astana-view

Тимур Құлыбаев: «Астана» Халықаралық қаржы орталығының құралдары орта бизнес үшін тартымды болуы қажет

2020 жылғы 25 Қыркүйек
4374 просмотров

Жұмыс кездесуі және «Астана» Халықаралық қаржы орталығына бару шеңберінде «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевқа орталықтағы ынтымақтастыққа арналған бағыттар таныстырылды

 «Атамекен» ҰКП басшысына АХҚО соты және халықаралық арбитраж орталығының қызметі туралы ақпарат берілді. «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовтың айтуынша, іске қосылғанн бастап сот 6 коммерциялық дау бойынша шешім шығарды, ал медиация және арбитраж орталығы 229 процесті жүргізген.

 «Орталығымыз үш қызмет түрін: сот, арбитраж және медиация қызметін көрсетеді. Әдеттегідей, сот – қымбат әрі жария, арбитраж – жабық әрі арзандау жүргізіледі, медиация – барлық тараптар келісімге келе алатын нұсқа. Президент елімізде медиацияның болмауын айтқан болатын, алайда орталығымызда 100-ден астам жағдай қаралды. «Атамекен» біздің арбитражды назарда ұстағанын қалаймыз, бұл жерге инвесторлар мен ШОБ өкілдері келіп, келісімге келе алады», – деп атап өтті Қайрат Келімбетов.

«Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы қаржы орталығы кәсіпкерлер мен инвесторларға арбитраж және медиацияда көмек көрсетуге дайын екенін айтты.  

 «Атамекен» ҰКП Арбитраж орталығы өткен жылдың желтоқсан айында АХҚО Халықаралық арбитраж орталығымен меморандум қабылдады. Тараптар төрелік дауларды тиімді шешу үшін осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері арасындағы дауларды реттеудің соттан тыс нысандарын дамытуға бағытталған бірлескен іс-шаралар мен жобаларды жүзеге асыруға келісті.

 «Бұл жақсы ұсыныс, Ұлттық палата жанында да арбитраж орталығы жұмыс істейді. Біз АХҚО ағылшын құқығы, бизнес арасындағы дауларда арбитражды дамыту бойынша идеяны қолдап келдік, бұл практика ары қарай біздің соттарда таралар еді. Жоғарғы сот жетекшілігімен кездесіп, ынтымақтастық жолдарын талқылауды ұсынамын. Бұл мәселе әсіресе кадр біліктілігін арттыруда маңызды. », – деді Тимур Құлыбаев.

ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов қаржы орталығының құралдары қордан қарыз алу бөлігінде қаржыландыру көзі ретінде орта бизнес үшін тартымды бола алатынын атап өтті. «Атамекен» осы құралдарды өңірлерде ілгерілететін болады.

 Ынтымақтастық нишаларының бірі сауда биржаларының дамуы болмақ. АХҚО Азия даму банкімен келіссөздер жүргізіп, ары қарайғы жұмыстың бағыттарын анықтап алды.

 «Әзірге ауыл шаруашылығы, энергетика, металлургияны таңдадық. Ұлттық палата тауар биржалармен жұмыс істеуде үлкен тәжірибеге ие. Өз тарапымыздан биржалық тауарлар үшін де, туынды сегменттер үшін де айқын реттеуді құру, салық режимдерін қоса ынталандыру бағдарламасын әзірлеу және инвестицияларды тарту үшін инфрақұрылым бойынша кеңес беру мәселелерін пысықтай аламыз», – деді «АХҚО әкімшілігі» АҚ басқарушы директоры Нұрсұлтан Серікбай.

 2020 жылдың шілде айында AIX Қазақстан және Орта Азиядағы орта кәсіпкерлікті үлестік қаржыландыруға қол жетімді етуге бағытталған Акциялардың өңірлік нарығы сегментін (REMS) іске қосты. Акциялардың өңірлік нарығының сегменті орта бизнес пен олардың инвесторларының ерекшеліктерін жақсы ескереді, қазақстандық кәсіпорындардың капиталды тартуының экожүйесін дамытуға ықпал етеді, сондай-ақ серпінді әрі айтарлықтай тиімді нарық үшін шетелдік және өңірлік инвесторлар тарапынан қызығушылықтың өсуіне әсер етеді.

 Бизнесті қаржыландырудың қол жетімділігі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде «Атамекен» ҰКП мүмкіндіктері өңірлердегі мүдделі кәсіпорындар арасында АХҚО қор нарығының құралдарын ілгерілетуге бағытталуы мүмкін. Соның ішінде бағалы қағаздар шығару, АХҚО-да тіркеу процедурасы, әлеуетті эмитенттерге оңайлатылған ережелерді түсіндіру ерекшеліктері туралы ақпаратпен бизнестің үлкен ауқымын қамту.

Осы бағытта АХҚО және «Атамекен» ҰКП ынтымақтасуы  өңірлердегі орта кәсіпорындар үшін қаржыландыру әлеуетін арттыруға көмектеседі.

 Үлкен тартымдылық тудырған жекелеген бағыт АХҚО-да қаржы саласын құқықтық реттеу болмақ. Орталық қолға алған жекелеген ережелерді қолдану – кәсіпкерлік субъектілері арасындағы келісімшарттық қатынастар, қаржы құралдарын реттеуді, жалпы алғанда, бизнес жүргізу жағдайларын жақсартуға ықпал етеді.

 «Атамекен» ҰКП және АХҚО жуық арада Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығымен бірлесіп, ортақ жұмыстың ары қарайғы бағыттарын талқылауды жоспарлап қойған.

 Қыркүйектегі деректерге сәйкес AIX-тің ресми тізіміне 2 ETF және 5 ETN-ді қоса алғанда 45 түрлі эмитенттің 68 бағалы қағазының шығарылымы енді.

 АХҚО биржасының сауда мүшелігіне CITIC, CICC, Shenwan Hongyuan (КНР), Wood&Co Co (Чехия), SOVA Capital сынды әлемдік ірі брокерлерді қоса алғанда 18 қазақстандық және 8 халықаралық брокері мүше. АХҚО биржасының орталық депозитариінде инвесторлардың 92 мыңнан астам шоты ашылған.

 Анықтама үшін: «Астана» Халықаралық қаржы орталығында әлемнің 45 елінен ағымдағы әрі әлеуетті инвесторлар – 563 компания тіркелген. Ресми қызмет басталғаннан бері AIX-ке тартылған акционерлік капиталдың мөлшері 291 млн АҚШ долларын құрады, бұл соңғы үш жылдағы Қазақстандағы тартылған акционерлік капитал көлемінен 4 есе көп.

Еншілес ұйымдар

Серіктестер