astana-view

Шаруалар жерді жалға алу мерзімі олардың қаржыландыру мүмкіндігін шектейтіндігіне шағымданады

2020 жылғы 27 Қараша
- Павлодар облысы
4431 просмотров

 «Атамекен» ӨКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес Железин ауданындағы кәсіпкерлердің мәселесін қарады, фермерлер 10 жыл мерзімге берілген жер телімдерін қаржы институттарына кепілзаттық қамтамасыз ету ретінде ұсына алмай отыр

ӨКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Мүбәрак Жақыпов Железин ауданының жер қатынастары бөлімі байқаулар мен аукциондар арқылы жер учаскелерін 10 жыл мерзімге беретіндігін айтты. Осы ретте Қазақстан Республикасының Жер кодексінде жер пайдалану құқығын берудің ең төменгі және ең жоғарғы мерзімдері: 5 жылдан 49 жылға дейін  белгіленген.

 «Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өндірушілер үшін қаржыландыру алуда жер телімі – өтімді кепілзаттың негізгі көздерінің бірі болып отыр. Алайда, көріп отырғанымыздай, Железин аудандық жер қатынастары бөлімі жерді пайдалану құқығын небәрі 10 жылға беру тәжірибесін енгізді. Осындай жағдайда ауыл шаруашылығын өндірушілер қаражат айналымын толықтыруға да, негізгі құралдарды алуға да қаржыландыру алу мүмкіндігінен қағылып отыр, өйткені несие серіктестігінің кепілзаттық саясатына сәйкес кепілзаттық қамтамасыз ету ретінде ұсынылып отырған жер телімінің жалға алу мерзімі несиелеу мерзімінен ең кемі 4 жылға артық болуы керек. Айта кету керек, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ірі қара малға несие мерзімі 12 жылды, ұсақ малға несие мерзімі – 10 жылды құрайды. Демек, мемлекеттік орган тарапынан аталған тәжірибе бизнестің дамуына әкімшілік кедергі жасау деп санаймыз», – деп атап өтті Мүбәрак Жақыпов.

 Палата сарапшыларының позициясын Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Нұрлан Нәбиев қолдады.

 «Заң жалға алу мерзімін 49 жылға дейін рұқсат етеді. Алайда сіздер 10 жылға ғана жалға бересіздер. Осындай шешім неге негізделген, неге дәл осы мерзім?», – деп сұрады Нұрлан Нәбиев.

 Өз кезегінде Железин ауданының жер қатынастары бөлімінің бастығы Наталья Тупицына ауданда фермерлер жерді алып, оны мақсатты қолданбаған жағдайлар болғанын айтты.

 «Жерді мақсатты қолдану – бұл бөлек мәселе. Ал шаруа заң бойынша жерді 49 жылға дейін жалға алып, оны банкке кепілдікке қоюға құқылы екені – бөлек. Жердің мақсатты қолдануын тексеретін өкілетті органдар бар», – деп атап өтті Нұрлан Нәбиев.

 Қадағалау органының өкілі «Атамекен» сарапшыларының пікірімен келісті.

 «Заңда жалға алу мерзімі 49 жыл. Мемлекеттік органға шаруаға  жерді ең жоғары мерзіммен беруге кедергі жоқ. Жер комиссиясы табиғи-климаттық жағдай, аймақтандыру, жер телімінің тозуын қарауы керек. Осы бағалау негізінде жерді беру мерзімін анықтауы керек», – деді Павлодар облысы Прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау жөніндегі үшінші бөлім бастығының орынбасары Әлибек Шөкеев.

 Кеңес мүшелері кәсіпкерлер құқықтарының тапталғанымен бірауыздан келісті.

 «Жер телімдерін жалға беру мерзімін шектеуге еш негіз жоқ. Шаруалардың құқығы шектелген, бұл жайт бизнестің дамуына кедергі. Бұдан бөлек, жер телімі қандай да бір себептермен қолданбауы туралы айту орынсыз. Бұдан бөлек, өтінім жасаған шаруа қожалығы несие серіктестігінің құрамына кіреді, онда ниеттес жауапкершілік қарастырылған. Осы ситуацияда Жер қатынастары тарапынан бизнеске кедергі келтіру орын алған. Кәсіпкерлерге кедергі келтірген өкілетті органды жауапкершілікке тарту шаралары қажет деп санаймыз», – деді «Атамекен» ӨКП директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Серік Әубәкіров.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер