кәсіпкер Сәрсенбаевтар Қызылорда қаласы мен аудандардағы ауруханалардағы емделушілердің тамағына деп 6 бас малды құрбандыққа шалған.  

Сырдария ауданына қажетті медициналық қажеттіліктер үшін үшін кәсіпкер Расул Есенов 1 млн. теңге, «Мағжан және К» ЖШС-і 1,1 млн.теңге қаржы аударған. «Абзал және К» ТС-і Нағи Ілиясов ауылының емханасын дәрі-дәрмекпен, «Мәді-Қажы» ЖШС төрағасы Сейіткамал Сұлтанов Шіркейлі ауылындағы істен шыққан жедел-жәрдем көлігін қайта жабдықтап, медицина қызметкерлерін тағы бір автокөлікпен қамтамасыз еткен.

«Қазір қоғамдық өмірдің қай саласына болса да жеңіл болып тұрған жоқ. Бизнес өкілдері шаш-етектен шығынға батқанына қарамастан тұрғындарға көмек қолын созып жатыр. Соның бір айғағы, біздің өңірімізде соңғы айда «Абай-Дәулет» ЖШС, «Абзал және К» ТС, «Ақтөбе и К»ЖШС, «Шыңғыс ЛТД» ЖШС, «КВАНТ» ЖШС және өзге де аттары аталмаған әріптестеріміз сұраныс берген өңір тұрғындары мен медицина мекемелерін тегін дәрі-дәрмекпен, қажетті оттегі құралдарымен, оны таситын көлікпен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатыр. «Қызылорда», «Бәйтерек» қонақүйлерінде медицина қызметкерлері тегін жатын орын мен тамақпен қамтамасыз етілуде. Кей кәсіпкерлеріміз аты-жөндерін атағанын қаламай, десе де қаржы аударып, өздері де ерікті болып қиын кезеңде халыққа демеу болуда. Бір ғана «Абзал және К» ТС-і өкпені жасанды желдету аппаратының (ИВЛ) 5-еуіне тапсырыс бергенін естіп тәнті болып отырмыз», - дейді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов.

Айта кету керек, «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, қаражат, дәрі-дәрмек, сондай-ақ коронавирус індетіне қарсы күреске жұмылған медициналық мекемелерге қажетті жабдық алу мақсатында «Жаңалық жаршысы» республикалық акциясын іске қосты.  «Жақсылық жаршысы» акциясының негізгі міндеті мұқтаж жандар, медициналық мекемелер, сондай-ақ көмектескісі келетін азаматтар арасындағы байланыстырушы көпір болу. Көмек беру үшін atamekenim.kz сайтына өту керек.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер