astana-view

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин: Тәртіп бұзушыларға қатаң шаралар қолданылады

2020 жылғы 26 Қазан
6032 просмотров

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысы өтті, деп хабарлады ҚР Үкіметінің сайты. 

Үкімет басшысы шектеу шараларының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету жөніндегі мониторингтік топтардың жұмыс тиімділігінің төмендігін, азаматтардың карантин режимін және бизнес субъектілерінің санитарлық талаптарды сақтауды қамтамасыз ету, байланыста болған адамдар мен науқастарды қадағалау жөніндегі жұмыстың нашарлығын атап өтті.

Асқар Мамин өңірлер әкімдіктеріне апта соңына дейін «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, санитарлық талаптардың сақталуы бойынша сауда-ойын сауық орталықтарының жұмысына мониторинг жүргізуді тапсырды. Бұл ретте белгіленген талаптарды бұзушыларға қатысты олардың жұмысын тоқтата тұруға дейінгі қатаң  шаралар қолданылатын болады. Отырыста жергілікті атқарушы органдар өз жұмысында ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулыларын басшылыққа алатыны атап өтілді.

Бұл ретте, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты өңірлердің бас санитарлық дәрігерлері қосымша шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдай алады.

Ведомствоаралық комиссия бірқатар шешім қабылдады: 

1. Мектептегі оқыту бойынша – екінші тоқсаннан бастап оқушылар саны 300 балаға дейін болатын қала және ауыл мектептерінің жұмысы дәстүрлі форматқа көшірілсін;  ата-аналардың өтініші бойынша 1 сыныптан 5 сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етіледі. Бұл жағдайда санитарлық-дезинфекциялық режимді, маска режимін, шахмат ретімен отырғызу және әлеуметтік ара қашықтықты сақтау міндетті. 
2.Театрлар мен мешіттердің жұмысы бойынша ағымдағы жылдың 2 қарашасынан бастап рұқсат етіледі:  30%-ға дейін толығумен, бірақ залда 100 адамнан асырмай, театрлардың жұмыс істеуіне (әлеуметтік ара қашықтықты, маска режимін, термометрияны, қатаң санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтаумен);   жұма намазын қоспағанда, мешіттерде ұжымдық намаз (бес намаз) өткізуге, бірақ залда 100 адамнан асырмай (2 м әлеуметтік ара қашықтықты, маска режимін, термометрияны, қатаң санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтаумен).


Еншілес ұйымдар

Серіктестер