astana-view

Тапсырма берілді. Енді тек жұмыс істеу керек

2020 жылғы 08 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
4544 просмотров

Анар ДАРЖАНОВА, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры: 

— Биыл әлемді жайлаған пандемия өміріміздің барлық саласына өзгеріс әкелді. Қиындықтар туындады, кедергілер кездесті. Кәсіпкерлік саласы айтарлықтай зардап шекті. Кәсіп үшін алынған несиелер, өзге де кәсіпкер ретіндегі төлемдерді өтеу мәселесі көпшілікті тығырыққа тіреді. Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты шектеу шаралары да бизнес өкілдерінің толық қуаттылықта жұмыс жасауына кесірін тигізді.

Осы орайда барша кәсіпкерлер секілді мен де Жолдауды мұқият тыңдап шықтым. Және Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті қолдауға қатысты қабылдаған шешімдері мен Үкіметке берген тапсырмаларына тәнті болып отырмын.

Түсінгенім, ендігі жерде отандық өнім өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсетілмек. Ол үшін Үкімет пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына нақты механизм қалыптастыру жөнінде тапсырма берілді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы кәсіпкерлерге жұмыс жасауға кедергі келтіру өте ауыр қылмыс ретінде қаралатындығын да жеткізді. Ол үшін арнайы нормативтік құжат әзірленбек. Кәсіп иелері үшін ең үлкен әрі қуанышты жаңалық бұл. Мұнымен бірге, пандемияға байланысты наурыз айынан бастап зардап шеккен кәсіпкерлік саласындағы бизнес өкілдерінің қолданыстағы несиесі субсидияланатын болды. Бұл да оңды өзгеріс.

Ауыл шаруашылығы саласына көңіл бөлініп, шағын шаруашылықтарды кооперацияларға біріктіруді белсенді жүргізу керек деген ұсыныс та көңілден шықты. Сондай-ақ, алдағы уақытта агроөнеркәсіпті дамытуға арналған 5 жылдық мемлекеттік бағдарлама қабылданатындығы да қуантады.

Президент кәсіпкерлік саласын мемлекеттік қолдаудың арқасында 2025 жылға дейін жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 35 пайызға жетуі қажеттігін, осы бағытта жұмыс жасалу қажет екенін баса айтты.

Бағыт айқындалды, тапсырма берілді. Енді оны жүзеге асыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізу ғана керек. Бұл тұста, әрине, кәсіпкерлік палатасы бизнес өкілдерімен, өңірлік кеңес мүшелерімен бірге Жолдауды талқылап, түскен ұсыныстарды жергілікті атқарушы органдарға, орталық аппаратқа ұсынатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер