astana-view

«Атамекен» тауарларға ілеспе шот-фактураны міндетті рәсімдеуді 2022 жылға ауыстыруды ұсынады

2021 жылғы 22 Қаңтар
9023 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тауарларға ілеспе шот-фактураларды  міндетті тіркеуді енгізуді 2022 жылға ауыстыруды қолдайды. «Атамекен» өз позициясын хат арқылы Үкіметке жолдады

 Ұлттық кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдерінен тауарларға ілеспе шот-фактураларды  рәсімдеу әдістемесі және Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінің пилоттық жобаны іске қосуға дайындығына қатысты наразылықтар келіп түсуде. Кәсіпкерлердің айтуынша, электронды шот-фактуралардың ақпараттық жүйесі дайын емес, техникалық және әдістемелік олқылықтар бар, жүйеге деректердің барлығы дерлік жүктеліп үлгермеген, бірақ бастысы – бизнес өкілдерінде тауарларға ілеспе шот-фактураларды рәсімдеу бойынша міндеттемелер туралы түсінік қалыптаспаған. Оған себеп Мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан түсіндірме жұмыстарының жеткіліксіздігі. Мемлекеттік кірістер комитетінің мессенжерлерінде және «Внедрение СНТ с КГД МФ РК» тelegram-каналында (7 700 қатысушы) бизнес субъектілерінен күн сайын мыңдаған сұрақ түсіп, көп жағдайда МКК тарапынан жауапсыз қалып отыр», – делінген хатта.

 «Ұлттық палата ДСҰ-дың алып тастау тізбесіне қосылған тауарларға ілеспе шот-фактураларды рәсімдеу бойынша міндеттемені асығыс енгізу – сауда кәсіпорындарының басым көпшілігіне, нарық және тұтастай алғанда ел экономикасы үшін айтарлықтай қатерлер тудырады деп санайды. Шағын кәсіпкерлік субъектілері (үй жанындағы дүкендер) тауарлардың тізімделген топтарын қайта сатумен айналысатын ішкі нарықтың негізгі қатысушылары екенін атап өткен жөн. Сәйкесінше, олар тауарларға ілеспе шот-фактураларды мереке, демалыс күндерін қоспағанда күнбе күн сатылған әр тауар бірлігіне рәсімдейтін болады», – делінген ресми хатта.

 Демек, кәсіпкерліктің осы субъектілері өздерінің қаржылай және әкімшілік шығындарын ұлғайтуы керек, атап айтқанда бухгалтерді жалдап, тиісті жабдық сатып алу қажет, сондай-ақ кәсіпкерлерде ілеспе шот-фактураны уақтылы рәсімдемегені үшін әкімшілік жауапқа тарту тәуекелі пайда болады.

 «Жоғарыда аталған дәйекетерге сүйене отырып, Ұлттық палата тауарлар үшін ілеспе шот-фактураларды міндетті тіркеуді енгізу күнін 2022 жылға ауыстыру мүмкіндігін қарастыруды сұрайды»,– делінген «Атамекен» ҰКП-ның 2021 жылғы 15 қаңтардағы ресми хатында.

 Еске салсақ, 2020 жылдың 31 желтоқсанында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті тауарларға ілеспе шот-фактураларды рәсімдеу бойынша пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлаған.

 Пилоттық жобаны іске асыру ҚР Қаржы министрінің 2020 жылғы 16 қарашадағы №1104 бұйрығымен регламенттелген.

Алайда Мемлекеттік кірістер комитеті ресми мессенжерлерінде «электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесін (ЭШФ АЖ) өндірістік пайдалануға беру бойынша жұмыстарға байланысты ілеспе шот-фактураларды  рәсімдеу 2021 жылғы 18 қаңтарға ауыстырылды деп хабарлады.

 Ережелерге сәйкес пилоттық жобаны келесі тауарлар бойынша іске асыру қарастырылған: 

  • Акцизделетін өнім бойынша, тауарлардың экспорт-импорты бойынша – 2021 жыл 1 наурызға дейін;
  • Электронды шот-фактуралар виртуалды қойма арқылы үзінді-көшірме беруге жататын тауарлар бойынша (386 тауар атылымы) – 2021 жыл 1 мамырға дейін;
  • ДСҰ алып тастау тізбесіндегі тауарлар бойынша (4017 тауар аталымы) – 2021 жыл 1 шілдеге дейін.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер