astana-view

Ақтөбеде Өңірлік кеңестің жаңа мүшелері бизнес мәселелерін шешуге кірісті

2020 жылғы 18 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
2606 просмотров

Бірқатар өзекті мәселе, оларды шешу бойынша ұсыныстар «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевпен өткен онлайн кездесу барысында айтылды. Өңірдегі бизнес-қауымдастықтың өкілдері ҰКП-ның атсалысуымен дағдарысқа қарсы қабылданған шаралар пандемияның бизнеске түсірген теріс әсерін жұмсарта түскенін айтты. Салықтық жеңілдіктер, жалға алу және несиелер бойынша төлемдерге шегерім берілді

 Бизнес тарапынан мәселелерді көтере отырып, Өңірлік кеңестің төрағасы, «Дастан» ЖШС құрылтайшысы Асхат Айтжанов жұмыс күшінің тапшылығы, кейбір салалаларда жұмысшылардың мүлде болмауына назар аударды. Кадр тапшылығы әсіресе құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында сезіледі.

 «Мәселен, тас өңдеушілер, қыш тақта шеберлері, матаушы, бордюр орнатушы жұмысшылар жоқтың қасы. Облыста ауыл шаруашылығында малшы, шопандар жетіспейді. Бұл жайт аталған салаларда кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіруде. Орын алған жағдайға байланысты, атап айтқанда осы салаларға шетелден еңбек күшін тарту тәртібін оңтайландырудың кезі келді деп санаймыз. Нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес түзетулер енгізу қажет. Осы салалардағы жұмыс көп жағдайда маусымдық сипатқа ие болғандықтан әрі бұл салада шағын бизнес екенін ескерсек, шағын бизнес Ережеге сәйкес жылына қажетті жұмыскерлер санын анықтай алмайды. Сондықтан төртінші категория бойынша өтінім беру мерзімін қайта қарау негізді екенін және осы салалар бойынша ең кемі 3 айға азайтуды қажет деп санаймыз», – деді Асхат Айтжанов.

Тағы бір өзекті мәселені Өңірлік кеңестің мүшесі, «Ремстройгрант» ЖШС директоры Арыстанбек Жұмабаев көтерді.

 «Өндіруші ретінде маған ЕАЭО елдеріне экспортталатын, алып тастау тізіміне жататын тауарларға СТ-1 сертификатын алудан кейін тауарға жөнелтпе құжаттарды рәсімдеу процедурасының кұрделілігіне қатысты өте өзекті мәселені көтеру маңызды болды. Егер осыған дейін тауарға жөнелтпе құжаттар Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде рәсімделіп келген болса, енді 2019 жылдың қазан айынан бастап экспорттаушылар рәсімдеу процедурасын іске асыру үшін салық төлеушінің тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына жүгінуге мәжбүр. Ұсыныс ретінде айтарым: аумақтық мемлекеттік кірістер департаменттерінде электронды шот-фактуралар мен тауар декларацияларын рәсімдеу үшін «бірыңғай терезе» құру керек. СТ-1 сертификатын рәсімдеу процедурасын оңтайландыруды қарастыру және аумақтық мемлекеттік кірістер департаменттерінде электронды шот-фактуралар мен тауар декларацияларын рәсімдеу үшін «бірыңғай терезе» құру үлгісі бойынша мемлекеттік кірістер органы белгісімен алу», – деп атап өтті кәсіпкер.

 Сондай-ақ, ақтөбелік кәсіпкерлер көп қабатты тұрғын үйлердің бірінші қабаттарындағы шағын кәсіпкерліктің кәсіпорындарын газдандыру және тұрғын жайды жеке тұлғадан заңды тұлғаға қайта рәсімдеу; «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде (өнмідердің жекелеген түрлері бойынша қазақстандық өндірушілердің болмауына байланысты) қазақстандық қамту үлесі бойынша мердігерлердің міндеттемелерді орындамауы, сондай-ақ сауда үйлер, базарлар, сауда орталықтардың демалыс күндерінде жұмыс істеуіне қатысты проблемалық мәселелерді айтты.

 Ақтөбе облысы кәсіпкерлерінің әр сұрағы бойынша түсіндірмелер мен егжей-тегжейлі жауаптар берілді. Кадр мәселесіне қатысты жағдайды ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева айтып өтті. Оның айтуынша, мәселе әлеуметтік сипатқа ие және «Атамекен» ҰКП жанындағы Құрылыс жөніндегі комитеттің соңғы жиналысында қаралған болатын. Спикердің пікірінше, бұл мәселеде дәйектерді негіздеу қажет.

 Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов қажет болса жұмыс күшін басқа өңірлерден келуін ұйымдастыруға дайын екендіктерін айтты.

 Ал рәсімдеуге қатысты мәселеге келер болсақ, бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов тауарды жөнелту құжаттарын рәсімдеуге қатысты пікір білдіріп, бұл бірегей құқыққолданудың практикасы деп атады. Спикер мұндай мәселені өзге өңірлерден бұрын-соңды естімегенін айтты.

 «Мемлекеттік кірістер комитеті басшылығымен байланысқа шығып, мұны қол режимінде шешуге тырысамыз. Тұтастай алғанда, бүгін қаржы министрінің орынбасары айтқандай, бұл жүйе бойынша қыркүйек айның соңына дейін осы екі база біріктіріледі, ары-бері шапқылаудың қажеті болмайды.  Ары қарай біздің ЕАЭО-ның басқа елдерінде әріптестерімізбен осы базаларды интеграциялау бойынша ғана жұмыс қалады», – деді Рустам Жүрсінов.

 Онлайн кездесу қортындысы бойынша «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Басқарма мүшелеріне салалық ведомстволармен бірлесіп, көтерілген мәселелерді қорытып, шешу барысын бақылауға алуды тапсырды.

 Кездесуден кейін ҰКП Төралқа Төрағасымен бірге Ақтөбе облысы кәсіпкерлерінің өңірлік кеңесімен ішкі отырысы өтті.

 Үшінші отырыстың күн тәртібінде бірқатар мәселе талқыланды. Жаңа құрамның бірінші кезектегі міндеті – басымдыққа ие бағыттар бойынша жұмыстың негізгі векторын анықтау. Осы мақсатта Өңірлік кеңестің салалық комитеттері жұмысын жаңарту немесе құру бойынша мәселе қаралды.

 Талқылау нәтижесінде 6 комитет, яғни өңір бойынша бизнестің түйткілді мәселелесін шешумен айналысатын жұмыс топтары  құрылды.

Атап айтқанда:

 -Өнеркәсіп комитеті

-Құрылыс және Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті

 -Агроөнеркәсіптік кешен комитеті

-Сауда комитеті

-Шағын және орта бизнесті дамыту комитеті

-Әлеуметтік сала және адами капиталды дамыту комитеті

Өңірлік кеңес мүшелері шағын және орта бизнес саласындағы қазіргі жағдайға ерекше назар аударды.  Сатып алулар; монполистердің негізсіз әрекеттері; құрылыс саласының мәселелері; бәсекеге қарсы әрекеттер; сұйытылған газ көлемін бөлуге қатысты кәсіпкерлік субъектілерінің түйткілді мәселелері бойынша құрылымды диалог жүргізілді.

 Бұл және басқа да сұрақтар Комитеттерде міндетті түрде қаралып, хаттамаларда көрініс табады.

 Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесі отырыстарының барлық хаттамалары «Атамекен» ӨКП сайтында жарияланады. Өңірлік кеңес барлық мәселелер бойынша Палатаның сарапышларымен үнемі байланыста.

 Өңірде бизнестің түйткілді мәселелеріне мониторинг жүргізу алдағы бір жарым айда жалғасатын болады. Бұл мәселелер 29 қазанда Үкіметтің қатысуымен өтетін «Атамекен» ҚР ҰКП-ның Съезінде егжей-тегжейлі  қаралады.

 Кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың барлық мәселелері бойынша «Атамекен» ӨКП көмегіне жүгінуді сұраймыз.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер