astana-view

Эльдар Жұмағазиев: дайындаушы кәсіпорындарға арналған мемлекеттік қолдау шараларын сақтауды сұраймыз

2020 жылғы 30 Шілде
6033 просмотров

«Алғашқы ҚҚС» мәселесін шешу үшін өнім дайындаушы ұйымдарға төленіп қойған ҚҚС сомасын субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау қарастырылған

Алайда биыл мемлекеттік қолдауды көрсетудің мерзімі аяқталады, бұл жайт өнім дайындаушы ұйымдарға ғана емес, сонымен қатар жеке үй шаруашылықтарына да кері әсерін тигізеді. Өнім дайындаушылардың мәселесін «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Жұмағазиев өзінің  facebook парақшасында көтерді.

 Аталған бағдарламаны іске асыру 2016 жылы бастау алды. Республикалық бюджеттің 2016 жылы  шығын динамикасы – 137,8 млн теңге, 2017 жылы – 474,3 млн теңге, 2018 жылы – 670,1 млн теңге, 2019 жылы – 809,6 млн теңгені құрады, 2020 жылы 1,0 млрд теңгеден астам сома қарастырылған. Көрсеткіштерді саралай келе, аталған қолдау шарасына сұраныстың жоғары болуын байқауға болады.

 «Қазіргі таңда заңнамада қосылған құн салығы субсидияланатын ауыл шаруашылық өнімнің 27 түрі бекітілген, олардың қатарында көкөністер, тірі мал, ет және жемістер, бұл өнім түрлері бойынша дайындау, сақтау, тасымалдау және сату іске асырылады. Бұдан бөлек, өнім дайындаушы кәсіпорындар өз қызметтеріне инвестициялар салған, сүт қабылдау пунктерін ашып, жеке инфрақұрылым желісін жолға қойған. Сүт өткізушілерді сиыр сауу, малды күту, қоректендіру және сауын малды баптауға оқыту арқылы сүт сапасын көптеген сипаттамалар бойынша (майлы құрам, микробиологиялық көрсеткіштер және т.б.) айтарлықтай жасқартуға мүмкндік берді», – деп бағдарлама тиімділігін атап өтті Эльдар Жұмағазиев.

 Сондай-ақ жаңа жұмыс орындары пайда болды. Көптеген дайындаушы ұйымдар сүт жинақтаушыларға сауу аппараттары түрінде тауар несиелерін беруде. «Атамекен» өкілі Қарағанды облысындағы «Ауыл сүті» ЖШС үлгісін мысалға келтірді, аталған кәсіпорын 400-ден астам үй шаруашылығын сауу аппараттарымен қамтамасыз еткен.

 «Тірі малды дайындайтын кәсіпорындарды жекелей атауға болады. Жамбыл облысындағы «Kaz Meat Kordai» ЖШС халықтан мал сатып алып, бордақылайды, содан кейін бабына келген етті Алматы қаласына жеткізеді. Мұндай мысалдар көп! Ұлттық палата өткен жылдан бері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне ҚҚС субсидиялары түрінде дайындаушы ұйымдарға мемлекеттік қолдау көрсету мерзімін ұзартуға қатысты ҚР заңнамасына өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы хат жолдауда. Осы жылдың маусым айында осы мәселе бойынша ҰКП алаңында министрлік және бизнес өкілдерінің қатысуымен кездесуі ұйымдастырылды»,– деп атап өтті Басқарма мүшесі.

Барлық дайындаушы ұйымдар жеткізушілер мен сатып алушылар алдындағы міндеттемелерге, қызметті дамыту үшін айналым қаражатының жетіспеушілігіне байланысты мемлекеттік қолдауды сақтаудың маңызын атап өтуде.

 Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы «Егістіктен – дүкен сөресіне дейін» пилоттық жобаның іске асырылуы туралы мәлімдеді, онда өнім дайындаушы кәсіпорындардың рөлі маңызды.

 «Ашық айтатын болсақ, аталған бағдарламаны дайындаушы ұйымдарсыз іске асыру мүмкін емес. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігінен, Үкіметтен дайындаушы ұйымдарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау мерзмін ұзартуға қатысты ҚР заңнамасына өзгерістерді қолдауды сұраймыз», – деп қорытындылады Эльдар Жұмағазиев.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер