astana-view

Ақтөбе облысында «Бастау» түлегі қаңылтыр бұйымдары өндірісін жолға қойды

2020 жылғы 13 Қараша
- Ақтөбе облысы
5331 просмотров

Шалқар ауданы тұрғындарының 9 жобасы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында грантқа үміткер болды

Қыркүйек айында жеңімпаздар аталды, соның ішінде жеке кәсіпкер Айгерім Оразбаева бар.

«Байқауға барлығы 12 өтінім түсті, оның ішінде тоғызы – «Бастау» жобасының түлектері, үшеуі – «Атамекен» ӨКП аудандық филиалында «Бизнес-мектеп» бойынша оқуға қатысқан кәсіпкерлер. Байқау нәтижесі жақсы болды. Қатысушыларымыздың бесеуі – жеңімпаздар қатарынан табылады», – деді «Атамекен» ӨКП аудандық филиалының директоры Бақытжан Анапин.

 Жобаларды сүйемелдеу жөніндегі кеңесші Бисенбей Садықовпен бірге директоры Айгерімнің кәсіп ашу бойынша жоспарын нақтылау үшін кездесу өткізді. Алғашқы грант – 240 500 теңгені Айгерім 2018 жылы «Бастау» жобасына қатысқан соң алды. Осы қаражатқа ол жолдасы Рыскелдімен отбасы ісін – қаңылтыр өнімдері өндірісін қолға алды. Тәжірибе жинақтап, палатаның аудандық филиалында кеңес алған соң өндірсті кеңейтіп, ассортиментті арттыру бойынша жоспар қойылды. Осы мақсатпен отбасы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша грант алуға өтінім берді.

 «Мен  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің физика-математикалық факультетінің түлегімін. Тұрмыс шығып, Шалқарға қоныс аудардым. Жолдасым – отбасында жалғыз бала – әкесі ерте қайтыс болған соң теміржол колледжіне түсті. Теміржол саласында кәсіпорын жабылмағанша жұмыс істеді. Алты баламыз бар, үш жыл бойы жолдасым жұмыс іздеумен болды. Рыскелді қаңылтырдан бұйымдар жасаудың шебері, ол өз әкесінен мұржа жасауды үйреніп алған, ақырындап тәжірибе жинақталды», – деді 33 жасар Айгерім.

 Көрші, таныстар есік алдына шелек, тегеш, қол жуғышқа, душ бактары, газ плиталарына арналған сорғыларды жөндеуге әкеледі. Мүмкіндігі шектеулі адамдар, егде тартқан адамдары бар отбасылар да көмекке жүгінеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап Рыскелді жуынатын үлкен шылапшын жасайды. Ауыл тұрғындарына сондай-ақ су қыздыратын құрылғылар, мұржалар, самаурын мұржалары керек.

Уақыт өте келе тапсырыс берушілер саны артып келеді. Рыскелді әкелінген өлшемдерге сәйкес бұйымдар әзірлейді, терезе жақтаулары, жауын суын жинақтайтын құбырларды жасайды.

 Айгерім жолдасын жұмысына кедергі жасамай, өз атына жеке кәсіпкерлікті ашып, «Бастау» жобасына қатысып, грант алуға өтінім беруді жоспарлады.  Идея іске асты. Алғашқы грант қаражаты арнайы жабдық: дрель, болгарка, қайшы алуға жетті. Тапсырыстар арта берді, оларды уақтылы орындау қиынға соқты. Ескіше жұмыстей тиімсіз болды, кәсіпті жаңа технологиялар қолдану өзекті. Арнайы орынжай керек, күзгі, қысқы күні ашық алаңда жұмыс істеу қиын.

 Жаңа орынжай ашу оймен жеке кәсіпкер жаңа байқауға қатысты.

 «Кешкі уақытта үйдегі проблемаларды айтып отырған сәтте Ақтөбеден қоңырау соғылып, байқауда жеңіске жеткеніміз туралы хабарланды. Қатты қуандық. Куйеуімнің еңбегі жанып, жұмысы жеңілдейтін болды. ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз, қол еңбегін барынша жеңілдету керек. Білдектің көбі Ресейде шығарылады екен, бірақ жеткізу машақаты көп. Интернетті қарап, арнайы білдекті Алматыдан алдырту оңай екен.  Егер қазір күніне екі мұржа дайындасақ, жабдықпен жұмыс екі есе тез жүргізіледі. Цех ашу арманымыз. Тапсырыс қана емес, жарнама жасап сатуды да жолға қояр ек. Грант қаражатын алған соң, өз ақшамызды қосып заманауи жабдықтың толық топтамасын аламыз», – деді Айгерім.

 Оразбаевтар ең жоғары сома 5 млн теңге алар еді, бірақ өз мүмкіндіктерін саралаған отбасы 2 млн теңгеге тапсырыс берді. Олар орынжайға жер телімін алу үшін әкімдікке өтінім жасамақ, өйткені өндірісті тоқтатуға болмайды.

Айгерім жастарды жеке кәсіп ашуға, алғашқы қадамдар жасалған соң мемлекеттік қолдауды алып, кәсіпкер болуға шақырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер