astana-view

Қызылордада «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде өңдеу өнеркәсібі үшін айналым қаражатын 100 %-ға дейін ұлғайтуды сұрайды

2020 жылғы 15 Қазан
- Қызылорда облысы
3883 просмотров

Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес отырысында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы Жобалық кеңсенің жұмысын қарау барысында айтылды. Жобалық кеңсе жұмысын Кәсіпкерлер палатасы Жобаларды сүйемелдеу бөлімінің бастығы Мұрат Балабаев таныстырды.

Хабарламашының айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасының» жобалық кеңсесі өткен жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына берілген. Бағдарламаға қабылданған кезінен бері 6 рет толықтырулар енгізілген. Әр өзгеріс сайын бағдарлама жетілдіріліп, кәсіпкерлердің қызығушылығы арта түсуде екен. Бүгінде бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлерге несиені 15 пайызбен беретін болса, оның 9 пайызын мемлекет субсидиялайды. Кәсіпкерге берілетін ақырғы мөлшерлемесі 6 пайыз. Екі жыл бұрын 8 пайыз болатын. Несиелендіру мерзімі алғашқыда 7 жыл болса, қазір 10 жылға дейін созылды.

«Несиенің 50 пайызына дейін кепілдендіру енгізілді. Бұрын мұндай артықшылық болған емес. «Даму» қоры банктен алынған несиелерге ғана беріп келген болатын. Бағдарламаға Аграрлық-несие корпорациясы енгізілген кезде де кепілдендіру тетігі болған емес. Жақында бағдарламаға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» Қоры кепілдендіру мәселесімен енді. Осының арқасында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды кепілдендіру мүмкіндігі туды. Бүгінде «Қарапайым заттар экономикасында» несие мерзімінің үш кезеңіне дейін жеңілдік кезеңі бар. Айналым қаражатын толықтыру алғашында 30 пайыз еді, 50 пайызға дейін ұлғайтылды. Енді Ұлттық банкке бағдарлама аясындағы айналым қаражатын 100 пайызға дейін ұлғайтуды ұсынып жатырмыз», - дейді Мұрат Балабаев.

Палата маманы бағдарламаға алғашында 365 тауарлар мен қызметтерді ғана қаржыландыру жоспарланса, соңғы өзгерістерге сай бұл сан мыңнан асқандығын айтты. ОКЭД-тер саны 65 болса, қазір екі есе өсіп, 142-ге жеткен.

Өңірлік кеңес мүшелері отырыста несие алған кәсіпкерлердің кәсібі кедергісіз жұмыс жасауы үшін инфрақұрылымға қатысты мәселелерді шешуде мемлекеттің көмегі қажет екендігін, сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама аясында берілетін 6 пайыздық несиенің өзі өңдеу өнеркәсібімен айналысушылар үшін айтарлықтай салмақ салатынын, сол үшін екінші деңгейлі банктермен бірлесе тиімді шешім қабылдау қажеттігін айтты.

Айта кету керек, Қызылорда облысы бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қатысуға кәсіпкерлерден жалпы құны 14,7 млрд.теңгені құрайтын 164 жоба түсіп, оның ішінде 8,7 млрд.теңге сомасындағы  108 жоба мақұлданған, 14 жоба қаралуда. Қалған жобалар бойынша құжаттар жинақталуда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер