astana-view

Ауыл кәсіпкерлері індетпен күресуге атсалысуда

2020 жылғы 23 Шілде
- Маңғыстау облысы
2759 просмотров

Маңғыстау облысы Қарақия ауданының кәсіпкерлері мен белсенді азаматтары аудандық ауруханалар мен стационарларының қажеттілігі үшін 1 млн 34 мың теңгеге дәрі-дәрмек, 4 пульсоксиметр және 1 дана инфрақызыл термометрлерін табыстады. Бұдан бөлек, аурухана мен стационардың жұмыстарын реттеу мақсатында қажетті материалдық, азық-түлік және басқа да күнделікті туындаған мәселелер аудан әкімдігі, кәсіпкерлер мен белсенді азаматтардың ынтымақтастығы арқасында дер кезінде шешімін табуда.

Құрық аулындағы провизорлық стационарға ауыл азаматтары мен кәсіпкерлері науқастарға көмек ретінде жинаған 233 700 теңгеге қажетті дәрі-дәрмектер мен жалпы сомасы 250 200 теңгеге 1 дана тепловизор табысталды. Кәсіпкер Жаңғабыл Қалаубай, аудандық маслихат депутаты Қ. Көшенов, ауыл азаматтары Б. Байбозов, Қ. Рахметовтер шараға белсенді ат салысты.

Жетібай аудандық ауруханаға кәсіпкерлер атынан 800 525 мың теңгеге 13 түрлі қазіргі сұраныстағы дәрі-дәрмектер және тепловизор жеткізілді. Қазіргі таңда аурухананы оттегі баллондарымен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі толықтай шешіліп, ол жұмыстарға «Жетібаймұнайгаз», «Oil Service Company» мұнай компанияларымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер де күніне 20 оттегі баллондарын жеткізіп беру арқылы көмектесіп жатыр. Бұдан бөлек, жергілікті ауыл-шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкерлер ауруханада жатқан науқастарға және дәрігерлерге күнделікті сүт, шұбат және жаңа сойылған ет өнімдерін жеткізіп беруді қолға алып отыр. Сондай-ақ, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, аурухана қажеттілігін ескере отырып, қосымша орындарды жабдықтау, жөндеу жұмыстарына қажетті құрылыс материалдары жеткізілді. Серікқали Ыбыраевтың бастамасымен қазіргі таңда 2 500 бетперде Жетібай ауылының халқына аурухана мен дәріханалар арқылы тегін таратылуда.

Қайырымдылық - халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Осындай жомарт жандардың көпшілігі жасаған жақсылығын жария етіп жатпайды. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді»-деп жетібайлықтар індетпен күресуде жерлестеріне қолдан келген көмектерін көрсетуде. Осы орайда, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының басшысы Қалмырза Бүркітов, оның әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Бақтыгерей Дүсіпов те барынша көмек қолын созуда. Аталған азаматтардың екеуі де сол жердің тумасы, аудандық мәслихаттың депутаттары. Олар күнделікті Жетібайдағы провизорлық орталықтың, ондағы науқастардың жағдайын сырттай бақылап, дәрігерлермен тығыз байланыста, олардың мұқтаждықтарын өтеп отыр. Провизорлық орталықтағы 20 дәрігерді күнделікті 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етуде. Халықтың сұранысын ескеріп, 200 дана медициналық рентген пленкасын алып берді. Сақтық шараларын алуда Жетібай, Мұнайшы ауылдарына күнделікті 3 көлікпен дизенфекциялық жұмыстарын жүргізіп келеді. Тұрғындарға қажетті дәрі-дәрмекті тауып, жедел түрде жеткізіп беруде "7бай вирусқа қарсы" чаты және жетібайлық жастардың қамқорлық қоры да айтарлықтай белсенділік танытуда. Сауабы мол іске ат салысу әрбір адамның азаматтық парызы десек те, осылайша көптің көмегімен түйткілді мәселелердің түйіні шешіліп жатыр

Мұнайлы ауданының бір топ белсенді азаматтары мен кәсіпкерлері де коронавируспен күрес шараларына қол ұшын созуда. Басқұдық ауылының кәсіпкерлері біріге отырып, аудандық провизорды екі тонна жеміс-жидек, 15 литр шұбатпен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, екі кір жуу машинасын, бір бу, бір қол үтігін және екі үтік тақтайын аурухана мен провизорға табыстады. Сонымен қатар, кәсіпкерлер облысқа қарасты жедел-жәрдем көліктеріне дөңгелектер тарту етті. «ТұлпарМұнайСервис» ЖШС өндірісті қамтамасыз ету базасының бастығы, Мұнайлы аудандық мәслихатының депутаты Сәдуақас Битан ауруханаларының маңайында сенбілік өткізу бастамасын қолдаған бір топ жастар аулаларда тазалық жұмыстарын ұйымдастырды. Мұндай қайырымдылық эстафетасын енді ауданның өзге де ауылдары жалғастырмақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер