astana-view

Белгілі қоғам қайраткері, кәсіпкер Әлия Бекқожиева өмірден өтті

2020 жылғы 18 Тамыз
6317 просмотров

58 жасқа қараған шағында «Өнерпаз» және «Рембыттехника» компанияларының бас директоры, «Атамекен» ҰКП Төралқасының мүшесі және Атырау облысы Өңірлік кеңесінің төрайымы Әлия Бекқожиева қайтыс болды

 Әлия Бекқожиева 1961 жылы туған. Жамбыл технологиялық институтын (1983 жыл) аяқтаған соң нормалаушыдан бастап, бірінші жетекшіге дейін еңбек жолын «Рембыттехника» кәсіпорыннан бастады. 1997 жылы  «Рембыттехника» ЖШС сенімді басқаруға «Өнерпаз» ААҚ-ты алды. Әлия Бекқожиеваның білікті басшылығымен кәсіпорын инвестициялық бағдарламаны сәтті іске асырып, қаржы-шаруашылық ахуалын қалпына келтіре алды. 2002 жылдың қыркүйек айында «Өнерпаз» ААҚ жекеменшікке өтіп, «Өнерпаз» ЖШС болып қайта құрылды.

Қазіргі таңда «Өнерпаз» ЖШС Атырау облысында  халыққа кешенді қызмет түрлерін көрсететін ірі тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарының бірі.

Әлия Бекқожиеваның Атырау облысының ғана емес, бүкіл республика экономикасының дамуына қосқан үлесі зор. 1997 жылы оның басшылығы және жетекшілігімен өңірде алғаш рет бизнес бірлестік – Кәсіпкерлер және жұмыс берушілердің одағы құрылды. Бірлестіктің жұмыс істеуі жылдары бизнес құқықтары мен мүддесін қорғаушы ұйым ретінде беделі артты.

 Кәсіпкерлердің өңірлік кеңесінің, Атырау облысы ӨКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, ҚР Кәсіпкерлер форумының мүшесі қызметінде отандық бизнестің мүддесін қорғап, ілгерілетіп келді. Әлия Байжанқызының  атқарған қызметі арқылы кәсіпкерлер үшін маңызды бірқатар мәселелер шешімін тапты.

 Әлия Бекқожиеваның еңбегі көптеген наградалар және сыйлықтармен белгіленді, соның ішінде «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі бар. Халықаралық наградалар қатарында – «Үздік адамдар» («Лучшие люди») үлкен халықаралық энциклопедияға енді, «Іскери тәжірибеде жоғары сапа үшін» алтын медалі (Женева), «Сала көшбасшысы» санатындағы Earthmaker наградасы (Мальта), «Беделді әйел кәсіпкер (Женева) атағымен халықаралық  ЕЭК БҰҰ сертификатымен марапатталған.

Кәсіпкерлік қызметпен қатар Әлия Байжанқызы көп жылдар бойы қоғамдық жұмыс және қайырымдылықпен белсенді айналысып келді. Облыстық маслихаттың депутаты, тұрақты комиссия төрайымы ретінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге үлкен үлес қосты. Өңірде демократиялық қоғамды дамыту, үкіметтік емес және қоғамдық бірлестіктерді шоғырландырумен айналысатын «Атырау облысының азаматтық альянсына» жетекшілік етті.

  Әріптес, адал дос, елдің қоғамдық өмірінде сөнбес сәуле қалдырған тұлға Әлия Байжанқызының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер